Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2021

Абайдағы абат істер

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай ауданы Қарағанды облысындағы экономикалық күш-қуаты мол, ауыл шаруашылығы өркендеген аймақтың бірі.

Абайдағы абат істер

Қазіргі таңда аудан орталығы Абай қаласында аулаларды абаттандыру жұмыстары қауырт жү­ріп жатыр. Жергілікті билік ойын алаңдарын орнатып қана қоймай, жолдың бір бөлігін кеңейтіп, асфальт төсеп, жол төсемдерінен жаяу жүргіншілер жолдарын жасады. Бұл өзгеріс­тер­ді бірнеше жыл күткен тұр­ғын­дардың қуанышында шек жоқ. Абай қаласының әкімі Медеу Ахметов биыл алты ауланың абаттандырылғанын айтады.

– 2025 жылға дейін жылына бес-алты ауладан абаттандырамыз. Бұдан бөлек, биыл 8 шақырымнан астам жолды жөндедік. Төрт үлкен көшеге асфальт салып, жеке сектордың 10 көшесіне жол төселді, – дейді ол.

Абай қаласында заманауи балалар және спорт алаңдары орнатылып, тұрғын үйлер құ­ры­лысының да белсенді жүргізіліп жат­қанын айта кеткен ләзім. Мы­салы, қазіргі уақытта қаладағы Жеңіс даңғылы бойында жеке инвестициялар есе­бі­нен бес қабатты тұрғын үй салынуда. Құрылыс салушының жоспары бойынша, 2022 жылы 45 пәтер пайдалануға берілмек. Биыл Абай ауданы бойынша 168 отбасы баспаналы болады. Оның ішінде Топар кентінің баспанаға зәру 18 тұрғыны қазірдің өзінде қуанышқа бөленді. Сондай-ақ алдағы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту бағдарламасы аясында тұрғын­дар­дың өтініші бойынша көпқабатты үйлердің бірі жөнделе бастайды. Тұрғындардың өзі де бұл бағдарламаға қатысып, үйлерінің шатырын жөндеп алу мүм­кіндігіне ие болды. Абай қа­ласы мен Қарабас кентіндегі ұзын­дығы 64 шақырым болатын кәріз жүйелері жаңадан салынып, кәріз тазалау стансасы қайтадан жаңартылып, алдағы қараша айында іске қосылмақ.

Алдағы уақытта Абай ауданы егіс алқаптарынан мол өнім алуды жос­парлап отыр. Аудан әкімі Бауыржан Асановтың мәліметіне сай, биыл астық жинау алқабы 40 мың гектарды, картоп 5 902 гектарды және көкөніс 1 001 гектарды құрайды.

– Абай ауданы Қарағанды облысы көлемінде 52,5% картоп және 61,9% көкөніс өндіреді. Егін ору науқанына 108 астық жинайтын комбайн тартылған. Картоп жинауға 20 комбайн мен 25 қазғыш қа­тысады, деген ақпарат берді аудан басшысы.

Айта кету керек, жергілікті би­­лік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдан келген қам­қор­лықты жасап бағуда. Мы­салы, биыл олардың қажетіне 2 500 тонна арзандатылған дизель отыны бө­лі­ніп­ті.

Биыл Абай ауданында ауыл шар­уашылығы саласында жеті бір­дей инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мы­салы, аудандағы ірі кәсіпорын «Астра-Агро LTD» компаниясы 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салмақшы екен. Бір өзі 30 адамға жұмыс беретін жаңа нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Астра-Агро LTD» ЖШС – еліміз­де­гі картоп тұқымының оригинаторы мәртебесіне ие жалғыз компания. Биылдың өзінде фермерлер экспортқа екі мың тоннаға жуық элиталық тұ­қым жіберді.

Сонымен бірге ауданның бет­­ке­ұстар кәсіпорнының бірі «Шанс» шаруа қожалығы да 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салып жатыр. Мұндағы жем зауытының құрылысы инвестиция есебінен жүргізілуде. Аса қажетті Petkus астық тазалау машинасы алынған.

Жалпы, аудан бойынша биыл­ғы күткен мол өнімнің далада қалмасы белгілі. Өйткені аймақта 44 жеміс-көкөніс қоймасы және 24 астық қоймасы бар.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы