Әлем • 06 Қыркүйек, 2021

Израиль тәжірибесі: қандастарға қамқорлықтың озық үлгісі

417 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Әлемнің көптеген елі өздерінің шетелдік отандастарын, яғни отанына оралғандарды және басқа елдерге көшкендерді екіжақты қолдау саясатын белсенді түрде жүзеге асыруда. Осы орайда шетелдердегі отандас­тарды атамекенге тартуға және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету мәселесінде Қазақстан үшін израильдік тәжірибе тиімдірек болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Израиль тәжірибесі:  қандастарға қамқорлықтың озық үлгісі

Израильдің осы бағыттағы тиісті шараларды жүзеге асыруы бұл ел­дегі халық санының өсуіне ықпал етті. 2009 жылы елдегі халық саны Израиль­ден тыс жерде тұратын еврей­лердің санынан асып түсті. Бір қызығы, Израиль халқының орташа тығыздығы бір шаршы шақырымға 395 адамнан келетініне қарамастан, аталған мемлекет шетелдік отандастарын еліне шақырудан бас тартпай, олар үшін барлық мүмкіндіктерді қолдануда. Қазіргі уақытта Израильдің Алия және интеграция министрлігі иммиграция және шетелдік еврейлермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алия (репатриация) және интеграция министрлігі репа­триант­тарға Израиль өміріне толық бейім­делгенге дейін жан-жақты қолдау көр­сетеді. Бұл саясатты жүзеге асыруда мем­лекетке Еврей агенттігі белсенді түр­де көмектесуде.

Еврей агенттігінің негізгі мақсаты – әртүрлі білім беру бағдарламаларына тарту арқылы Израиль мен бүкіл әлем бойынша жас еврейлердің ұлттық сана-сезімін нығайту. Бүгінде еврейлердің болашағын қамтамасыз ету жас еврейлер арасында еврей қауымдастығына және оның халқына тиесілі болу сезімін Израиль қалай жандандыратынына байланысты. Бұл жерде репатриация үдерісін ұйымдастыру жөніндегі шаралар қатарында жастар сегменті, атап айтқанда, шетелдік отандастарды оқу және білім беру мекемелеріне тарту бойынша білім беру іс-шараларын өткізуге ерекше назар аударылады. Израиль саясатын көптеген ел тәжірибе ретінде қолдануда.

Бүгінгі таңда Израиль мемлекеті өзінің шетелдік отандастарына бір­қа­тар білім беру бағдарламасын ұсынуда. Мәселен, Израиль заңнамасына сәй­кес барлық деңгейдегі білім беру жүйе­сіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша тиісті мемлекеттік шара­лар көзделген. Олардың барлығы сионизм идеологиясына негізделген жә­не мақсаты – еврей халқын өзінің тари­хи отанында біріктіру және жан­дан­дыру. Әрине, бұл жалпыұлттық идея­ны жүзеге асыру құралы ретінде репа­трианттарды қолдаудың әртүрлі бағ­дарламалары, соның ішінде, білім беру бағдарламалары да аз емес. Мысалы, Израильде балалар мен жастар, сондай-ақ жаңа мамандықты оқыту бағдарламаларын әзірлеу және енгізу немесе ескісі бойынша білімді жетілдіру мәселелері нақты реттелген. Айта кетсек, Еврей агенттігінің жас дәрігерлер мен медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің, IT, нақты ғылымдар, басқару және бизнес салаларындағы жас мамандардың, спортшылар мен белсенді өмір салтын ұнататындардың, фотографтардың, дизайнерлер мен өнер қайраткерлерінің мүдделері мен кәсіби қызметіне бағытталған арнайы бағдарламалары бар. Сонымен қатар Израиль тәжі­ри­бе­сі көрсеткендей, әмбебап және ең таны­малы – 17 жастан 21 жасқа дейінгі жас­тарды Израиль колледждері мен уни­вер­ситеттеріне түсуге дайындау бағдарламасы.

