«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл шаруаға жуырда ғана өткен ауыл әкімдері сайлауында халықтың басым дауысымен Қарақұдықтың әкімі болып сайланған Бауыржан Жұмағұлов есімді азамат ұйытқы болған екен.
Нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Сержан Аймақов жазуды орнату туралы бастаманы жұмыла көтерген Жұмағұловтар отбасына және ауылдың барша тұрғындарына алғыс сезімін жеткізді.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында біздің алдымызға ауылды қолдау, оны дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Мұның бәрі бірлескен күш-жігермен іске асуы керек. Ауылды абаттандыру мұнымен бітпейді. Біздің жоспарымызда сауықтыру және спорт орталықтарын салу бар, – деп атап өтті ол.
Ал ауыл әкімінің ағасы, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов туған ауылына қол ұшын созу әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы екенін айтып, ауылдық жерлерді мекен ететін тұрғындарды мүмкіндігінше игі істер жасауға шақырды.
Қазір Қарақұдық ауылында 700-ге жуық адам тұрады.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы