Аймақтар • 20 Тамыз, 2021

Аshyq жобасы тәртіп бұзғандарды анықтады

186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстың санитар дәрігерлерінен тұратын мониторингтік топ Аshyq жобасы енгізілгелі осы бағдарламаны пайдалана отырып, 2 607 нысанды тексерген. Соның ішінде жұмыс алгоритмін бұзған 438 нысан анықталды.

Аshyq жобасы тәртіп бұзғандарды анықтады

QR-кодты сканерлеу кезінде облыс бойынша «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 794 келуші анықталып, оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар 389, «сары» мәртебесі бар 413 адам жауапкершілікке тартылған. Соның нәтижесінде, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Жамбыл, Іле, Кербұлақ аудандарында, Қапшағай және Талдықорған қалаларында індетке қарсы күрес тәртібін бұзған тұрғындар мен нысандарға 700 080 теңге сомасына 16 әкімшілік жаза қолданылған екен. Ал Алматы облысы бойынша Аshyq 4760 нысан қосылып, өз қызметін жүзеге асырып отыр.

Айтпақшы, соңғы тәулік аралығында аймақта 477 адамнан коронавирус анықталды. Бір күн ішінде індет жұқтырудың мұндай жоғары көрсеткіші жыл басынан тіркелмеген екен.

– Анықталған 477 жағдайдың 68-і 14 жасқа дейінгі балалар арасынан шығып отыр. Оқушылар арасында 40 және студенттер арасында 4 жағдай анықталды. Облыс өңірлері арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша Талдықорған қаласы мен Іле ауданындағы жағдай күрделі болып отыр, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің өкілдері.