Аталған мекеменің ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлы берген мәліметке жүгінсек, археологиялық қазба жұмысы барысында табылған құмыраның биіктігі – 40, ені – 25 см шамасында, ішінде белдеуінен жоғары деңгейде толтырылған майға ұқсас қоңыр түсті сұйықтық сақталған.
«Мұндай бұйым бұған дейін еш жерден табылмаған. Бұл жәдігер орта ғасырға тән артефакты. Сондай-ақ Қазақстан және Орталық Азия республикаларының археологиялық тарихы үшін тың жаңалық. Екінші жағынан еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі қала мәдениетінің үлгісі» дейді мамандар.
Құмыра табылған нысан – Бытығай кесенесі жайлы айтар болсақ, бұл ескерткіш ресейлік саяхатшылар Ф.Скибин және М.Трошиннің белгілеуімен, 1694 жылы империялық картаға сызбасы алынып, оған «ХІ-ХІІ ғасырларға тән сәулет ескерткіші» деген анықтама берілген. Расында бұл кесене еліміздегі ортағасырлық жалғыз жәдігер.
Одан кейін топограф Иван Шангин 1816 жылы осы кесенеге зерттеу жұмысын жүргізсе, ХІХ ғасырдың басында орыс офицері Карл Миллердің тапсырмасы бойынша географ маман Петр Рычков нысанның толық нобайын қағазға түсірген. Одан соң 1830 жылы инженер Шахматов нысанға кезекті зерттеу жүргізіп, ұзындығын, биіктігін, қабырғасының қалыңдығын бірін қалдырмай жазып-сызып хатқа түсіріп, бұл жұмысын 1841 жылы жарыққа шығарған.
Ал Кеңес Одағы тұсында академик Әлкей Марғұлан 1973 жылы арнайы археологиялық топ құрып, нысанға кешенді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, жәдігерге «еліміздегі сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгісі» деген баға беріліп, бұл нысан көшпелі қазақ ордасына тән мұра екені нақтыланған.
Одан кейін, әсіресе тәуелсіздік жылдары Мәдениет саясаты және өнертану ғылыми-зерттеу институтының сектор меңгерушісі Марат Сенбі мен архитектор Жалаледин Шәйкен мырзалар қазба жұмыстарын жүргізіп, шеберхана, кірпіш күйдіретін пеш, сырлы бояу әзірлейтін астау, т.б. дүниелер тапқан болатын.
Бұл жолғы барлау кезінде жоғарыдағы құмырадан басқа, шеберхана орнынан тас үгітуге арналған үш үлкен диірмен, кірпішпен қаланған науаның орны, глазурленген кірпіш қалдықтары, қоладан жасалған бұйымдар, т.б. табылып отыр.
– Бұл жобаның мерзімі үш жыл. Қазба барысында әлі де көптеген құнды жәдігер табылуы мүмкін. Әсіресе, дәл қазір құмыра ішіндегі сұйықтың құрамын анықтау өте қажет, – дейді археологтер.