«Анықтамасыз келген Қазақстан Республикасының 6 азаматынан алынған коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-тест зерттеуі теріс нәтиже көрсетті. Ал былтырғы 6 қазаннан бері Атырау облысына 56 996 адам, оның ішінде 8 577 жаяу жүргінші, 48 419 жүргізуші келді. Облыс аумағына кіруге анықтамасыз келген 355 шетел азаматына тыйым салынды. Сондай-ақ Қазақстанның 4 757 азаматына ПТР-тестілеу жүргізілді. Оның ішінде 54 азаматтан (49 жүргізуші, 5 жолаушы) COVID-19-дың белгісі табылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Карантиндік шектеу шараларының күшейтілуіне байланысты Атырау қаласы мен аудандар әкімдерінің өкімімен 64 мобильді топ құрылған. Қазір мобильді топтар карантиндік шектеу шараларының сақталуына мониторинг жүргізіп келеді. Мобильді топтар құрамында полицияның, «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы мен әкімдіктердің өкілдері бар. Мәселен, биылғы 1 қаңтар мен 29 шілде аралығында 10 976 рейд өткізіліп, 44 777 нысан тексерілді. Мобильді топтардан құқық бұзушылыққа қатысты 620 материал түсті. Карантин талабын елемеген шағын және орта бизнес нысандарына, жеке тұлғаларға Құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігімен 423 айыппұл салыныпты.
Дегенмен айыппұлға айылын жимайтындар той өткізуді тоқтатар емес. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінер болсақ, Исатай ауданында 7 мобильді топ мүшелері әртүрлі іс-шара, той түріндегі басқосу өткізген 15 дерек тіркеліпті. Нақтысын айтқанда, «Лото клуб» кеңсесі мен 14 тұрғын үйде той-думан өткізілген. Ал Қызылқоға ауданында 6 іс-шара мен 4 той өткені анықталды. Атырау қаласына таяу орналасқан Дамбы ауылдық округінде 1 тамызда сағат 19.00 шамасында «Адина» мейрамханасында өтіп жатқан үйлену тойы тоқтатылды.
Тіпті бірнеше рет айыппұл төлеген караоке-бардың күзетшісі мониторинг тобының мүшесіне қол көтерді. Мұнайлы шаһардағы емхананың екі медбикесі жалған вакцина паспортын жасаумен айналысып келген. Жарға жығар жалған іске бел буған медбикелер полиция департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлерінің бірлескен жедел іс-шарасы кезінде ұсталды. Қу құлқын үшін араны ашылған медбикелер вакцинаның әр компонентіне 50 мың теңге, екі компонент үшін 100 мың теңгені банктік есепшотына аудартып отырған. Ақшасын аударған тұрғындар емханаға келіп, вакцина салдырмаса да вакцина паспортын алып жүрген. Медбикенің бірі жалған ақпаратты жүйеге енгізіп, екіншісі вакцина сұйықтығын құйтырқы әрекетпен пациентке екпегені анықталды.
Атырау облысы