Мемлекет басшысы сөзінің әлқамында: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы» деді. Қазір еліміздің қай ортасына барыңыз, ақылы бар кез келген адамына жолығыңыз, айтатыны, сезінгісі келетіні – осы игілік.
Экономиканы өркендету жақсы, өндірісті дамыту одан да тәуір, әл-ауқатты ойлаған екібастан тамаша, бірақ қалың қауымда, әсіресе жастарда білім, мәдениет, ғылым болмаса, осының бәрі қайдан келеді? Бұл ретте Жолдау жұртқа жақын тілмен жазылған және қаумалаған қиындықтан шығатын жолды дұрыс көрсеткен деп санаймыз.
Мына тұжырымдамаға назар аударыңыз: «Мемлекеттің экономикаға тым көбірек араласуы оның өсімін тежейді, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз лобби жасауға әкеп соқтырады». Бұл жерде әңгіме – бейтараптықта емес, құр дабыраны, жалаң бақылауды, есеп үшін есепті, құнамақорлықты тыюда.
Көбіміз ауылдан шықтық. Жерді ему мен су қадірін, мал бағу мен жан бағуды, топырақ пен дақылдың түр-түсін, өнімін жанымызбен сезінеміз. Ауыл шаруасындағы берекесіздікті көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан Мемлекет басшысының: «Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек» деген ойының, тапсырмасының тезірек орындалуына тілеуқормыз.
Ғылымсыздық яки ғылымға атүсті қарау әлемдік дерт кезінде антиваксерлікке, қиял-ғажайыпқа сенуге немесе өмірден түңілуге алып келді. Осы орайда Президент: «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады» деп, тиісті орындарға уақыттың өзі күн тәртібіне шығарған мәселені лайықты шешуді тапсырды.
Жалпы адамзат даму жолына түскелі бері білім мен ғылым – қоғамның, мемлекеттің проблемасы емес, сол проблеманы шешетін керемет тетігі. Алаш тұлғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін шығарылған нәрселер» деуі сондықтан. Қазір осы «дағдарыс», «қиындық» деп жатырмыз, мұның бәрі әлемдік деңгейде саяси мәселеден бастап адами мәселеге дейінгінің дұрыс реттелінбегендігінде. Дүние жүзінің ірі елдерінде билік олимпіне шыққандардың, трансұлттық тетіктерді ұстағандардың өрге дөңгелетуге тиісті тасты шыңырауға қарай гүрс етіп тастағанында. Тура әзіл аралас әпсанадағыдай: «Бір жынды етектегі өзеннің тар аңғарына қиядан құлатқан кесек тасты жүз ақылды шығара алмай жүр...».
Биылғы Жолдауда ғылымның бірсыпыра күрделі мәселесі терең айтылды. «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым», деді Мемлекет басшысы.
Әрине, мемлекет қаржысы түбі жоқ саба яки мес емес екенін ескерсек, бәсекеге қабілетті ғылыми маман даярлау, отандық іргелі және қолданбалы ғылымның өлшемін қалыптастыру, жетекші ғалымдарды ынталандыру көзін табу – түптеп келгенде, елдің мүддесі. Ғылымға мемлекеттік көзқарас осылай қалыптасады. Ішкі жалпы өнімнің (gross domestic product) ғылымға бөлінетін пайызын белгілеу және жүзеге асыру – осы жолдағы ең маңызды қадам.
Екінші, «PhD бағдарламасын оқитындарға бірінші ғылым шарт па, ағылшын тілі шарт па?» деген сұраққа шет тілді жеңімпаз ету асқан ақылдылық деп есептемейміз. Жақында ғана бір математик-академик келіп: «Мен қазір талантты математик түлекті өзіме докторант ете алмаймын. Өйткені ол ағылшын тілі тестінен құлап қалды. Егер осы жүйе біздің кезімізде енсе, ешқашан ғалым бола алмайды екенбіз» деп, мұңын шағып кетті. Әрине, мұны жай эмоция демей, «жаңа жағдайда шәкірт тәрбиелеу мектебін қалай жүйелендіреміз?» деп ойлануымыз қажет. Осы орайда ғылым да, ғалым да қат кездегі академик Қаныш Сәтбаевтардың батыл да мемлекетшіл тәжірибесін жандандыруымыз керек. Ана тілі – ұлттың жаны, әлем тілі – коммуникация. Қазақстан жаратылыстану-техника ғылымы саласының соңғы 40-50 жылдағы корифейлерімен сұхбаттаса қалсаңыз, ағылшын тілін өзі үшін және ғылымы үшін бірте-бірте, табиғи түрде меңгергеніне көзіңіз жетеді.
Үшінші, «ғылымға бөлінетін базалық қаражат» бұрын Ғылым академиясы құрамында болып келген барлық институтқа, соның ішінде гуманитарлық бағыттағы институттарға ауадай қажет. Осы жерде тағы да бір мәселе бар. Мысалы, біз университет пен ғылымның ықпалдасуын қаншалықты табысты жүргізе алдық? Қазіргі жас та болса іскер министр А.Қ.Аймағамбетовтің осы мәселеге байланысты ұсыныстарын қаншалықты жүзеге асырып жатырмыз? Ғылымның отандық өлшемін, оны қаржыландыру тетіктерін, маман әзірлеудегі сабақтастықты әр саланың ғылыми қауымдастығы кеңесіп, талқылағанын естіп пе едіңіздер? Біздіңше, мұндай талқылау ауадай қажет.
