«Орталыққа шағым айта келген әйелдердің әрқайсысының мінезі де әртүрлі болып келеді. Олардың арасында мінезі салмақты, жуас, көнгіш жандар да, ержүрек, өз ойын ашық айта алатын тік мінезділер де кездеседі. Олардың қатарында аз қамтылған, көпбалалы, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалардың асыраушылары, әлеуметтік жағдайы орташа немесе ауқатты отбасының мүшелері де бар.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болмас үшін өзіңді төмен ұста, кішіпейіл, кешірімді бол», деп жататындар аз емес, бірақ мұндай жағымсыз жағдайға әрқайсымыз тап болуымыз мүмкін екенін тәжірибе көрсетіп отыр», дейді «Жан-Сая» дағдарыс орталығының маманы Айжан Шакенова.
2017 жылдан бергі аралықта бұл орталық мамандарынан қолдау сұрап келетін жандар легінде толас жоқ. Олар мамандар кеңесіне жүгіне отырып, агрессорлық қысымнан арашалаудың жолын іздейді. Айжан Шакенованың айтуынша, жайлы мінез, тұрмыстың жақсы әрі төмендігі отбасылық зорлық-зомбылықтан сақтануға кепіл бола алмайды.
«Олай болса, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болмас үшін не істеу керек?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сауалға жауап бермес бұрын оның пайда болу себептеріне барынша үңілгеніміз жөн.
«Зорлық-зомбылықты істеу кімнің таңдауы? Бұл жерде қандай жағдай орын алса да, өзгенің денсаулығына зақым келтіріп, ар-ожданын таптау заң тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да ойға қонымсыз. Сонымен, агрессордың зұлымдық жасауына жәбірленушінің іс-әрекеті түрткі болды дегенмен, түпкілікті себебі онымен байланысты емес. Яғни зорлық-зомбылықтың тамыры тереңде жатыр. Неліктен агрессор қатыгездікке жол береді? Біздің тәжірибемізде ең көп кездесетін екі себеп бар. Бірінде ішімдік пен нашақорлыққа құмарлық агрессияның рационалды емес жолмен сыртқа шығуын туындатса, екінші жағдайда агрессордың кішкентай кезінен отбасындағы зорлық-зомбылықтың куәгері немесе тіпті жәбірленуші болғаны анықталады. Мұнда зорлық-зомбылықтың айқын көрініс табуы міндетті емес. Ол ата-ана, не өзге отбасы мүшелерінің арасындағы келеңсіз қарым-қатынас арқылы да бейнеленуі мүмкін. Бірлік-берекесі жоқ, бір-бірін құрметтеп, сыйламайтын отбасында болашақ агрессордың тәрбиелену ықтималдылығы өте жоғары. Орталықта аналарымен бірге тұратын балалардың көзге ерсі көрінетін кейбір мінез-құлықтары мен әрекеттері агрессор болып саналатын өзге отбасы мүшелерінен проекцияланғаны байқалады. Мұндай балалар бейсаналы түрде агрессияны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Әлбетте, психологпен жұмыс барысында бұл көзқарас өзгеріп, балаларда жанашырлық пайда болады», деп атап өтті Айжан Шакенова.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық нақты бір отбасының ғана емес, бүтіндей қоғам дертіне айналып барады. Орталық мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін бұл мәселеге көз жұмып қараудан арылу қажеттігін алға тартады. Осы орайда Айжан Шакенова: «Көп жағдайда агрессорлар өздерінің қиянат келтіріп жатқандарын, әрекеттері бұрыс екенін жеткілікті деңгейде ұғынбайды. Ал егер қоғамда зорлық-зомбылыққа деген төзімсіздік қалыптасса, егер біздер жәбірленушіге «сен өзің кінәлісің» немесе «ұят болады, шыда» деуді доғарып, агрессорлардың іс-әрекетін, қатыгездігін, өзін-өзі ұстай алмауын сынға алатын болсақ, адамдар өзгелерге қиянат келтірерде мың толғанар еді», дейді. Сол себепті де «Жан-Сая» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қайта криминалдауды қолдайды.
Агрессор зұлым әрекеттері үшін жауапты болатынын білгенде ғана өз мінез-құлқын бақылап, күш көрсетуін тыя бастайды. Қоғам болып балаларымызға өзгелерді кемсітіп, оларға күш көрсету дұрыс еместігін түсіндіруіміз керек. Мемлекет тарапынан көмекке үміттенуге болатынын, жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда жағымсыз қабылданатынын жетік түсінетін ұрпақты өсіріп, зорлық-зомбылықсыз қоғамды қалыптастыру маңызды. Сондай-ақ балаларға жас кезінен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратуды үйреткен жөн. Өкінішке қарай, кейбіріміз осының бәрін айтып түсіндіргеннен бұрын баланы қатыгез қарым-қатынасқа шыдауға үйретіп аламыз. Сол себепті де, бой жетіп, ер жеткен балалар кейде тұлғаның агрессияға бейімділігін немесе өзінің жәбірленуші болуға бейімділігін ертерек анықтай алмай қалады. Негізінен, әлеуетті агрессорды әрекеттеріне қарап алдын ала тануға болады. Ол туралы ғаламтор кеңістігінде де, әлеуметтік желілерде де ақпарат көп. Ең бастысы, біреумен қарым-қатынаста өзіңізді үнемі кінәлі сезінсеңіз және мазасыздық, ашу, ұялу сезімдерін бастан өткерсеңіз, онда қарым-қатынасты жалғастыру-жалғастырмау қажеттігі туралы ойланғаныңыз жөн.
Қорыта келгенде, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю үшін қоғамдағы оған деген төзімсіздікті қалыптастырып, заңнама тұрғысынан зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік пен жазаны қатаңдатқан абзал. Осындай кәсіби кеңестерімен бөліскен орталық маманы Айжан Шакенова жас ұрпақтың дұрыс қарым-қатынас жасаудағы және психологиялық сауаттылық біліміне жеткілікті деңгейде көңіл бөлу тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болмауда қаперде ұстайтын басты талап екенін айтады.
АЛМАТЫ