Батыс Қазақстанда 480 га жер өртеніп жатыр
«Тамыз айының басынан бері Батыс Қазақстан облысында ауа температурасының +41°қа дейін жоғарылауы байқалады. Осыған байланысты облыс аумағында өрт жиілеп кетті. Өрт сөндірушілер Ақжайық, Бәйтерек және Теректі аудандарында тілсіз жаумен арпалысуда. Өрттің ауданы шамамен 480 га құрайды, оның 90 га орман алқабы болса, 390 га құрғақ шөп», - деп жазылған БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД бөлімшелерінің, «Өрт сөндіруші» АҚ, «Қазавиақұтқару» АҚ, кенттік округтер мен шаруа қожалықтарының ерікті өрт сөндіру құрылымдары және Ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекцияның күштері мен құралдары қатысты.
Өртті әуеден сөндіру үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Өрт ошақтарына 198 текше метр су құйылды.
Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептері, материалдық шығын анықталып жатыр.
22 тамыз күні осы аймақта 280 тонна пішен өртеніп кеткен еді.
Зерендіде орман өрті 7 га аумақты шарпыды
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 тамызда «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының Грибновское орман шаруашылығы аумағында орман өртенген, оны сөндіруге 154 адам мен өрт десанты бар тікұшақ қатысқан.
Орман өртін жоюға 20 техника, 1 тікұшақ және жеке құрамның 142 адамы, оның ішінде Ақмола облысы ТЖД-ның 5 техникасы және 51 адамы, 6 техника және орман мекемелерінің 54 қызметкері, «Қазавиаорманқорғау» АҚ-ның 1 тікұшағы, жергілікті атқарушы органдардың 7 техникасы мен 33 адамы және өртке қарсы құрылымдардың 2 техникасы мен 4 қызметкері тартылды», делінген хабарламада.
«Өртті сөндіру оңайға соқпады, себебі қатты жел мен ағаштардың басы өртенуі кедергі келтірді. Алайда, жедел іс-қимылдар және күштер мен құралдардың уақтылы жұмылдырылуының арқасында өрт сағат 18.50-де оқшауланды, қазіргі уақытта орман ішін барлау жүргізілуде. Орманның 7 гектарын өрт шарпыған», делінген хабарламада.
Мамандар «өртеп жіберді» деген болжам жасап отыр. Өрт болған жерде Зеренді аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жұмыс істейді.
Шымкенттегі этноауылдан өрт шықты
«26 тамызда түнгі сағат 00.49-да «101» басқару пультіне Әл-Фараби ауданындағы Сапақ Датқа көшесі бойында орналасқан «Шымқала» этноауыл аумағында өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен.
Этноауылда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан. Өрт сөндіру бөлімдері шақыртуға 7 минутта келген. Оқиға орнында этоноауыл аумағында орналасқан көлемі 80 шаршы метр бастырма және көлемі 8 шаршы метр қораның қамыс төбесі жанғандығын анықтады», делінген хабарламада.
Өрт сағат 01:10-да оқшауланып, сағат 01:19-да толығымен сөндірілді. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Өртті сөндіруге Шымкент қалалық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 25 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылды.
Қарағанды облысында 3 мың гектар жер өртеніп кетті
Қарағанды облысындағы Ақбастау ауылында жайылымдық жер, шабындық, шауып қойған шөп өртеніп кетті. Қызыл жалыннан зардап шеккен адамдар жоқ.
Степногорде көпқабатты үйден өрт шықты
Степногор қалалық өрт сөндіру бөліміне 9-шы шағын аудандағы 46-үйде пәтердің өртенгені туралы хабар түскен.
«Өрт алтыншы қабаттағы бір бөлмелі пәтерден шықты. Өрттен көрші пәтерлердің есіктері зақымдалды, өрт аумағы 30 шаршы метрді шарпыды», деп түсіндірді Степногор қаласының ТЖБ бастығының міндетін атқарушы Арман Шаяхметов.
