Биыл өңір мектептерінде 110 мың оқушы білім алады. Облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, жаңа оқу жылы білім беру үдерісіне бірқатар өзгерістер енгізіледі.
– Ең алдымен әр сабақтың уақыты енді бұрынғыдай 40 минут емес, 45 минут болады. Бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінде талқыланып, мақұлданды. Сондай-ақ бес күндік оқу аптасы сақталады, бірақ оқу үдерісін ұйымдастыру барысында санитарлық нормаларды сақтауға қатысты қандай да бір күрделі мәселелер туындап жатқан жағдайда, алты күндік оқу аптасына көшірілуі мүмкін. Бұл көбіне-көп қалалық мектептерге қатысты. Мен таяуда ірі мектептердің директорларымен кездесу өткіздім, онда осы мәселені сөз еттік. Бастауыш сыныптар 5 күн, ал 7-сыныптан немесе 8-сыныптан әрі қарай кейбір пәндер сенбі күндері оқытылуы мүмкін. Бұл мектептер кейбір пәндерді қашықтан оқытуы да мүмкін. Қай пәнді онлайн оқыту қажеттігін мектеп директорлары шешеді, – деді З.Байменова.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл мектеп киіміне қатысты талаптар бұрынғыша сақталады. Алайда ата-ананың баласына мектепке арналған киім сатып алуға мүмкіндігі болмаса, оқушыға жалпы әдепке сай киіммен сабаққа келуге рұқсат етіледі.
Биылғы оқу жылы білім беру ошақтарындағы санитарлық тазалықты сақтау үшін бюджеттен 105 млн теңге бөлініп отыр. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің дені вакцина қабылдаған.
Бүгінде облыс мектептерінде жұмыс істейтін 29 288 адам екпе алған. 3 мыңнан астам адамның денсаулығына байланысты вакина қабылдауға болмайды деген рұқсат қағазы бар. Мектеп қызметкерлері, педагогтер мен ата-аналар мектептерге Аshyq қосымшасы арқылы кіреді. 18 жасқа толмаған мектеп оқушылары мен колледж студенттері білім ғимараттарына Аshyq қосымшасына тексерілмей-ақ кіре алады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Қостанай облысы