Оқиға • 24 Тамыз, 2021

Елордада жас жігіт дәріхананы тонады

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада 26 жастағы жігіт дәріхана сатушысының тамағына пышақ тақап қорқытып, кассадағы ақшаны алып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада жас жігіт дәріхананы тонады

Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз өкілдері мәлімдеді.

Сағат 22:30-да 102 нөміріне қарақшылық шабуыл жөнінде хабарлама келіп түскен. Телефон шалған әйел Б.Момышұлы даңғылындағы дәріханада белгісіз біреудің пышақпен қорқытып, кассадан 30 мың теңгені тартып алғанын айтты. Күдіктіні ұстауға полицияның жеке құрамы жұмылдырылды.

«Тергеу барысында кешкі сағат онның шамасында дәріханаға маска тағып алған белгісіз ер адамның кіріп, дәрі сұрағаны анықталды. 23 жастағы фармацевт сөреден дәрі алуға бара жатқанында, ер адам артынан жүгіріп келіп, тамағына пышақ тақап, кассадағы ақшаны беруін талап еткен. Ақшаны қолға алған соң, қашып кеткен», делінген хабарламада.

Жедел қызметкерлер дәріхана жақтан жүгіріп өткен жігіт көзіне іліккен куәгерлерді тапты. Бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің жасырынған тұсы анықталды. Полицейлер барлық жатақхана, хостел, автосервис және өзге орындарды тексерді. Компьютер клубының бірін тексеру кезінде күдіктіге ұқсас 26 жастағы жігіт ұсталды. Одан пышақ пен ақша табылған. Ер адам кінәсін мойындады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. 23-29 тамыз күндері аралығында елорда аумағында «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Шараның бір күнінде елорда аумағында 25 қылмыс ашылды, соның ішінде 18-і сол күні ашылған.

Сондай-ақ бұрын жасалған 12 қылмыс ашылды, іздеуде болған 4 қылмыскер ұсталды. Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған 480 тұлға тексерілген.