Мысалы, кезінде Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, сенатор, Парламентте комитет төрағасы болған, бүгінде жасы 90-ға таяған академик Жабайхан Әбділдин былай дейді: «Гуманитарлық ғылым мен жаратылыстану-техника ғылымына бірдей талап қою – ғылымның спецификасын білмеуден. Ғылымның критерийін Scopus, Web of Science базасына енетін журналдардағы мақалалармен ғана өлшеу – отандық ғылымдағы ізденістерді, нәтижелерді шетелге тегін беру және өз ғылыми журналдарымыздың дәрежесін төмендету деп білемін. Ал мұнан да сорақысы – жастарды механикалық түрде «скопустық мақала» жариялауға итермелеп (енді олар қайтсін, PhD қорғау керек), әлемдік ғылымдағы алаяқтардың – «жыртқыш журналдардың» жемтігі етіп жатырмыз. PhD түлектерінің 60-70 пайызы дер кезінде диссертациясын қорғай алмауы тек осы Scopus жарияланымына байланысты екені мемлекетті және жауапты орындарды ойлантуы керек. Альпинизммен енді айналысып жатқан адамға «екі-үш жылда Джомолунгмаға шығасың!» деуге бола ма? Және талапта айтылған шың нағыз ғылымның шыңы болса, бір сәрі. Бұл нені көрсетеді? Бір кезде осы талапты енгізген сала басшыларының отандық ғылым өлшемін жан-жақты ойластырмағандығын айғақтайды. Оның есесіне қолдан келетін және отандық ғылымға көп пайдасын тигізетін қатаң да жүйелі талапты қойсақ, еліміздің ғылымы өркендей түсер еді. Жастар да ғылымға ықыласпен, ынтамен келер еді. Сонымен бірге ғылымды жалпақшешейлікке, шүлен үлестіруге айналдырмау керек. Бүгінгі ғылымдағы көп қиындық – 1990-2000 жылдардағы сондай принципсіздіктің салдары».
Біздіңше, ғылым саласы ақсақалының осы пікірі Президент Жолдауы аясында аса көкейкесті естіледі. Бұл мәселе министр А.Қ.Аймағамбетовті де алаңдатып отырғанын жақсы білеміз. Сала басшысы: «Біздің ғалымдардың мақалалары халықаралық базаға енбейтін журналдарда жарияланған жағдайлар жиілеп кетті. Әлбетте, бұл тәжірибені өзгерту керек. Қағида қарапайым – «беделсіз» журналдардағы бірнеше жарияланымның орнына жоғары сапалы журналдағы бір мақала болғаны дұрыс. Бұл ретте гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша мақалаларға қойылатын талаптар оның ерекшелігіне қарай сараланады» деп, сындарлы ұстанымын жеткізгені есімізде. Ал академик Жабайхан Мүбаракұлы айтқан гуманитарлық сала туралы министр: «Бұл бағыттағы зерттеулердің бизнес тарапынан қосымша қаржыландырылу перспективасы жоқ. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік-гуманитарлық бейінді ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыруды жетілдіру және кеңейту шараларын қабылдауда» деп атап көрсеткен-ді. Міне, осы Мемлекет басшысы биік мінберден мәлім еткендей, ғылымды қаржыландырудың бастама-тетігі өз шешімін тапқалы тұр.
Жолдаудың асыл арқауы болып енген ұғым – инклюзив. Президент: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» деп бір қайырса, тағы бір тұста: «Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз» деп тұжырымдайды. Әл-әзір қазақша аудармасы жоқ осы ұғымның Алаш зиялылары тұсында «Игілік» қауымы деген практикалық баламасы болған. Бұл – кембағалға қол созу, шеттетілгенді ортаға тарту, қоғам игілігін бөлісу, өзгені өзіңдей көру дегенге саятын идея еді. Түркістан өңірі тарихына қатысты мұрағат деректерінен кезінде зағип және мылқау жандарға Құран үйрететін мектептер болғанын оқып, қайран қалған едік... Бүгінде инклюзив тек мүгедектерге ғана қатысты іс-амалдар кешені емес, бұл – қоғамның мейірімі мен жауапкершілігі. Ойлана қарасақ, бұған да ғылымның ұстанымы, көзқарасы керек. Біртуар Әлихан Бөкейхан: «Бір өнер қылған кісіге тар жер екі өнер қылған кісіге кең болады» деп жазады. Алаш көсемі шынайы ниет пен игі іс-әрекетке иек артты.
Мемлекет басшысы Жолдауының түйіні айқын: халықтың береке-бірлігі мен елді дамытатын саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени жаңғырулар – өркендеудің іргетасы. Осы орайда білім мен ғылымға қоғамның адастырмас темірқазығы болу, жаңашыл қағидаттарды енгізу мен жүзеге асыру жүктеліп отыр.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі