Құрамында Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов, облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Элмира Ергешқызы, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Айман Магазумова, «Казправда» газетінің тілшісі Мария Шило, видеоблогер, фотограф Георгий Шаповалов, «Сарыарқаавтопром» серіктестігінің өкілі Саят Жүсіпов және осы серіктестіктің 5-6 жұмысшысы бар экспедицияны өлке тарихының білгірі, Ыбырай Алтынсарин мұраларын насихаттаушы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің профессоры Қалқаман Жақып ағамыз бастап жүрді.
Барақ батыр кесенесі
«Атамекендіктерді» Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары Данияр Шәріпбаев пен Сорочин ауылдық округінің әкімі Ермек Шапағұлов күре жолдың бойынан күтіп алып, батырдың кесенесіне қарай жол бастады. Жолшыбай ауыл әкімі Барақ батырға тәу етіп келушілердің биыл да көп екенін айтты. Ермек Шапағұловтың сөзінше, жан-жақтан ағылған жұрт көбіне дертіне шипа іздеп келеді. «Әсіресе, жұма, сенбі күндері келушілердің саны жүзден асып кетеді. Тіпті ресейліктер де жиі келеді. Мұндағы келушілер түнейтін жалғыз үй тарлық ете бастаған соң, 2018 жылы екінші үйді көтердік, жанына жазғы асхана салдық», деді ауыл әкімі. Кесене Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан.
Батырдың жатқан жеріне алыс-жақыннан зиярат етіп келіп жатқан жұрт легі екі ғасырдан бері толастаған емес. 1996 жылы жаңартылған кесененің алдында көнеден сақталған, араб қаріптері қашалып жазылған құлыптас тұр. Кесененің іргесі тас кірпіштен тұрғызылып, кіреберіс қақпасы керамикалық кірпіштен салынған. Дулыға пішіндес күмбезі мырышпен қапталыпты. Маңында терең құдық, зиярат етушілер ас-ауқатын даярлайтын асхана және екі үй бар.
Кесене басында бізді жергілікті тұрғындар қарсы алды. Сол жерде құран оқылып, Барақ батырдың рухына тағзым етіп, дұға бағыштадық. Батырдың тікелей ұрпағы Төремұрат Әдібаевтың айтуынша, Барақ батыр 93 жасында дүниеден озған. Ұрпақтарына өсиет етіп: «Мені алып бара алсаңдар, Түркістанға Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне, әкемнің жанына жерлерсіңдер. Егер алып бара алмасаңдар осы жерге қойыңдар, ұрпақтарыма қорған болып жатармын», деген екен.
«Пугачев қозғалысына қатысушылар патша әскерінен жеңіліп, қаша жөнелгенде, олардың қазақ жеріне өтіп кетуінен қауіптенген Абылай хан шекараны қорғап қалуға екі жасақ жібереді. Бірінші жасақты Шақшақ Жәнібек Тарханның ұлы Дәуітбай Тархан, 2 мың сарбаздан құралған екінші жасақты Қарабалуанның баласы Барақ батыр басқарады. Осы маңызды тапсырманы орындап келгені үшін Абылай хан Бараққа риза болып: «Өзің батыр, өзің әулие екенсің. Сені ел емші әрі батыр деуші еді. Мен «Әулие-батыр» деп айтамын», деген екен. Шындығында да атамыздың батырлығымен қатар, емшілік, әулиелік қасиеті туралы көп әңгіме сақталған», деді Төремұрат Әдібаев.
Төремұраттың сөзін әрі қарай іліп әкеткен Қараоба негізгі мектебінің мұғалімі, тарихшы Қайырбек Бешімов қалтасынан ақ шүберекке оралған бір-біріне өрілген майда металл шығыршықтарды алып шықты. Сөйтсек, бұл Барақ батыр жорыққа киген асыл болаттан соғылған аймауыт сауытының жұрнағы екен. Батыр қайтыс болған соң, әулиеден қалған аймауытты ұрпақтары бөліп алып, әлі күнге дейін сақтап келген. Алақанға сыйып кететін сауыт жұрнағының бір шығыршығы басқаларына мыс сыммен байланыпты. Қайырбектің сөзінше, бұл шығыршық емдік мақсатта пайдаланылады, ауырып қалған баланың мойнына тұмарға орап тағып қойса, ертеңінде бала науқасынан құлан таза айығып кетеді екен.
