Дөңгелек үстелге қатысушылар Президент Жолдауының басымдықтары мен міндеттерін, оларды жүзеге асыруға ҚХА-ның атсалысуын, сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту бойынша Ассамблеяның алдағы жұмысына тоқталды. Отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов қатысушылар назарын Жолдаудың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жетінші бөліміне аударды.
– Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауды өзінің жаңа мәртебесі – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде жариялағанын атап өту қажет. Жолдаудың негізгі тезистерін зерделей отырып, біріншіден, Мемлекет басшысының этносаралық қатынастар мәселелеріндегі стратегиялық сабақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі саяси ерік-жігерінің табандылығын терең түсінеміз. Бұлардың барлығы Ассамблеяның 29-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген этносаралық қатынастар және интеграция саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, сондай-ақ ұлттың жаңа бірегейлігін нығайту қағидаттары мен идеологиялық тәсілдерінен тікелей туындайды, – деді М.Әзілханов. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының Ассамблеяға өркениетті диалог пен өзара құрмет мәдениетін дамытуды, азаматтық белсенділікті жандандыруды тапсырғанын атап өтті.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев еліміздегі этносаралық қатынастың маңыздылығы жөнінде айта келе, қазақ тілін дамыту бағытында атқарылған жұмысқа тоқталды.
– Министрлік қазақ тілін дамытуға, жетілдіруге және оның қолданыс аясын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан этностары арасында мемлекеттік тілді үйренуге айрықша көңіл бөледі. Еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Онда келушілер мемлекеттік тілді және этностардың ана тілдерін оқып, қазақ халқының бай мәдениеті мен ежелгі дәстүрлерімен танысады. Еліміз бойынша барлығы 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 124 топ қазақ тілі курстарын өткізеді. Оған 1 200-ге жуық адам қатысады. Сонымен қатар Достық үйлерінің базасында тұрақты негізде қазақ тілін оқыту бойынша 18 «Мәміле» пікірталас клубы ұйымдастырылды, «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы іске асырылады, – деді С.Егізбаев.
Отырыста сөз алған «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов 30 жыл бойы жинақтаған мол тәжірибеміздің арқасында біздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатымыз әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаланатынын баса айтты.
– Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 30 пайыздан астамын түрлі этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге, сақтауға лайықты жағдай жасалған. Бұл тұрғыда еліміз өркениетті елдерден озық тұратын парасатты саясат ұстанып отыр. Өз кезегінде барша этнос Ассамблеяның берекелі шаңырағының астына жиылып, ел бірлігіне бағытталған ауқымды жоба-жоспарларды ұтымды іске асыруға және ең бастысы – мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтасып отыр, – деді И.Хашимжанов. Ол сондай-ақ Жолдауға қолдау көрсету және оны нақты әрі сапалы орындау баршамызға ортақ міндет екеніне, сондықтан Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы Мемлекет басшысы айтқан барлық тапсырмаларды әр сала мамандары сапалы әрі нәтижелі орындағанда ғана біз ел жағдайының іс жүзінде жақсарғанының куәсі болатынымызға сенім білдірді.
Жазушы, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Отарбаев Жолдаудың қоғамда орын алып отырған күрмеуі күрделі мәселелердің шешілуіне үміт болғанын атап өтті.
– Жолдауда көкейдегі көптеген түйткілді мәселелердің түйіні тарқады. Мәселен, азық-түліктің бағасы шарықтап өсе бастаған шақта нақты шешім жолдарын ұсынып, қоғамдағы алаңдаушылықты басты. Сондай-ақ көкейімізде жүрген ең бір маңызды мәселе – тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет саласын одан әрі дамыту, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру және жас таланттарды қолдау және оларға қамқорлық көрсету болды. Бұл шын мәнісінде зиялыларымыздың көңілінен шыққан жағымды жаңалық, – деді Мәлік Отарбаев.
Одан бөлек жиында сөз сөйлеген Қазақстан немістерінің «Возрождение» бірлестігі қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Евгений Больгерт бұл Жолдаудың «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі үшін таяу болашаққа бағытталған бағдарламалық құжаты болатынын атап өтті.
Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Элина Паули қазақ тілінің қолданысын кеңейту Ассамблея міндеттерінің бірі екеніне тоқталды.
– Біз ұрпақ болашағын ойлай отырып, олардың қазақ тілін білуіне жағдай жасауымыз және қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мысал ретінде республикалық барлық Достық үйлерінде құрылған қазақ тілін меңгеруге арналған «Мәміле» клубтарын айтуға болады. Осындай бастамаларды қолдай отырып заманауи форматта жүргізген жұмысты дамыту қажет, – деді Ассамблея жастар қозғалысының өкілі.
Осылайша, іс-шара барысында Жолдауды жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті айқындалып, атқарылатын жұмыстың бағыты белгіленді.