Израильде осы елге оралуға құқығы бар шетелдік отандастарына қатысты білім беру бағдарламаларының кейбір ерекшеліктеріне назар аударған жөн. Біріншіден, мектеп оқушылары үшін Израильде орта білім алуды және из­раильдік жетілу аттестатын алуға мүм­кіндік беретін НААЛЕ бағдарламасы бар. («Ноар Оле Лифней ха-hорим», яғ­ни «жастар/жасөспірімдер ата-ана­сынан бұрын (елге) оралады» дегенді біл­діреді). Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді? Статистикаға сүйенсек, аталған бағдарлама жүзеге асырыла басталғалы Израильге ата-аналарынсыз келген 10 мыңнан астам жасөспірім орта білім алды. Қазір де бұл бағдарламаның тү­лек­тері Израильдің игілігі үшін әртүрлі қызмет салаларында жұмыс істейді.

Бұл бағдарлама Израиль мектеп­те­р­інде халықаралық стандарттарға сай ақысыз білім мен әлемнің кез кел­ген университетінде қабылданатын жетілу туралы куәлігін алуға, оқудан тыс бағ­дар­ламаларға қатысуға (экскурсиялар, семинарлар, мәдени және ойын-сауық шаралары), медициналық сақтандыру, қалта шығындары мен телефон байланысын қоса алғанда, тегін тұруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқудың бірінші жылынан кейін қатысушылар демалыс уақытында үйіне тегін ұшуға мүмкіндік алады. Бағдарламаға кәмелетке толмағандар қатысатынын ескере отырып, бағдарламаны іске асыру мерзіміне оларды Израильде тұратын туыстары немесе мемлекет тарапынан бекітілген израильдік отбасы өз қамқорлығына алады. Бағдарлама бойынша білім алушыға Израиль ішкі істер министрлігінен «шетелдік оқушы» мәртебесі беріледі.

Екіншіден, Израиль колледждері мен университеттеріне оқуға түсуге жастарды дайындаудың әмбебап және ең танымал СЭЛА атты бағдарламасы да бар. Ол 10 ай ішінде иврит және ағылшын тілін, математика курстарын, сонымен қатар қосымша сабақтарды оқуды ұсынады. Қатысушылар (17 жастан 21 жасқа дейін) ұйымдастырушы тарапынан толық қамсыздандыруда болады және ай сайынғы стипендия мен өзге де жеңілдіктер алып тұрады.

Үшіншіден, Израильде дәрігерлер үшін таглит (таглит – «ашылу» деп аударылады және еврей ұлтының ұр­пақ­тары үшін Израильге он күн­дік сапар болып табылады) деген бағдар­лама бар. Ол жас дәрігерлер мен меди­циналық жоғары оқу орындары студенттерінің мүдделері мен кәсіби қызметін шыңдауға бағытталған. Бұл бағдарлама қатысушыларға Израиль­дің жетекші ауруханалары мен медициналық орталықтарына, медициналық әскери базаға баруға, сонымен қатар медицинадағы озық технологиялармен танысуға бірегей мүмкіндік береді. Start-Up таглиті IT, нақты ғылымдар, басқару және бизнес салаларындағы жас мамандардың кәсіби қызметін жетілдіруге бағытталған және израильдік «экономикалық ғажа­йыпты» және инновациялар индус­трия­сының феноменалды дамуын зерт­теуге арналған. Extreme таглиті спорт­шылар мен белсенді өмір сал­тын ұстанатындардың мүдделеріне бағытталған және түрлі жорықтар мен спортпен шұғылдануды қамтамасыз етеді. Art-Mix таглиті заманауи би бо­­йынша шеберлік-сыныптары, театр студияларымен кездесулер, мұра­жай­ларға экскурсиялар және т.б. іс-шара­лар өткізу арқылы қатысушы-фотогра­ф­тар­дың, дизайнерлер мен өнер қайрат­кер­лерінің шығармашылығын дамытады.

