Бар тілеуіміз – осы үш қазақ балуаны да биік мінберге шықса екен деп едік, әттең ондай тарихи сәт бұйырмады. Негізі үшеуінің де жүлде алатын мүмкіндігі бар еді. 60 кило салмақта белдескен біздің Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының күміс (2017) және қола жүлдегері (2019), Өзбекстан атынан күрескен Елмұрат Тасмұратов – Рио Олимпиадасының қола медаліне ие болған, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері және Азияның бес дүркін жеңімпазы атанған балуан.
Ал миллиардтың арасынан жұлқынып шыққан Қытайдың үздігі Уәлихан Серік (Сайликке) әлем чемпионатының қола жүлдегері. Уәлихан Серікке әлі де жүлде алуға мүмкіндік бар. Ол екінші айналымда жапон балуанымен күресіп, төрешілер болмашы ұпаймен жеңісті жапондыққа беріп жіберді. Ал өз кезегінде жапон балуаны финалға шықса, Уәлихан қола медаль үшін таласқа түседі.
Пандемияға байланысты бізге спортшылармен сөйлесуге болмайды. Тіпті өзге елдің спортшыларына да сұрақ қоя алмайсың. Соған қарамастан белдесуден кейін жүгіріп жүріп Уәлиханға сұрақ қойып үлгердік. «Уағалейкүмассалам, қуаныштымын аға. Аға, мен жеңілген жоқпын, барлығын өздеріңіз көрдіңіздер ғой», деді балуан спортшылар жайғасатын жерге бара жатып.