«Қорқыныш королі» атанған Кинг шығармалары алғашқы сөйлемдерімен-ақ оқырманды баурап алады. Психологиялық триллер жанрында жазатын қаламгердің шеберлігі адам нанғысыз сюжеттер жасай алуында деп білеміз. Стивен Кингтің фэнтези, мистика, триллер, детектив, қорқынышты оқиғалар сияқты түрлі жанрда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романы бар. «Сол» – Viking Press баспасы 1986 жылы алғаш рет басып шығарған, қорқыныш пен үрей жанрында жазылған америкалық жазушының танымал романы.
Шығармада сана қабілеті, біріккен топтың күші, балалық шақтағы оқиғалардың ересек өмірге әсері тақырыптары қозғалады. Негізгі сюжетте Мэн штатындағы ойдан шығарылған Дерри қалашығында жеті жасөспірім адамдарды өлтіріп, кез келген түрге ене алатын жантүршігерлік құбыжықпен күреседі. Арада жылдар өтіп, жасөспірімдер есейеді. Бірақ өткеннің сұмдығы қайта оралып, әлдебір сұрапыл күш жеті досты зұлымдықпен жаңа айқасқа киліктіреді. Осылайша, туындыдағы оқиға екі түрлі уақыт аралығында баяндалады, бірі басты кейіпкерлердің балалық шағы болса, екіншісі олардың ересек өмірін баяндайды.
Кинг бұл романды 1981 жылы бастап, төрт жылын арнаған. Ол кітап кейіпкерлерінің іс-әрекетіне өзінің балалық шағының естеліктерін негіздеген. Сондай-ақ автор «Солды» өзінің «танымал құбыжықтар сериясы» бойынша емтиханым деп санады. «Сол» бұған дейінгі «Дракула», «Франкенштейн», «Тролленберг құбыжығының» элементтерін жинаған «ғарыштан келген» қорқыныш іспетті. Кітап жарияланғаннан кейін бір жыл ішінде екі жарым миллион дана тиражбен тарап кетті.
«Сол» романы Locus Award және World Fantasy Award сыйлығына ұсынылған. Туынды Rolling Stone журналының таңдауы бойынша Кингтің үздік 10 туындысының тізіміне енгізілген, ал BBC-дің 200 үздік әдебиет тізімінде «Сол» 144-орында. Ал режиссёр Томми Ли Уоллес 1990 жылы роман сюжеті бойынша кішігірім сериал түсірді. 2017 жылы аргентиналық режиссер Андрес Мускетти кітаптың бірінші бөлімі бойынша көркем фильмін жариялады.
Романды қазақ тілінде сөйлеткен – Заманбек Әбдешев. Тәржіма жұмыстарына тоғыз ай уақыт кеткен. Айта кетсек, «Фолиант» баспасының бастамасы бойынша әлем әдебиетінің алтын қазынасына айналған Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», «Батпырауық қуған бала», Мо Янның «Өмір мен өлім азабы», Орхан Памуктың «Ақ қамал», «Сезім музейі», «Менің атым Қырмызы», «Менің оғаш ойларым», «Үнсіз үй» туындылары, Гузель Яхинаның «Зүлейханың оянуы» романы, Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тілінде жарық көрген болатын.