Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2021

Мал шаруашылығына қолдау көрсетуде

326 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Маңғыстауда жер жұтаң, яғни қуаңшылық. Орын алған мал шығыны шаруалардың ғана емес, жалпы халықтың алаңдаушылығын туындатты. Осы орайда қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Нақтырақ айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде қайтарымсыз қаражат бөлінген болатын.

Мал шаруашылығына қолдау көрсетуде

Маңғыстау облысының қо­ғам­дық коммуникация орта­лы­ғының хабарлауынша, қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 50%-ы игерілген, яғни 5 275-ке жуық жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 611,3 млн теңге және 500 шаруа қожалығына 277,4 млн теңге қаржылай мем­ле­кеттік қолдау көрсетілді. Қал­­ған 1 млрд теңге қыркүйек айын­да игерілмек.

Бұдан басқа өңір шаруаларына тағы да алдағы қазан-қараша айларында жергілікті бюджеттен 700 млн теңге бөлу жоспарланған. Бұл қара­жат Ауыл шаруашылығы ми­нис­трінің 2019 жылғы 15 нау­рыз­дағы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнім­ділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағи­да­ла­рын бекіту туралы» №108 бұй­ры­ғы­на сәйкес субсидия ретінде берілмек.

Құзырлы орындардың мә­лі­ме­­тіне сүйенсек, қазіргі уақыт­­та шаруаларды жемшөп­пен қам­тамасыз етіп, мал азығы тап­­шылығын жою мақсатында бір­қатар жұмыс жүргізілуде. Мысалы, жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдауда екен. Бүгінге дейін 1 мың тоннаға жуық шөп сатып алынған және бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғаспақ. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 546 тонна арпа жеткізді. Қа­зір­гі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға тағы мал азығын сатып алу жұ­мыс­тары жасалып жатса, 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сұрып­ты бидай (бидай қалдығы) сатып алынған.

Жалпы, жыл басынан бері өңірге 30 мың тоннасы өзге аймақтардан, 4 мың тоннасы жергілікті жерден шабылған
37 500 тонна шөп тасымалданыпты. Ал 3500 тонна шөп (140 вагон) өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаң­шы­лықтан зардап шеккен мал ие­леріне тегін үлестірілген. Өңір­ге өзге облыс­тардан 20 500 тонна жем тасымалданса, жергі­лік­ті жерден ­­­­
­1 500 тонна жем өндірілген.

Қоғамдық коммуникация орталы­ғында өткен брифингте Маң­ғыстау облысы ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың айтуынша, бүгінде өңірдегі шаруа қожалықтарында 783 тонна шөп пен 5 020 тонна жемнің қоры бар. 2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында, Премьер-Министр А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінген, оның 1,9 млрд теңгесі шөпке, 3,4 млрд теңгесі жемге жұмсалмақ. Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда.

 Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.

– Әр ауданда жемшөп сақ­тайтын база жасақтап, қыс­қа дайындықты күшейту бағы­тын­да жұмыс атқарылуда. Осыған орай әр ауданның орналасқан географиялық аймағына байланысты базалар жасақтап жатырмыз. Мәселен, Маңғыстау ауда­нын­да 4 база болады, Түп­қа­ра­ған мен Қарақияда 3 базадан болмақ. Ауыл, аудан әкімдіктері жұ­мысын бастап кетті, – дейді Серік Қалдығұл.

Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының ша­бын­дық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сататын болады. Сондай-ақ бүгінгі күні жер­гі­лікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл ая­ғына дейін 15 мың тонна шөп да­йындамақ.

Маңғыстауда биыл мал басын аман алып қалу мәселесі күн тәр­тібінде тұр. Құзырлы орын­­дар берген ақпарат бұл ба­­ғытта атқары­лып жатқан жұ­мыс­­тарды баяндайды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген­дей, жақ­сылықтың жақын болуы – көп­тің жалғыз тілегі.                                                                                    

Маңғыстау облысы