Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда соңғы екі аптада республика бойынша барлық өңірде сырқаттанушылықтың өсуі байқалған. Сырқаттанушылықтың өсуі 1,9 есені құрап отыр. Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық деңгейі 5,2 есе өсті. 1 шілдемен салыстырғанда елімізде инфекциялық және реанимациялық төсектік орынмен қамту 3 есе үдемелі түрде өскені байқалады, осыған байланысты елімізде төсек қоры 1,4 есе ұлғайтылған. Биылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектік орындармен қамту 53%-ды, реанимациялық төсектік орындармен қамту 43%-ды құрайды. Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында инфекциялық және реанимациялық төсектік орынмен қамтудың жоғары қарқыны байқалады.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі былтырғымен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Өткен жылы сырқаттанушылық тәулігіне 2 мың адамды құраған болса, биылғы шілде айында сырқаттану деңгейі 3 еседен астамды құрап отыр. Емделіп жатқан пациенттердің саны да 2 есеге артты», деді А.Цой.
Бүгінгі күні еліміз бойынша 90 мыңға жуық адам коронавируспен ауырып жатыр. Оның 25 мыңға жуығы – стационарларда, 65 мыңға жуығы амбулаториялық ем алуда. Сонымен қатар шілде айының басымен салыстырғанда ауыр жағдайдағы науқастардың саны 2,1 есе өсті, 1 мыңға жуық науқас өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Министрдің айтуынша, бірқатар өңірлерде инфекциялық және реанимациялық төсектік орын тапшылығы орын алуы мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және бірқатар облыстар бар.
«Бірқатар өңірлердің денсаулық сақтау жүйесі жоғары жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күні бірқатар өңірлердегі ковидтік стационарларда орын толық, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне, халыққа медициналық көмек уақтылы жетпеуіне және сырқаттанудың өсуіне, инфекцияның одан әрі таралуына алып келуі мүмкін», деп хабарлады А.Цой.
Қазақстан бойынша жалпы сырқаттанушылық пен өлімнің 65%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында тіркелген. Осыған байланысты 27 шілдеде Ведомствоаралық комиссияның шешімімен аталған өңірлерде 2 тамыздан бастап, карантин шаралары күшейтіледі.
Бүгінгі күні КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші дозасы әрбір екінші ересек қазақстандыққа егіледі. Вакцинаның 8,6 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-ші компонентімен 5 230 750 адам егілді, бұл вакцина алуға тиіс халықтың 52,8%-ын құрайды.
Екінші компонентпен 3 436 617 адам қамтылды. Егу пункттерінде шамамен 713 мың бірінші компонент және 1 млн 300 мың екінші компонент бар. Министр науқастардың 99,9%-ы вакциналанбағанын, бұл иммундаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін растайтынын атап өтті.
«Сондықтан әрбір қазақстандық вакциналау туралы саналы шешім қабылдай білуі керек. Әр азамат өзін, жақындарын сырқаттан қорғауға мүдделі болып, ұжымдық иммунитетті күшейтуге атсалысуы қажет. Коронавирустың тұрақты түрде бола беретін мутациясы кезінде бұл – қорғанудың жалғыз жолы», деді министр.
А.Цой бүгінгі күні вакциналау коронавирустық инфекциядан болатын ауыр ағым мен өлімді болдырмаудың жалғыз тиімді әдісі екенін тағы да еске салды.