Төртіншіден, жаңа репатрианттар үшін еврей тілін үйрету үшін Ульпан атты курс та ұсынылады. Базалық тіл­дік білімді шыңдаумен қатар «жаңа» азаматтар, әсіресе жастар, Израиль­дің мәдениеті, тарихы мен дәстүр­лері, әлеуметтік-экономикалық құры­лымы туралы ақпарат алады. Егер репа­триант тілді білетін болса, оған оның деңгейіне сәйкес бағдарламаны таңдауға мүмкіндік беріледі. Тегін оқу мүмкіндігі елге келген күннен бастап 18 ай ішінде беріледі және әдетте аптасына 25 сағаттан бес айға созылады. Кәсіби (жоғары білімі бар мамандар үшін), зейнеткерлер мен мүгедектерге, балалар мен студенттерге арналған жазғы Ульпан курстары да бар.

Сонымен қатар студенттерге жоға­ры оқу орындары мен колледждерде оқу ақысын төлеу арқылы (репатриант мәртебесін алған сәттен бастап алғашқы үш жылда) көмек көрсетіледі, ал оқушылар, өз кезегінде, «оқушы қоржынын» (оқу орнына аударылатын оқулықтарды, экскурсиялар мен мәдени іс-шараларды төлеуге өзіндік дота­цияның бір түрі) ала алады. Оның мөлшері баланың жасына және елге келген күніне байланысты. Сондай-ақ, репатрианттар оқудағы олқылықтардың орнын толтыру үшін қосымша сабақтарға баруға құқылы.

Егер Қазақстанмен салыстырмалы тал­дау жүргізетін болсақ, біздің елі­мізде бұл бағыттағы жұмыс басқа фор­матта болса да бастапқы деңгейде жүргізілуде. Мысалы, шетелде тұра­тын этникалық қазақтарды қолдау шеңберінде Қазақстанда төрт негізгі білім беру бағдарламасы жұмыс істейді, атап айтқанда, жоғары оқу орындары базасында дайындық курстары, жоғары оқу орындарына 4% квота, колледждерге 4% квота, Болон процесі және академиялық ұтқырлық желісі бойынша стипендиялық бағдарлама. Бұл ретте, ресми деректерге сүйенсек, бөлінетін квоталар жыл сайын толық көлемде игерілмейді. Мысалы, 2020 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орнына түсу үшін дайындық бөліміне 1 300 орын бөлінсе, тек 825 талапкер ғана түскен болатын, ал ҰБТ-ға қаты­су үшін құжаттар тапсырғандар саны 2025 болды. 2020-2021 оқу жы­лында этностық қазақтар үшін мем­лекеттік квотаның 4%, екі мыңнан астам орынға тең болғанына қарамастан, тек 909 талапкер ғана грант иегері атанған екен. Сонымен қатар елімізде колледждерде білім алуға ниет білдірген қандастарымызға келсек, 539 қандасымыз құжат тапсырып, барлығы да оқуға түскен болатын.

Жоғарыдағы статистиканы біз босқа көрсетіп отырған жоқпыз. Егер де жоғары оқу орындары мен колледждерге берілетін квоталардың игерілуіне назар аударсақ, олар әртүрлі, яғни біріншісі ешқашан толық игерілген емес. Осы орайда, бізді бір ғана сұрақ мазалайды. Демек, колледждерге берілетін квота санын көбейту керек. «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өткен жылдың қорытындысы бойын­ша берген мәліметтеріне сәйкес, жоға­ры сұранысқа ие мамандықтар қата­р­ына тракторшы-механизаторлар, жүргізушілер, даяшылар, сауда өкіл­дері, дәнекерлеушілер, түрлі жұмыс істеу­шілер/жүк тиеушілер, азпаздар, тәрбие­леушілер, тас қашаушылар мен кеңсе-менеджерлері енді. Қарап отырсақ, келтірілген қажетті мамандықтардың көбісі колледжде оқытылады.

