Әдебиет • 20 Тамыз, 2021

Ат-лау аман ба?

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сөздердің тууы, өмір сүруі, өлуі – өзінше бір цикл. Әр дәуірдің өз сөзі, сол заманның сыны мен сипатын ашатын, сана ағыны мен көңіл күйін беретін сөздер болады. Белгілі бір сөздер өз кезеңімен бірге пайда болып, сол кезеңмен бірге құмға сіңгендей, құрдымға кеткендей жоғалып жатады. Жаңа идеялар, жаңа технологиялар жаңа ұғымдарды тудырады.

Ат-лау аман ба?

Әр сөзден соны тудырған дәуірдің үні естіліп тұра­тындай. Әр сөз өз дәуірінің таңбасына айналатындай.

1879 жылы Петерборда жарық көрген «Киргизы. Исторический очерк и народный характер» деген кітапта сол замандағы қазақтың амандасу, есендік сұрасуы да жазылады. Сонда ерекше бір сөзге ұшырастық. Ол – лау (көлік) сөзі. Әрине, бұл сөз өткен ғасырларда (ХІХ, ХХ) қолданыста болды, көркем әдебиетке енді. Мысалы, «Абай жолында» «Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текіректейміз» деп қолданады Мұхтар Әуезов. Бірақ бізді қызықтырғаны лау сөзінің қос сөздің құрамына еніп, амандық сұрасуда қолданылуы еді. Жоғарыдағы тарихи очеркте қазақтардың «Мал-жан аман ба?», «Бала-шаға аман ба?», «Ат-лау аман ба?» деп хал-жағдай сұрасатыны жазылады. Біз бұл сөзді қазір «Ат-көлік аман ба?» деген формада қолданып жүрміз («Ат-көлік аман ба? Қайдан жүрсің?» (Сәбит Мұқанов «Ботагөз»).

Ал лау, ат-лау сөздерінің Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарымен бірге алысқа ұзап кеткенін аңғарамыз.