Медицина • 04 Тамыз, 2021

Астанада ауруы асқынған адам көп

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қанша күннен бері барлық тұсы тұтас «қызарып» тұрған Қазақстанның эпидемиялық ахуалынан кеше шамалы болсын бір оң өзгеріс байқалды. 4 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің оңтүстік өңірінің өңі өзгеріп, Түркістан облысы «жасыл аймаққа» өтті. Енді осы «жасыл» басқа өңірлерімізге де жұғысты болса екен деген тілектеміз. Өйткені күн түгілі бірнеше ай бойы «қызылдың» құрсауынан шыға алмай жатқан өңірлеріміз бар. Айталық, елордамыздың «қызуы» көтеріліп тұрғанына бес ай болды.

Астанада ауруы асқынған адам көп

Бүгінде эпидемиялық жағдайы тым күрделеніп кеткен астана «қы­зылдан» да асып түсіп, «қою қызыл аймаққа» өтіп кеткен болатын. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, «қою қызыл аймақта» 18 шілде мен 2 тамыз аралығында Қазақстанның бес қаласы тұрған еді. Қауіп-қатер деңгейінің өте жоғары көрсеткіші – 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден аса инфекциялық төсектік орынның толуы. Бұл ретте кешеден бері инфекциялық стационарлардың жүктемесі 69%-ды құрап, елорда қайтадан «қызыл аймаққа» өтті.

«Биылғы маусымның екінші онкүндігінен бастап «Дельта» аса контагиозды штамының таралуымен астанада эпидемиялық жағдай күрт нашарлады және маусым-шілде айларында жыл басынан бергі барлық сырқаттанушылықтың 55%-ы тіркелді. Шілде айында ауру­шаңдық деңгейі мамыр айын­дағы көрсеткіштен 2,4 есе, маусым айында 2,3 есе асып түсті», деді С.Бейсенова.

4 тамыздағы деректі келтірсек, Нұр-Сұлтан қаласында 2 738 адам инфекциялық стационарда ем қа­былдауда. Соның ішінде 263 адам жансақтау бөлімінде өмір мен өлімнің арасында жатыр. Өздігінен демалуға әлі жоқ 38 адам ӨЖЖ аппаратына жалғанған. Жалпы, жансақтау бөліміндегі төсектік орын жүктемесі 83 пайызды құрап отыр. Осыған қарап-ақ бұл індеттің адам өміріне орасан қауіп-қатер төндіріп тұрғанын түсінуге болады. Бірақ қанша қайғылы жағдайды көріп-біліп отырса да, қоғамда бейқамдық әлі де басым болып тұр. Астанадағы инфекциялық стационардың бірінде жұмыс іс­тейтін жұқпалы аурулар дәрігері Гүлбақыт Адижанова жағдайы ауыр науқастардың көпшілігі екпе алмағанын, санитарлық талаптарды елемей, салтанатты іс-шараларға қатысқанын айтады.

«Бізде бір ерлі-зайыптылар болды. Тексеру жүргізген кезде олар жақында ғана адам көп жиналған мерейтойға барғанын мойындады. Көздеріне жас алып, ешқайда шықпағанымыз дұрыс болар еді деп өкінішін білдірді. Өйткені ол кезде күйеуінің жағдайы тым нашар еді. Денсаулықпен ойнамау керек екенін тағы да еске салғым келеді. Егер сіз санитарлық нормаларды сақтамасаңыз және екпе алмасаңыз, онда «маған ауру жұқпайды» деп еркін жүре беруге болмайды», дейді дәрігер.

Бір апта бұрын қалада Сызды­қовтар отбасы қайғылы оқиғаға душар болып, отағасынан айырылды. Коронавирустың кесірінен ер адамның тыныс алуы қиындап, өкпесі ісініп, жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Артында қалған жанұясы бұл ауруға дер кезінде назар аудармағанына өкінеді.

«Бәрі кенеттен болды. Алдымен анам ауырып қалды, содан кейін марқұм әкем. Оның денсаулығы екі күн ішінде күрт нашарлап кетті. Екеуі бірден КВИ ауруханасы­на жат­қы­зыл­ды. Бұрын еш жері ауыр­­маған, яғни денсаулығында кінәрат болмаған еді. Әлі күнге дейін әкеміздің өмірін осы вирус жал­­мағанына сене алар емеспіз. Біз онымен қоштасып, жаназасын да дұрыстап шығара алмадық. Бұл инфекция болғандықтан, оны мәйіт­ханадан бірден зиратқа алып кетті. Мұндай қайғыны ешкімнің де басына бермесін», дейді марқұмның қызы Гүлжан Сыздықова.

Сондықтан өкініп, опық жеп қал­мауымыз үшін талап пен тәртіпке бағынып, қажетті шаралардың бәрін жасауымыз керек. Дәрігерлер тек ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана пандемияны жеңуге болатынын ұдайы айтып келеді. Яғни індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина салдыру.