Әлем • 05 Тамыз, 2021

12 жастан асқандарға вакцина алуға рұқсат

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германия 12 жастан асқан барлық бала мен жасөспірімге коронавирусқа қарсы вакциналауды ұсына бастады. Бұл туралы денсаулық сақтау саласының өкілдері хабарлады.

12 жастан асқандарға вакцина алуға рұқсат

Елдің денсаулық сақтау ми­нистрі Йенс Спан Германия­ның жергілікті мамандарымен кездесуден кейін: «Біз өз уәдемізді орындаймыз: вакцина алғысы келетіндердің барлығы жазда алуына болады – бізде барлық жастағы топтар үшін вакцина жеткілікті», деді.

Жастарды вакциналау жөнін­де­гі үкіметтің шешімі Еуро­па­лық дәрі-дәрмек агенттігі Pfizer-BioNTech шығарған вакцина 12-15 жас аралығындағы балаларға қауіпсіз деген ұсыныс айт­қан соң екі ай өткенде қабыл­данып отыр. Өткен аптада ЕО дәрі-дәр­мектерді реттеуші ұйы­мы сол жас тобына Moderna вакцинасын салуға да рұқсат етті. Алайда осы уақытқа дейін елдің вакциналау жөніндегі тұрақты комитеті Stiko жасөспірімдердің екпе алуына қатысты тек созылмалы ауруы бар 12-16 жас аралығындағы топқа екпе егуді ұсынған. Комитет вакцинаның жас балаларға ұзақ мерзімде қалай әсер ететіні туралы зерттеу әлі де жеткіліксіз деп мәлімдей келіп, қосымша ақпарат пайда болғанда ұсынысты жаңартып отыратынын айтқан.

Жазғы демалыстан кейін бү­кіл ел бойынша мектептер қай­та ашыла бастағанда вакци­на алмаған балалардың тез таралатын «Дельта» нұсқасына осалдығын алға тартқан мамандар 12 жастан асқандарға екпе алу туралы айта бастады. Саясаткерлер күзде мектептердің қайта жабылуына жол бермеу үшін жас балаларды COVID-19-ға қарсы тез иммундау қажеттілігін қолдайды.