Ел президенті Эмомали Рахмонның тікелей тапсырмасымен қағылған дабылға себеп жоқ емес. Көршілес Ауғанстандағы жағдай күннен-күнге шиеленісіп барады. Қазірдің өзінде «Талибан» қозғалысы елдің 85 пайызын басып алған. Тәжік-ауған шекарасының ұзындығы 1400 шақырым болса, бүгінде оның 900 шақырымын талибандар өз бақылауында ұстап отыр.
22 шілде күні таңғы сағат төртте берілген дабылға тәжік билігі тыңғылықты дайындалғандай. Гарнизондар мен казармаларға бейнекамералар орнатылып, БАҚ өкілдері де жаппай тартылған. Әскери бөлімдерден сап түзеп шыққан тәжік әскерлерінің униформасы жаңа екенін байқауға болады. Әскердің артиллериядан бастап, авиацияға дейінгі түрін түгел қамтыған дабыл барысында сарбаздардың бастапқы маршруты белгілі болғанымен, соңғы нүктесі белгісіз күйінде қалды.
Халықаралық Global Firepower компаниясының осы жылдың басында түзген рейтингтеріне сүйенсек, тәжік армиясы күш-қуаты жөнінен тізімдегі 138 елдің арасында 99-орында тұр. Рейтингтегі ашық дереккөздерге сүйенсек, тәжік әскерінің сапында бүгінде 20 тікұшақ, 253 танк, 400 бронетранспортер, 80 гаубица мен 125 ракеталық проектор бар. Теңізге шығар жол болмағандықтан, республикада әскери-теңіз күштері құрылмаған. Global Firepower жазуынша, Душанбе өткен жылы әскери бюджетке 79 млн доллар қаржы бөлген.
Аталған әлемдік тізімде Қазақстан 62-орында тұр. Халықаралық рейтингке сүйенсек һәм сенсек, Орталық Азиядағы ең әскері мықты мемлекет бүгінде Өзбекстан көрінеді. 51-орынға жайғасқан көрші елдің жылдық әскери шығыны өткен жылы 5 млрд долларға жеткен. 50 мың тұрақты әскерді ұстау үшін.
Тамыз айында Ауғанстанмен шекаралас Термез қаласының маңында ресейлік әскерилермен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізгелі жатқан Өзбекстан дайындықты қазірден бастап кеткендей. 27 шілде күні Ресейдің Самара облысына қарасты Рощинский полигонында БТР-82А маркалы бронетранспортермен сулы кедергілерді бағындыру бойынша жаттығу өткізген әскерилер, 1-10 тамыз аралығында өтетін жаттығуға қызу дайындалу үстінде.
Өзбекстанның Сурхандария облысында өтетін әскери жаттығуға екі елдің 1500 әскері мен 200-ге жуық авиация күші қатысуы мүмкін. «Термез» полигонында өтуге тиіс жаттығудың басты маңызы – оның Ауғанстанмен шекаралас жатуында. Әрине, мұның астарында «Талибан» қозғалысына бағытталған әскери сұстың жатқаны анық. Қырғызстанның «Кант» әуе базасынан ұшып шығып, әуеден қолдау көрсететін ресейлік Су-25СМ турбреактивті жойғыш ұшақтарының да жаттығуға тартылуы осыған дәлел секілді.
Одан бөлек Қазақстанда өткен айда Тәжікстанға қарулы көмек беру туралы шешім қабылданды. Осы күндері аталған көмек Тәжікстанның оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында «Рохати» темір жол бекетіне жеткізілуі керек. Жеткізілген әскери көмек тек ауған-тәжік шекарасын қорғауға жұмсалуға тиіс. Бұл Қазақстанның тәжік елінің тыныштығы үшін берген алғашқы көмегі емес.
Бұған дейін адам шығыны орын алған жағдай да болған. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, 1993-1999 жылдар аралығында еліміздің ішкі әскерінің 2 мыңнан астам сарбазы тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысқан. Тау шатқалдарының бірінде болған қарулы қақтығыста 17 отандасымыз қаза тауып, 33-і ауыр жараланған. Қазақ жауынгерлерінің ерлігі еленіп, 2007 жылы Душанбеде арнайы монумент орнатылған. Бұл ескерткішті біз де көрдік. Тыныштық сақшыларының жатжұрттағы мүлгіген парктегі тасқа қашалған есімдері адамға өзгеше әсер етеді.
5-10 тамыз аралығында Тәжікстанның Хатлон облысындағы «Харб-Майдон» полигонында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан әскерилерінің бірлескен тағы бір оқу-жаттығу жиыны өтуге тиіс. Радиациялық, химия-биологиялық қорғаныс әскерилерінен бөлек, 201-ші ресейлік әскери базаның Душанбе мен Бохтарда (2018 жылға дейінгі атауы – Қорғантөбе) орналасқан артиллериялық күші жұмылдырылған жаттығуға, негізінен, Ресейдің таулы мотоатқыштар және танк бөлімшелері қатысады.
Тәжік-ауған шекарасынан 20 шақырым ғана қашықтықта орналасқан тәжікстандық әскери полигонда шекараны заңсыз кесіп өтетін қарулы топтармен шайқас тәсілдері пысықталады. 1500-ге жуық әскер мен 300-ге тарта техника қатысатын аталған жаттығу жиынының Ауғанстанмен шекара түбінде өтуіне «Талибан» қозғалысының қалай жауап беретіні де күн тәртібінде тұр.
Қазір Ауғанстанның 85 пайызға жуығын жаулап алды деп мәлімделген қозғалыс өкілдері – Мәскеуге келген сапарларында Орталық Азия елдерінің шекаралары мен елдегі шетелдік өкілдіктерге тиіспеуге уәде берген. Ауғанстандағы этностық азшылықтардың мәселелеріне тең қарап, әйелдердің де құқығын ауғандық дәстүр мен исламның қағидаттарына орай қарастырамыз деген «Талибан» қозғалысына Қазақстанда Жоғарғы соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне орай тыйым салынған.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Орталық Азия бойынша шолушы