«Біздің әулет үшін бұл өте бір қастерлі, өте киелі дүние. Үйде сандықтың түбінде жатады. Бізге анамыздан қалды. Кезінде анамыз беталбаты ешкімнің қолына ұстатпайтын. Мен мұны бөтен кісілерге осымен екінші рет қана көрсетіп отырмын. Мұның емдік қасиеті ерекше. Үйде кішкентай бала іші бұрап ауырған кезде, шошынып немесе көз тигенде тұмар етіп тағамыз», деді Қ.Бешімов.
Экспедиция құрамындағы музей қызметкерлері тарихи жәдігерді музейге тапсыруды сұрап еді, Қайырбек «бұл батырдан тараған ұрпақтың ең құнды дүниесі, атамыздың көзі, сондықтан ренжімеңіздер, бере алмаймыз» деді.
Сапар барысында тарихта Қарабалуан деген атпен қалған Барақ батырдың әкесі Жанұзақ Алдиярұлы туралы да көп әңгіме естідік. Мектеп мұғалімі Қайырбек Бешімов осы өңірдегі Қараоба ауылының маңынан екі ескі мөрдің табылғаны туралы қызықты деректің ұшығын шығарып қалды. Көне мөрлерді ауыл маңын металл іздегіш құрылғымен түрткілеп жүрген екі бала тауып алыпты. «Бұл мөрлер Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтікі болуы мүмкін. Өйткені округ жұрт айтып жүргендей қазіргі Әулиекөл ауданына қарасты Аманқарағайда емес, осы маңда орналасқан. Кейінірек әлгі балаларға хабарласып ем, кешігіп қалыппын. Олар мөрдің екеуін де Орынбор асырып жіберіпті. Орынбор жақта мұндай мөрлерді аса қымбат бағаға сатып алады», деді Қайырбек.
Қоштасарда аудан басшылары күре жолдың бойынан шалғайлау жатқан қасиетті кесенеге әкелетін жолға алдағы уақытта асфальт төсеу мәселесін қарастырып жатқанын айтты.
Билер мекені
Жазы бидің кесенесі Қостанай мен Сарыкөлді жалғап жатқан күре жолдың бойында тұр. Бізді орта жолда Жаңасу ауылының әкімі Жәнібек Серікұлы күтіп алды. «Осы облыстың әр өңірінен би бабамыздың басына дұға бағыштап келіп жатқандар көп. Кесене Жаңасу ауылына жақын. Ауылда 50 шақты үй бар. Қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Енді біздің өңірдің табиғаты ерекше. 4 жарым мың гектарға жуық алқапты орман басып жатыр. Жанымызда Обаған өзені ағып жатыр, сәл әрірек Алтыбай көлі бар. Арнайы демалыс орындары жоқ, алайда жаз бойы алыс-жақыннан ағылған жұрт осы маңайға келіп, шатырын тігіп, көлден балық аулап, тылсым табиғат аясында бір апта, он күндей тынығып жатады. Мұның сыртында, Жаңасу мен Ілияс Омаров ауылының арасында тұзды көл бар, жұрттың көбі ем алу үшін сол жерге жиналады», деді әкім.
Жазы би – Қарабалуан Алдиярұлының шөбересі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановтың сенімді серігі, қолдаушысы болған. Кенесары ханның өзі Жазы бидің сөзіне тоқтаған деседі. Жазы би Сібір генерал-губернаторы Михаил Сперанскийдің жеке өтініші бойынша Орынбор мен Сібірдің арасындағы шекараны анықтау ісіне басшылық еткен. Жазы би Шыңғыс Уәлиханов ордасынан Омбы қаласына дейін жүргізген пошта жолының іздері қазіргі уақытқа дейін сақталып қалған.
Жазы би кесенесіне бізбен бірге Барақ батырдың сегізінші ұрпағы, бүгінде Крылов ауылындағы қазақ мектебін басқарып отырған Төремұрат Әдібаев та келген. Өзі тарих пәнінің маманы болғандықтан ба, осы өңірдің шежіресін шерткенде шешіле кетеді екен.
«1820-1840 жылдары қазақ даласына жасалған Ресей экспедицияларына Жазы би жол көрсетіп отырған. Экспедиция кезінде ол бес жүз сарбазы бар жасақты бастап жүреді. Жазы би атамыз да 1840 жылға дейін көз жұмғанша туған жерінің шекарасының тұтастығы үшін күрескен. Жазы би осы өңірдің тарихы мен географиясының білгірі ретінде халықтың есінде сақталып қалды. 2000 жылы ұрпақтары басына қызыл кірпіштен кесене тұрғызып, ескерткіш тас орнатты. Бүгінде Жазы би Жанұлы кесенесі Қостанай облысының өңірлік маңызы бар киелі нысандарының санатында», деді Төремұрат.