Автосатының көмегімен бес адам құтқарылды, баспалдақ маршы бойынша 15 адам, оның ішінде бір бала эвакуацияланды.
Талдықорғанда зауыт өртеніп, үш адам зардап шекті
Талдықорғандағы автомобиль шиналарын өңдеу зауытында өрт шығып, цехтың үш қызметкері зардап шекті. Екі адамның жағдайы орташа, біреуі ауыр. Олардың барлығы Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнына облыстық ТЖД-дан 24 қызметкер мен 9 техника жіберілді.
«Жарылыстың болжамды себебі балқыту кезінде пайда болған жанғыш заттардың сыйымдылығының жұмыс аймағында бу жиналуының технологиялық процесс бұзылғанынан болуы мүмкін», деп толықтырды баспасөз қызметі.
Жамбыл облысында 37 тонна шөп өртеніп кетті
Меркі ауданы, Меркі ауылы, Низами көшесі 41 «А», жеке тұрғын үйдің ауласында 1700 түк шөп өртеніп, жалын 70 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өртті сөндіруге 7 қызметкер, 2 техника жұмылдырылған. Жалпы, 37 тонна шөп өртеніп кеткен.
Шығыс Қазақстанда дала өрті басылмай тұр
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт сөндірушілер Көкпекті және Аягөз аудандарында шөпті шарпыған тілсіз жаумен күресіп жатыр. Оларға жергілікті атқарушы орган өкілдері мен орманшылар көмектесуде.
«Көкпекті ауданындағы «Ключи» учаскесінде қызыл жалынның жалпы ауданы 45 гектарды, Аягөз ауданындағы Қара Божыр учаскесінде 25 гектарды және Үмбетай учаскесінде 10 гектарды құраған. Оқиға орнында барлығы 88 өрт сөндіруші, жергілікті атқарушы органның 92 қызметкері, 10 орманшы және 27 техника жұмылдырылған», деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жыл басынан бері облыста 950 өрт тіркеліп, 582 жер үйді жалын шарпыған. Тілсіз жаудан 33 адам мерт болып, иіс тиген 56 адам ауруханаға жеткізілді.
Көп жағдайда өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану (249 оқиға), пеш пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау (160), электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзу (81) себеп болған.
Сонымен қатар Семейде шөп тасыған жүк көлігінің өртеніп кеткені туралы дерек тіркелді.
Алматы тауларының баурайында отшашудан өрт шықты
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 21 тамыз күні Алмарасан шатқалында экопосттан жоғары тау баурайында өрт шықты.
«Оқиға орнына дереу Алматы ТЖД табиғи өрттерді сөндіру жөніндегі жиынтық жасақ, сондай-ақ Іле-Алатау ұлттық паркінің МҰТП қызметкерлері жіберілді. Өрттің таралуына жол бермеу үшін Іле-Алатау МҰТП орманшылары тез арада жанып жатқан өлі ағаштарды қазып алды», деп хабарлады ведомстводан.
Өрт бір сағаттан аз уақыт ішінде жойылды. Жалынды алауыздықтауға Іле-Алатау ұлттық паркінің МҰТП 24 қызметкері, 4 бірлік техника, ТЖД жеке құрамының 25 адамы мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.
Куәгерлердің айтуынша, өрттің алдын-ала себебі оқиға орнынан тез жоғалып кеткен демалушылар тобының отшашу шашқаны болуы мүмкін.
«Өрт шыққан жерден бірнеше шақырым жерде отшашудың шашылғаны байқалды. ҚР ӘҚБтК-нің 367-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 35 жастағы ер адам 100 АЕК (291 мың 700 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп түсіндірді қалалық ТЖД-де.
Сондай-ақ, Алматыда, Таразда көпқабатты тұрғын үй, Қапшағайда қараусыз қалған үйден, Атырауда да тұрғын үйден, Жамбыл облысында ҚМДБ филиалынан өрт шықты.