Аймақтар • 20 Тамыз, 2021

Маңғыстауға мал азығын жөнелтті

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісуда қысқы мал азығын дайындау ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 2321,6 мың тонна шөп немесе жоспардың 82,4 пайызы жиналған. Яғни 331 мың тонна сабан, 419,6 мың тонна пішендеме, 212,6 мың тонна мал жемі, жалпы көлемі 3,2 млн тонна мал азығы дайындалды.

Маңғыстауға мал азығын жөнелтті

Бұл жұмыстарға құрамында 1 600 адамы бар 295 шөп жинайтын бригада жұмылдырылды. Сол сияқты 1 576 шөп шабатын машина, 1 401 пішен жинағыш техника жұмыс істеуде. Облыстағы ерекше қорғалатын табиғи және мемлекеттік орман қоры аумақтарының 15,3 мың га жерін шөп шабуға, 959 мың га жерін жайылым үшін шаруашылықтар мен тұрғындар пайдаланып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде мал азығы жетіспеушілігі орын алмайды деп сеніммен айтуға болады. Ал жемшөп да­йындау ісі жалғасуда. Ал биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972 мың гектарды құрап отыр. Қазіргі кезде 216,2 мың га масақты дақылдар жиналды, 361,5 мың тонна астық бастырылды, астықтың орташа шығымы – 16,7 ц/га шамасында.

Айтпақшы, бүгінге дейін Алматы облысының белсенділері Маңғыстау облысына 40 вагоннан астам шөп жөнелтіпті. Шөптен бөлек бір вагон жемді және жіберген екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс белсенділерінің күшімен жиналған жемшөпті, «Қазақстан темір жолы» компаниясы тасып, жеткізіп берген. Бұған «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мұрындық болыпты. Корпорация тарапынан 32 вагон шөп пен бір вагон мал жемі жинақталып жіберілген. Сонымен қатар Панфилов ауданының белсенділері де қосымша 10 вагон шөп жөнелтті.