Төремұратқа алғысымызды айтып, қоштасып жатыр едік, «Мен енді сіздермен жүрем, қазір Шоқай бидің кесенесіне алып барамыз» деп күлді. Шоқай бидің басына жеткенше Төкеңнің осы өңірде кіндік қаны тамған қазақтың тағы бір даңқты перзенті Ілияс Омаров туралы қызықты әңгімелерін тыңдап бардық.
Ел аузындағы әңгімелерде Кенесары ханның атын Шоқай би қойған деп айтылады. ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы біртуар тұлғалардың бірі. Шоқай Балқанұлы жайында айбынды батыр, тура би, шешендігімен, әділ шешімдерімен сый-құрметке ие болған шешен-әулие ретінде ел аузында айтылып, жазылып келеді.
Қалың қорымның қақ ортасында тұрған би кесенесінің басында бізді Шоқай Балқанұлының жетінші ұрпағы Рахат Тілеуов ағамыз күтіп алды. Қорымның сыртында бәріміз тізе бүгіп, би рухына құран бағыштап, тағзым жасадық.
Кесене 1995 жылы тұрғызылған. Рахат Тілеуовтің айтуынша, Шоқай би Арқа елінің көптеген атақты би-шешендерімен қатар жер дауына, ел дауына, мал дауына, жесір дауына қатысып, өзінің әділ төрелігі, шешендігімен үш жүзге аты мәлім болған. Бидің күні бұрын айтқан сөздері, болжам-жорамалдары орындалған. Халық Шоқайды әулие деп білген, оның алдына жаңа туған нәрестеге бата алу үшін мыңдаған шақырым жерден келеді екен. Кесененің артынан жапсарласа салынған тағы бір бөлмесі бар екен. Бас сұғып көріп едік, кәдімгі жатын бөлме сияқты екен, жерге жұқа көрпе төселіпті.
«Бұл кесенеге аяқ-қолы ауырып, жүре алмай қалған науқастар немесе бала көтермей жүрген әйелдер келіп түнейді. Мен өз көзіммен көрген жайтты айтып берейін, анау жылдары осында мұсылмандықты қабылдаған бір орыс отбасы келді. Сексенге таяп қалған әжесі аяғынан жүре алмай жатып қалыпты, сол кісіні арқалап алып келді. Бір-екі күн түнеп, сыртқа табуреткаға сүйеніп шығып жүрді. Осы ауылда Сейтен деген молда ағайымыз бар еді, сол кісі келіп түшкірді. Бір-екі күннен кейін әлгі кейуана аяққа тұрып, өзі жүріп кетті. Балалары анамыз он жылдан бері аяғын баса алмай жүр еді деп еңіреп тұрып жылады», дейді Рахат Тілеуов.
Расында да Шоқай әулиенің басында бір тылсым күштің бары анық сияқты, өйткені Рахат ағайдың сөзінше, қыста бұл маңайдың бәрін қалың қар басып қалғанда, Шоқай би жатқан жерге қандай қарлы боран үрлесе де, ешбір қар жоламайды екен, кесененің айналасы үнемі қарайып тап-таза болып жатады.
Шоқай бидің ұрпақтарының көбі кейін кеңес дәуірінде қуғын-сүргінге ұшырап, бас сауғалап Ресейге ауып кетеді.
«Әулие атамыздан тараған ұрпақтар кезінде бай, ауқатты кісілер болған екен. Мектеп салып, бала оқытқан. Осы маңда Жарман деген ауылда тұрған. Бірақ саяси-қуғын сүргін басталған жылдары Сейпілмәлік деген атамыз бастаған жармандықтар Ресейге қарай қашады. Кетерінде осы әулеттің киелі қазанын ауылдың маңайына көміп кетіпті. 2000 жылдары осы ауданда тұратын ұлты орыс бір азамат металл іздегіш құрылғымен бір үлкен қазан, оның астынан ішінде бағалы металдан жасалған ыдыс-аяқ, қасығы бар, тағы алты қазан қазып алды деп естідім», деді Рахат ағай.
