Қоғам • 08 Қыркүйек, 2021

Онлайн санақ: Бір тәулікте – 150 мыңнан аса адам

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше, 7 қыркүйек сағат 9.00-дегі жағдай бойынша 453 556 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 394 933-і sanaq.gov.kz сайтында, 46 492-і Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 12 131 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн санақ:  Бір тәулікте – 150 мыңнан аса адам

Ұлттық статистика бюросы баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, алғашқы алты күннің қоры­тындысында мегаполистер алда келеді. Мәселен, 65 736 астаналық тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 64 537 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеді. Мұнда 51 386 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Түркістан және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 5 713 және 4 124 адам санақтан өтіпті.

Ерекше атап өтетін жайт, бір адам өзімен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері үшін толтыра алады. Яғни sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп бір отбасын қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автомат­ты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтар­лықтай үнемдеуге болады. Санақ сауалдарына жауап берген соң хабарлама онлайн өткен барлық отбасы мүшелеріне ортақ болып саналады.

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді бол­мақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан ара­лы­ғында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 бай­ланыс орталығына хабарласуға болады. Қо­ңы­рау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!