Аймақтар • 13 Тамыз, 2021

Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда

619 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында биылғы жылыту маусымына қапысыз дайындалу мен оны үздіксіз өткізу үшін бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырылған екен. Соның ішінде 3,3 млрд теңге жылумен қамту нысандарын жөндеуге, 10,4 млрд теңге қажетті отын сатып алуға бөлініп отыр.

Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда

Мәлім болған деректер бойынша, жылыту маусымын сапалы өткізу үшін  35 орталық қазандық, 58,2 км жылу желісі, 13,5 мың км электр желісі, 3 101 бірлік трансформаторлық қосалқы станса дайындалуда.  Бюджеттік сала нысандары үшін 26,2 млн литр дизель отынын сатып алуға бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі кезде бюджеттік мекемелер үшін отын жеткізу жұмыстары басталды. Ал энергия өндіруші мекемелер үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут дайындау жоспарланған. 

Сол сияқты тұтынушы халықты көмірдің қажетті көлемімен уақтылы қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте көмірдің қажеттілігі – 1,37 млн тонна шамасында. Бүгінде  тұрғындарға 202,5 мың тонна көмір сатылса,  94,1 мың тонна көмір қоймаларда сақтаулы тұр. Жергілікті әкімдіктер тұрғындарға көмірді ерте кезден сатып алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.  Сонымен қатар облыста қазандықтарды газға ауыс­тыру, блокты-модульді қазандықтар орнату жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.