Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген дарынды жастарға нақты қолдау ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындау қажеттігін айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру мақсатында конкурстың ұйымдастырушысы ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде Үкімет қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша ережелері мен тұжырымдамасын бекітті. Бұған дейін аталған ведомствоның жанындағы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан тәуелсіздіктің бүгінгі ұрпақтары – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. 30 жылдық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатында да жастарды қолдау және адами капиталды дамытуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда еліміздегі Тәуелсіздік ұрпақтары 3,8 млн немесе ел халқының 20%-ын құрайды. Биыл алғаш рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үздік 30 жобаға 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріледі. Еліміздің 14-29 жас аралығындағы барлық азаматтарына арналған бұл грант белсенді шығармашыл жастардың жобаларын, бастамаларын іске асыру, қолда бар жобаларды дамыту, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу және жастарды оқыту үшін пайдалануға беруді көздейді», деген болатын.
Еліміздің нормативтік құқықтық актілері жарияланатын «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындаудың ережелері көрсетіліпті. Құжаттың 1-тарауы, 6-тармағында гранттың Қазақстан азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде бірнеше бағыт бойынша берілетіні, соның ішінде «Ғылым» бағытында ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналғаны жазылған.
Ғалымдар мен зерттеушілердің, отандық өнертапқыштардың осы конкурсқа «Ғылым» бағыты бойынша қатыса алатыны белгілі. Дегенмен тағы бір бағыт бойынша жобасын конкурсқа өткізуіне болады. Айталық, гранттың ережелерінде «Ғылым» бағытынан бөлек «Бизнес» деп аталатын бағыты да бар. Ал өнертабыстың, ғылыми ізденістің, зерттеудің нәтижесінде жасалған бизнес жоба басқа идеялардан әлдеқайда табысты, өнімді болатыны анық. Осы ретте ғалымдар мен зерттеушілер өзінің ғылыми өнімін өмірге әкелу үшін грант алып, идеясын бизнес жоба ретінде іске асыра алады.
Енді гранттық конкурстың шарттары мен талаптарына келсек. Грантты 14-29 жас аралығындағы жастар иелене алады. Биыл грант иегерлерінің әрқайсысына 3 млн теңге тағайындалады. Конкурс негізінде барлығы 30 грант бөлінеді. Грант қаржысы бір жылға ғана беріледі. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдайды. Қабылдау өткен айдың 19-ынан басталды, бұл процесс алдағы қыркүйек айының 20-сына дейін жалғасады. Ал екінші кезеңде жеңімпаздар анықталады. Жеңімпаздар конкурсты ұйымдастырушы ведомство құрған арнайы конкурстық комиссияның отырысында іріктеліп, белгілі болады. Конкурстық комиссияның отырыстары министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында онлайн режімде өтеді.
Үміткер өтінімді мемлекеттік немесе орыс тілінде өткізе алады. Ең алдымен жобаның сипаттамасы берілуі тиіс. Онда жобаның атауы мен бағытынан бастап ұсынылып отырған аудиториясы, миссиясы, өнімі, сметасы мен іске асыру географиясына дейін көрсетілуі керек. Сонымен қатар жобаның 1 минуттан аспайтын видео таныстырылымын әзірлеп, қоса жолдауы тиіс. Бір жылға берілетін грантты иеленуші әр үш ай сайын жобаның іске асырылу барысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынып отырады. Грант қаражатының басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, уәкілетті орган грант алушыны жазбаша хабардар етеді. Хабарландыру жіберілген күннен бастап бір ай ішінде грант алуға қаражатты мемлекетке қайтаруы қажет. Жоба іске асырылмаса да грант қаражаты қайтарылмайтын жағдайлар бар. Бұл туралы конкурстың ережесінде:
«Қаражат:
1) грант алушы қайтыс болған;
2) грант алушы хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған;
3) грант алушы іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайларда (растайтын құжаттар болған кезде) қайтарылмайды», делінген.
Үміткерлердің өтінімі қағаз нұсқасы Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел 8, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимаратының 14-кіреберісінде, ал электронды нұсқасы generation.kaz@gmail.com поштасында қабылданады. 8 (7172) 74-05-25, 8-705-822-33-33 байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, сұрақтарға жауап алуға болады.