Омар құдығы немесе Балғожа бидің қонысы
Алтынсарин ауданына қарасты Сатай ауылынан оңтүстік шығысқа қарай 5 шақырым жерде облыстың киелі нысандарының тізіміне енген Омар құдығы бар. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин осы жерде туған. Балғожа бидің қонысы да осы маңда. «Атамекен» экспедициясының мүшелері осы жерге аялдап, құдықтан су ішіп, «Ыбырай Алтынсариннің туған жері» деген жазуы бар ескерткіштің алдында суретке түсті. Одан кейін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мұрасын насихаттаушы, ғалым Қалқаман Жақып ағамыздың әңгіме-дәрісіне құлақ түрді.
– Бұл жер Мезгіл деп аталады. Оны бізге Ыбырай Алтынсариннің туысы, әйгілі ақын Мәриям Хәкімжанова айтып кеткен. Ол кісімен талай рет кездестік, сонда «бұл жерді Кіші Мезгіл деп атайды, әріректе Үлкен Мезгіл бар» деп отыратын. Кезінде бұл маңайдың бәрі ну ағаш болыпты. Ал енді Омар құдығы туралы айтар болсақ, Омар – Балғожа бидің Қошан деген ұлынан туған немересі. Қазіргі Шербаков деп атап жүрген ауылымыз кезінде Қошан ауылы болған. Қошанның ұлы Омар өзі еті тірі, шаруаға мығым адам болса керек, бүгін су ішкен құдық сол Омар аталарыңнан қалған құдық. Мен бұл жерге 2013 жылы келгенімде, мынадай жақсы қоршау, төселген тас болмаған еді. Бірақ бүгін біз көріп тұрған мәрмәр тастың орнында 1991 жылы ұлы ұстаздың 150 жылдығына орай орнатылған осыдан үш есе үлкен ескерткіш тас тұр еді. Ол мәрмәртаста «Балғожа бидің қонысы. Ыбырай Алтынсариннің туған жері» деген жазу бар еді. Енді біз сол жазылған тарихи деректің жартысын ғана көріп тұрмыз. Балғожа бидің қонысы деген жазу неге алынып тасталды? Ол жағы белгісіз. Бұл жерге келген адам Ыбырай бір тақыр далада туғандай әсер алады. Біз мұндай деректерді тірнектеп жинап, жоқтан бар жасап жүрсек, Алтынсарин ауданының басшылары бар деректі жоқ қылып жүр, – деп ғалым ағамыз ашына сөйлеп, бізді күтіп алған ауыл әкіміне ескі ескерткіштегі сөзді қайта қалпына келтіріңіздер деген талабын айтты.
Кейін көрдік, ескі ескерткіш құдықтың артында, әп-әдемі қоршаудың түбінде адам көрмейтін жерде жатыр екен.
Құдық басындағы кеңесте Ыбырай Алтынсарин музейінің директоры Марғұлан Оспанов та сөз алып, киелі нысанды жаңғырта түсудің жақсы жолын ұсынды. Музей басшысы «Бұл жердің Мезгіл деп аталғаны тарихи шындық екені рас. Олай болса, болашақта осы құдықтың айналасын бұдан да кеңірек етіп қоршап, Балғожа би 50 үй тіккен тарихи мекенді қалпына келтіруге болады. Анау жерге үлкен арка орнатып, Мезгіл ауылы деп жазып қойсақ, оның жанына үлкен билбордқа Мәриям апамыздың «Мезгілім, менің Мезгілім» деп басталатын өлеңін жазып қойсақ, қандай тамаша болар еді. Құдықтың басына бір-екі киіз үй тігіп, арнайы ат басын бұра келген меймандардың жол шайын беріп отырсақ жөн болмай ма? Байқасаңыздар, Омар құдығының айналасы түгел жыртылып, егін егіліп тастапты. Егер бір ай бұрын келсек, бұл жерге кіре алмай қалатын екенбіз. Осы егінді шектеп, құдыққа келетін жол жөнделсе игі болар еді» деген тілегін жеткізді.
«Атамекендіктер» сапар соңында Ыбырай Алтынсариннің Тобыл жағалауындағы кесенесіне тоқтап, экспедиция жұмысын қорытындылады. Қалқаман аға ұлы ағартушының кесенесі, Ыбырай ашқан мектептер мен ағартушы мұраларының тарихи маңызы жайында да көсіле толғап, жастарға үлгі-насихат айтты.
Экспедиция барысында байқағанымыз, бүгінде еліміздің киелі орындарының қатарынан ойып орын алатын Тобыл өңіріндегі қасиетті кесенелердің бәріне тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындап назар аударылып, қайта жаңғыртыла бастаған.
Қостанай облысы