Қоғам • 03 Қыркүйек, 2021

«Хат қоржын» оқырман

202 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» оқырман

...адамгершілікке үндейді

Ұлы Абай өсиетінен ауытқымайық

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», деп ұлы Абай айтқан уақытқа келдік. Осы орайда данышпан бабамыздың философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» өз құндылығын еш жоймайтын туынды десек, қателеспейтініміз анық.

Бүгінде Қазақ елі рухани білімге сусап отыр. Сананы көтеріп, саламатты өмір салтын ұстанып, еліме адал қызмет етемін деген жастар мына ой жарыстыратын заманда көбейе ме десек, уақыт өткен сайын сирей бастағандай. Біздіңше оған себеп, қазіргі таңдағы ұрпақтың – жастардың дені білімге емес, қалайда тез ақша табудың жолына бет бұрғандай. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз десек те, қазіргі қоғам шындығынан аттап кете алмасақ керек!

Осы олқылықтың орнын толтыруға қарлығаштың қанатымен су сепкені секілді аздап болса да үлес қосу мақсатында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Абай жолы» атты кезекті онлайн іс-шарасын ұйымдастырды. Осы тұста Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан ұлттық ұранымыз болуға тиіс», деген сөзі еске түседі. Сондықтан оқырмандар үшін ұйымдастырылған арнайы іс-шарада ұлы ақынның шығармашылығын жаппай оқу үшін насихаттау ісіне ден қойдық.

Кітапхана ісінде оқырмандарды тек кітап оқуға үндеп қана қоймай, оқығанын әр адамның көңіліне тоқуына, түйсігіне алуына жәрдемдескен жөн. Ал біз осы мақсат жолында жұмыстана беретін боламыз.

Назерке ЖОЛДИЕВА,

 Сағи Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

АҚТӨБЕ

 

..өкінішін жеткізеді

Балалардың тілі орысша шығып жатыр

Алты мыңға жуық адам тұратын Бақанас ауылында өзге этностар мүлдем аз, шамамен жиырма шақты ғана үй бар болар. Олардың өздері бір-бірімен қазақша сөйлеседі. Осындай қазақы ауылда тілі орысша шығып жатқан балалар бар. «Масқара!» демеске лажың жоқ.

Немерелерімнің орыс тілінде таза сөйлей алғанына алғашында іштей қуандым да. Кейін ойлана бастадым. «Ойпыр-ай, ә! Ішкі жан дүниелері өзгеге ұқсап кетсе, не істей алмақпыз» деп. Өйткені бала санасына әртүрлі тәсілдер арқылы біртіндеп сіңірілген ұстанымды өзгерту – қиынның қиыны.

Теледидар мен смартфонды былай қойғанда, қалалардағы кітап сататын дүкендерге кірсең, орыс тіліндегі кітаптарға қызықпасыңа әддің қалмайды. Түрлі-түсті суреттері көз тартады. Шрифтерінің өзі қандай ғажап! Ал қазақ тіліндегі кітаптар өте жұтаң әрі жоқтың қасы.

Қалай дегенде де балаларымызды мемлекеттің көмегімен ерте бас­тан еркімізде ұстасақ, ол үлкен жетістігіміз болар еді. Бала санасын билеу жолында жүргізіліп келе жатқан ұлы істе туымыз қашанда биік тұрса, еліміздің ертеңі де сөзсіз еңселі болмақ. Осы мақсатта жұмсалған қаражаттың да еселеніп қайтатыны күмәнсіз.

 Марат ҚАШҚЫНБАЕВ

Алматы облысы,

Балқаш ауданы

 

...ойын ортаға салады

Ұлттың болашағы – ұлттық тәрбие

Пандемияның салдарынан жұрт үйінен көп шықпауды мақұл көрген қазіргі кезде адамның басына неше түрлі ойлар келіп, мазалайды екен. Осы «тәжтажалдан» кейін әркім өз өміріне, ұстанымына басқаша қарайды ғой деп ойлаймын. Бар тапқанымызды шашып немесе кредит алып, той жасаймыз. Сөйтіп белшемізден қарызға батамыз. Өкінішке қарай, сол үйленген жастарымыздың үштен бірі көп ұзамай ажырасып кетіп жатады. Себебі неде деген сұрақ әрбір көзі ашық азаматты ойландырса керек.

Меніңше оның мынадай себептері бар. Мәселен, баспананың жоқтығы, материалдық қиыншылықтар, жастардың отбасылық өмірге дайын еместігі және ең бастысы – отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауы. Сондай-ақ біз – еліктегішпіз. Өзіміздің жүйрік те жорға сәйгүлігіміз бола тұра, өзгенің жабысына мінгесуге әуеспіз. Қазіргі күні жігіттеріміз бен қыздарымыздың көпшілігі жастары 30-35-ке толғанша үйленбей жүріп алады. Бірақ өмір-өзеннің ағысы тым жылдам. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында адам білім алып, отбасын құрып, ата-анасына немере мен шөбере сүйгізіп, соңына жүрегі «қазақ» деп соққан, аманатқа қиянат жасамайтын саналы ұрпақ қалдырып кету керек екенін ұмытпағаны жөн. Адам баласының ең маңызды, ең негізгі міндеті – ұрпақ жалғастыру.

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды біреу: ұлттың болашағы – ұлттық тәрбиеде.

Шайгүл ҚАШАҒАНОВА,

Рза Қунақова атындағы №35 мектептің

орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы,

Ноғайбай ауылы

 

...ұсынысын білдіреді

Сот жүйесіне төл сөздерімізді енгізейік

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғаннан кейін бірқатар ауқымды істер атқарылғаны белгілі. Дегенмен әлі де шешімін таппаған түйінді мәселелер баршылық. Елімізде қабылданып жатқан нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіл нұсқасындағы мәтінінде қолданылатын сөз тіркестері мен сөйлемдерді құруда жіберілетін кемшіліктер заң мақсаттарының мәнісін түсіретіні өкінішті, әрине. Заң саласындағы ұғым, түсініктерге қазақ тілінде жаңа төл терминдер жасап қолданысқа енгізу елімізде тілге берілген үлкен мәртебені одан әрі тереңдете түсетіні сөзсіз.

Осыған орай, «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 28 мамырдағы санында жарияланған заңгер-публицист Нақыпбек Сәдуақасовтың «Төл сөздерімізді қолдану – уақыт талабы» мақаласындағы сот жүйесінде және заңнамалық құжаттарда ресми түрде кең қолданылып жүрген өзге тілден енген «судья» сөзін ана тіліміздегі «бишешімгер» сөзімен алмастыру жөніндегі ұсынысын түбегейлі қолдайтынымызды білдіреміз. Автордың жоғарыда аталған мақаладағы ұсынысы салмақты тұжырымдар мен дәлелдерге негізделгенін атап көрсету парыз.

Сансызбек РАЙЫМБАЕВ,

Жұмаш ҚОСАНОВ,

заңгерлер

НҰР-СҰЛТАН