Сол себепті, университеттерге бері­летін квотаны азайтып, колледждерге, керісінше, екі есе көбейту керек. Соны­мен қатар кол­ледж­дерге кәмелетке толмаған жасөспірімдер түсетінін ескере отырып, Израиль тәжірибесі негізінде, оларға мемлекет тарапынан қамқоршы бекіткен жөн болар еді (мысалы, қосымша ақыға колледж оқытушысы/куратор болса). Оның үстіне бұндай ұқсас тәжірибе бізде бар. Мысалы, қазіргі кезде елі­міздің солтүстік өңірлерінде орта білім инфрақұрылымын сақтап тұру үшін оңтүстік аймақтардан солтүстікке мектеп оқушыларын ауыстырып, әкімдік оларды өз қамқорлығына алуда.

Сонымен қандастарымызға Қазақ­станда білім алу үшін бөлінетін кво­та­лардың толық көлемде игерілмеуінің негізгі себептері қандай екенін анықтап көрсек. Біріншіден, ҰБТ емтихандарын тапсырудың өзіндік қиындығы бар және ол оқу бағдарламалары мен мектеп пәндеріндегі айырмашылыққа бай­ланысты. Мысалы, этностық қазақтар Қазақстан тарихы, қазақ тілі пәндерін тұрып жатқан елдерінде өтпейді. Сонымен қатар этностық қазақтар қазақ тілін білетініне қарамастан, үш түрлі алфавиттің болуына байланысты тілдік мәселе де бар – кириллица (оны Қазақстанда тұратын қазақтар, сондай-ақ ТМД-ның кейбір елдері қолданады), латын (оны түрік қазақтары пайдаланады) және араб (төте) жазуы (Қытай қазақтарында). Екіншіден, этностық қазақтар үшін Қазақстанның білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі немесе мүлде болмауы, тиісті оқу-әдістемелік базаның жоқтығы. Осыған байланысты, Қазақстан шетелде неғұрлым белсенді сыртқы саясат жүргізуі керек. Мәселен, тұрақты/жүйелі негізде Abaı Úıi мәдени-іскерлік үйлерін тарту, сондай-ақ заманауи қазақстандық білім беру әдістемелерін ұсыну арқылы. Үшіншіден, мұның себебі білім берудің барлық деңгейлерінде тиісті жүйелік саясаттың болмауында. Жоғары білімге баса назар аудара отырып, Қазақстан Израиль сияқты шетелдегі қазақ қоғамдастықтарының балаларын, тіпті балабақшаларға да, ең болмағанда, мектепте білім алу үшін тартуға назар аударуы керек.

Байқағанымыздай, израильдік тәжірибе білім беру бағдарламаларына қатысуға және мәдени, кейде тіпті идеологиялық бағытта, жас еврейлерге арналған десек қателеспейміз. Бұл мәселеде Қазақстан өз тәжірибесін енді қалыптастыруда.

Осылайша, этностық репа­триант­тарды қолдауға арналған израил­дік жоғарыда аталған барлық білім беру бағдарламалары, Израиль үшін экономикалық тиімді, қоғамға ауырт­палықсыз бейімделуге және халық­ты жұмыспен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Сонымен қатар олар елдің адами капиталын дамытуға инвес­тициялық үлес ретінде де қызмет етеді. Қарастырылған Израильдің білім беру бағдарламаларының еврей халқының санына оң әсер етуі бізге қызығушылық тудырады.

Қорыта айтқанда, елімізде израиль­дік тәжірибені қолдану арқылы мәдениет пен тілге баулу, этностық бірегейлікті сақтау және нығайту мақсатында біз­дің шетелдік отандастарымыз үшін қа­зіргі білім беру бағдарламаларын едәуір кеңейту және жаңа білім беру бағ­дарламаларын енгізу қажеттілігі бар. Осындай білім беру саясатын іске асы­­ру болашақ ұрпақтың Қазақстан аума­­ғында өмір сүруіне немесе әртүр­лі ке­зең­дерде атажұртымен қайта қауы­­­­шуына, олардың қалыптасуы мен жан-жақ­ты дамуына ықпал ететіні сөз­сіз. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің бас­­ты ерекшелігі – қоғамдық-саяси жә­не әлеу­меттік тұрақтылығында деп білеміз.

 

Гузаль ГАЛИАКБАРОВА,

«Отандастар қоры» КеАҚ сарапшысы