Әлем • 01 Тамыз, 2021

Әлемдегі ахуал өршіп тұр

516 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат қатерлі індетті жоюға бір қадам жақын қалғанда вирустың жаңа түрлері шығып қайта әбігерге салып қойды. Вакцинаның барына қарамастан, әлем елдері COVID-19-дың жаңа толқынымен күресіп жатыр.

 

Әлемдегі ахуал өршіп тұр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәлі­меті бойынша, қазіргі уақыт­та індеттің дельта нұсқасы бү­кіл әлем бойынша 124 елде та­был­ған. Мамандар алдағы уақыт­та Үндістаннан табылған штамм дүниежүзінде вирустың басым түріне айналады деп болжап отыр. ДДҰ тіпті бірнеше апта ішінде 200 миллионнан астам адам жұқтыруы мүмкін деп болжады. Инфекция жұқтырғандар саны, әсіресе, Еуропа мен Батыс Тынық мұхиты аймағында кө­бе­йіп барады. Батыс елдері қай­тыс болғандар саны азайған соң, қауіпсіздік шараларын же­ңіл­детіп жатыр. Алайда вак­ци­наларға қол жеткізе алмайтын немесе халықты вакциналауды баяу енгізіп жатқан мемлекеттер қауіптің алдында тұр дейді денсаулық сақтау өкілдері.

 

Еуропа: мінберден айтылмаған міндетті вакциналау

Еуропа алғашында халықты жаппай вакциналау деңгейі тө­мен елдер қатарында болып, кейін тынымсыз жұмыстың нә­ти­жесінде бұл жөніндегі көр­сет­кішті көтеріп, үздіктердің қа­тарына қосылды. Вакцина алған еуропалықтар саны артқан сайын, мейрамханалар мен барлар қайта ашылып, тұрғындар жұмыс пен демалыс орындарына бара бастады. Осылайша өмір қалыпты жағдайға оралатындай. Дегенмен қауіпті вирус ешқайда жоғалып кетпеді. Соңғы уақытта дельта штамы тіркелгенннен кейін вирус жұқ­тыр­ғандар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Осыған орай, денсаулық сақтау өкілдері мен үкіметтер бірден қауіпсіздік ша­раларын ойластыруға кірісті.

Демалыс күндері Герма­ния­ның бірқатар жоғары лауа­зым­ды саясаткері канцлер Ан­ге­ла Меркельдің вакцинаны міндеттемейміз деген пікіріне қарамастан, екпе алмағандарға шектеулер енгізіп, тіпті міндетті вакциналау идеясын алға тартты. Мұндай қадам Германияны Франциямен қатар қояр еді. Себебі француз үкіметі меди­цина қызметкерлерін екпе алуға міндеттеп жатыр. Бұл қа­дам демократиялық қоғам ұста­ным­дарына қайшы келеді деген мыңдаған адам француз үкі­метіне қарсы наразылық біл­діріп үлгерді. Сондай-ақ вакцина алғысы келгендер саны да күрт өскен. Германияда да осы шараны енгізгісі келгендер Макронның тәжірибесін қолданып, екпені міндетті етуіне болады.

Ұлыбритания премьер-ми­нистрі Джонсон да осындай пікір білдірді. «Егер бұл індеттің та­ралуын тоқтатса, міндетті вак­ци­налау шешімін кез келген уақытта енгізу шешімін өзімізге қалдырамыз», деді ол. Ал әзірге жабық қоғамдық орындарға тек вакцина алғандарды кіргізу бо­йынша да ұсыныс жасал­ға­нымен, соңғы шешім әлі шыққан жоқ. Чехия үкіметі жұма күні COVID-19-ға қарсы вакцина алған мемлекеттік қызмет­ші­лер­ге екі күндік ақылы демалыс бе­рі­­летінін мәлімдеді.

Еуропаның Италия, Испания, Бельгия секілді елдері де ха­лық­қа міндетті түрде вакцина алыңдар деп айтпағанымен, түрлі қауіпсіздік шаралары ар­қы­лы екпесіз тұрғындардың өмі­рін қиындатып жатыр. Оған сәйкес музей, кино, театр, концерт, мейрамхана секілді қо­ғам­дық орындарға тек вакцина алған азаматтар ғана бара алады. Осылайша Батыс әле­мі міндетті вакциналауды мін­бер­ден айтпай-ақ орындап жат­қанғ­а ұқсайды.

 

Америка: вакциналау қарқыны төмендеді

АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі бас сарапшысы елдің пандемияға байланысты бағыты дұрыс емес деген пікір білдірді. Доктор Энтони Фауки дельта штамы вакциналау дең­гейі төмен аудандарда өршіп кетті дейді. Сол себепті АҚШ қайта қауіпсіздік шараларын кү­шейтуді ойластыра бастады.

АҚШ вакциналау көрсет­кіш­те­рі төмендей баста­ған сәуірге дейін екпе алу бойынша әлемдегі көшбасшы болып келді. Алайда елде вакцина алу деңгейі қайта төмендеген, әсіресе, оңтүстік штаттарда тұрғындардың жартысынан азы алғашқы дозасын ғана алған. АҚШ билігі қазір вакцина алғандар санын арттыру мәселесін қарастырып жатыр.

