Экология • 06 Қыркүйек, 2021

8 мыңнан аса кен орны бар

508 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­метінде «Қазақстан Республикасының 30 жылдағы геология саласы туралы» брифинг өтті. Брифингке Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев, Геология комитеті төрағасының орынбасары Алмат Әбдікешов, «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Әнуар Боранбаев қатысты.

8 мыңнан аса кен орны бар

Вице-министр алдымен елдегі Минералды-шикізат базасының бү­гінгі жағдайымен таныстырды. Қазақстанда пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында жалпы 8 мыңнан аса кен орындары тіркелген, оның ішінде көмірсутек – 317 (мұнай, газ, конденсат), қатты пайдалы қаз­балар – 910, кең таралған пайдалы қаз­балар – 3 мыңнан астам және 4 мыңға жуық жерасты суларының кен орындары.

Мұнайдың баланстық қорлары (А+В+С1+С2 категориялары бойынша) 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн текше метр (еркін+ерітілген), конденсат – 414 млн тоннаны құрайды. Олардың басым бөлігі Атырау (75%) және Маңғыстау (11%) облыстарында шоғырланған. Бұл ретте, көмірсутек шикізатының 68% қоры 3 ірі кен орындарының, атап айтқанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың үлесіне келеді.

Ал қатты пайдалы қазбалардың қорын есептеу металл пайда­лы қазбалардың 37 түрі және бей­ме­талл­дың 65 түрі бойынша жүргізіледі. Алтын кен орындарының негізгі қор­лары Шығыс Қазақстан облысын­да – 36%, Ақмола облысында – 21%, Қарағанды облысында 11% шо­ғырланған. Мыстың 82% қоры елі­міздің Шығыс және Орталық өңір­лерінде шоғырланған. 3 мыңнан астам қорғасын-мырыш кен орындары және кенашылымдары, негізінен, Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған.

Геология саласында тәуел­сіз­дік жылдарында елдің мине­рал-
дық-шикізат кешенінің ре­сур­стық базасын дамытудың 2003-2010 жыл­дарға, 2010-2014 жылдарға ар­налған салалық бағдарламалары іске асы­рылды. 2016 жылдан бас­тап нысаналы индикаторлар министр­лік­тің стратегиялық жоспарына интеграцияланды.

Ал минералдық-шикізат кешені әлемдік нарық талаптарына толық бейімделді. Мыңнан астам кен орны пайдалануға берілді және қазіргі уақытта мемлекетке табыс әкеліп, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі күні 1 630 объектісі жұ­мыс істеп тұр.

Қоршаған ортаны ластайтын ава­риялық мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдарда ел аумағында зерттеулер жүргізілді. Тексеру барысында 132 апатты мұнай ұңғымасы анықталып, оның 126-сы жойылды.

Сондай-ақ республикада сирек кездесетін металдарды өндіруді жә­не өңдеуді дамыту үшін 2021 жы­лы құпияландыруға жататын мәлі­меттердің ведомстволық тізбелері қайта бекітілді. Тізбеден литий, цезий, галлий, тантал-ниобийдің баланстық қорлары туралы мәліметтер алып тасталды. Бұдан былай бұл ақпарат құпия емес.

 

«Егемен-ақпарат»