Аймақтар • 06 Тамыз, 2021

Қарағандылықтар да қолұшын созды

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың маң даласы қылтанақ қалмай қурап кеткенде, абдырап қалған ағайынға алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған Қарағанды облысының белсенді азаматтары болды. Жазда болған жаға ұстатар жағдайды жүрекпен сезінген олар қазақтың «Жылу» дәстүрін жаңғыртып, маңызы зор іске мұрындық бола білді.

Қарағандылықтар да қолұшын созды

Қарағанды өңірі тарапынан болған көмекті ұйымдастыру ісінің басында облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы бастаған дін өкілдерінің жүргенін айта кеткен жөн. Маңғыстауда мал қырылып жатқанда, бұған бейжай қарамаған жамағат арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жұрттан қаражат жинады.

– Жұмыла кіріскеннің арқа­сында біз Маңғыстау облысының Шетпе және Бейнеу аудандарына әрбіріне 1500 тюктен тиелген жүк көліктерін жөнелттік, – дейді бас имам.

Жалпы алғанда, дін өкілдері­нің үндеуіне шын пейіл таныт­қан жамағат аз ғана күннің ішін­де 2,7 млн теңге жинап, оны шөп сатып алуға жаратқан еді. Мұндай қайырымды іске құл­­шына кіріскендердің бірі қо­ғам бел­сендісі Марат Түсіпов болды. Ол өзінің туған жері Шет ауданындағы жерлестеріне үндеу тастап, оларды игі іске жұмыл­дыра білді. Соның нәтижесінде қайырымды жандар төрт вагонды көк шөпке толтырып, Маңғыстау облысына жіберді.

Арқа төсінен дер кезінде жеткен мал азығын қабылдап алған маңғыстаулықтар алғыстарын бейнебайланыс арқылы жеткізді.

Иә, Маңғыстау өлкесіне вагон-вагон болып жеткен шөптің негізі еркекшөп пен жоңышқадан тұрған еді. Мұндай мал азығы шаруашылықта өте құнарлы саналады. Осы орайда шөптің осындай түрлерін жинауға облыстық «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері мектебінің басшылығы кеңес бергенін айта кеткен жөн.

Маңғыстауға көмек беру ісінің басы-қасында жүрген бел­сенді азамат, Қарағанды об­лыс­тық «Ру­хани жаңғыру» жо­ба­лық кеңсесінің басшысы Айт­бай Жұмағұл жамағат жиған қара­жат­қа сатып алынған шөптің кезек­ті партиясы жөнелтілгенін мә­лім­­деп, осы шаруаға атсалыс­қан қа­йы­рымды жандарға алғыс білдірді.

Қарағанды облысынан жөнел­тіл­ген шөп Маңғыс­таудың шо­йын жолдан алыс, ең шеткі Бозащы түбе­гін­дегі Тұщықұдық, Шебір, Қызан, Ақшымырау ауыл­дарына жеткізіліпті. Мал азығы әр ауылға 120 п­рес­тен келіп, көмекке мұқтаж отбасыларға таратылған.

Арқа өңірінің азаматтары Маң­ғыстау облысына көмектің алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады.

 

Қарағанды облысы