Оңтүстік Америка елдерінің індетпен күрес шаралары көптің көңілінен шықпай келе жатқаны белгілі. Мексика пандемияның үшінші толқынымен бетпе-бет келді. Вирус жұқтырғандар саны күніне 15 мыңнан асып, жыл басындағы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Билік дельта нұсқасының одан әрі тарап кетуінен қорқып отыр. Себебі ел астанасы Мехикодағы науқастардың шамамен 60 па­йызы осы штаммды жұқтырған. Мексикада зардап шеккендердің көпшілігі – жас және вакцина алмаған адамдар. Елдегі 18 жас­тан асқан әрбір төртінші адам ғана толық екпе алған екен.

Індет қаупіне қарамастан, Мексика көшелерінде халық бұрынғы қалыпты күйде жүр. Олардың көпшілігі өмір сүру үшін күн сайын азық-түлік сатып жүр немесе басқа бейресми жұмыстарда істеуге мәжбүр. Сол себепті үкімет қауіптің жоғары екеніне қарамастан, шектеу шараларын қайта күшейте алмай, кәсіпкерлікті тоқтатуға бармай отыр.

Мексикада WhatsApp-та тара­ған жалған сөз бен қа­уе­сет­ке сеніп, вакцина алудан бас тартқан елді мекендер де бар. Олар «Вакцина екі жылдан кейін адамдарды өлтіреді, бұл халықтың санын азайту үшін үкіметтің жасап отырған қастандығы» немесе «Вакцина – шайтанның белгісі екен» деген алыпқашпа сөзге сеніп қалған.

Ал Бразилияда жеті күнде коронавирустан қайтыс бол­ғандардың орташа саны қаңтар айынан бері қайтадан 1000 адамнан асты. Джонс Хопкинс Университетінің мә­лі­меті бойынша, дағдарыс бас­талғаннан бері бұл елде 19,8 миллионнан астам COVID-19 жұқтырып, оның 555 400-ден астамы қайтыс болған. Бразилия президенті Болсонаро басынан бастап індеттің қауіпті екеніне толық сенбей, қауіпсіздік шараларына атүсті қараған. Сол үшін де халық оны қатаң сынға алып, дағдарыспен күресіне төмен баға берді. Тіпті оған жем­қорлыққа араласты деп айып таққан.

 

Аустралия: халық наразы

Пандемия басталғалы ең қауіпсіз аймақтардың бірі болып келген Аустралия қазір қатаң шараларды енгізді. Осыған дейін шекарасын шетелдіктер үшін тарс жапқан Аустралияның індетпен күрестегі жетістіктері көпке үлгі болған еді. Алайда вирустың дельта штамы елде тұрақсыздық туғызды. Ел үкі­меті қатаң шаралар енгізуге мәж­бүр болды, ал халық оған наразы.

Аустралия саясаткерлері індет өршіп тұрғанда шектеулер­ге қарсы наразылыққа шық­қан халықты айыптап отыр. Сенбіде мыңдаған адам каран­тинді тоқтатуды талап етіп, Сиднейде шеруге шықты, ал Мельбурн мен Брисбенде шағын демонстрациялар өтті.

Сиднейдегі наразылық ак­ция­­­­сына қатысқан кем деген­де 57 адамға айып тағылып, 500-ден астам адамға айыппұл са­лын­ған.

 

Азия: індет өршіп тұр

Жапонияда да жағдай мәз емес. Олимпия ойындары өтіп жатқан елде COVID-19 жұқ­тыр­ғандардың күнделікті жалпы саны сенбіде 12 мыңнан асты. Бұл – төртінші күн қатарынан ең жоғарғы көрсеткіш. Мұның өзі Токиода өтіп жатқан Олим­пиаданың қаупі туралы алаң­дау­шылық тудырды. Елдегі кейбір аймақтарда төтенше жағ­дай енгізіліп, қатаң шаралар қолға алынған. Ел үкіметі халықты вакциналаудың баяу жүріп жатқаны үшін сынға қалған. Үкіметтің соңғы мәлі­ме­тіне сәйкес, жұма күнгі жағдай бойынша халықтың 28,3 пайызы COVID-19-ға қарсы толық егілген, ал 39 пайызы вак­ци­на­ның бір компонентін алған.

Ал Ресейде сенбіде індет жұқтырған 23 807 адам тіркелді, оның ішінде Мәскеуде 3 514 адам жұқтырған. Осылайша елде 6 265 873 адам індетке шал­дық­қан. Қытай шенеуніктері жақында Шығыс Қытайдың Нанкин қаласында COVID-19 інде­тінің өршуін Ресейден келген рейспен байланыстырып отыр.

Жоғарыда келтірілген деректер індет басылмай, оның жаңа түрлері пайда болып, тіпті өршіп бара жатқанын көрсетеді. Пандемиямен күрестің жақын арада аяқталар түрі көрінбейді.