Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2021

«Жасыл аймақта» тұрақтаудың амалы

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Түркістан – «жасыл аймақта» ұзақ уақыт тұрақтаған бірден-бір өңір. Көпшілікті қызықтыратын да өңірдің осы бір ерекшелігі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көптің көкейінде жүрген сұрақ журналистер тарапынан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовке қойылды.

«Жасыл аймақта» тұрақтаудың амалы

«Статистиканы жасырасыздар ма, ешкім ПТР тапсырмай ма, әлде жұмыс дұрыс жолға қойылғандықтан ешкім ауру жұқтырмай ма?» деген сұраққа басқарма басшысы бұл мәселе баршаны, оның ішінде Денсаулық сақтау министрін де қызықтыратынын айтып өтті.

«Біріншіден, өңірде вакциналаумен қамту көрсеткіші өте жоғары. Екіншіден, ешкім ештеңені жасырмайды. Бірқатар комиссиялар, түрлі тексерулер болды, ешкімнің жасырмайтыны дәлелденді. Біздің артықшылығымыз, облыс – халық тығыз орналасқан аймақ, бірақ қала­да­ғыдай емес, адамдар ауылдық жер­лерде тұрады. Сондай-ақ барлық сани­тарлық нормалар сақталады, бас санитарлық дәрігердің бұйрығы орындалады. Бұл мәселемен облыс әкімінің өзі айналысады, штабта жағдай туралы үнемі баяндап отырамыз, әкім мобильді топтардың жұмысын да өзі бақылайды. Өңірде күн сайын 3-4 мың тест жасалады. Саны жағынан біз республика бойынша көшбасшылар қатарындамыз, бірақ ПТР жай жасай бермейміз. Тек көрсеткіштер, белгілер болса ғана жасаймыз», деп түсіндірді басқарма басшысы.

Вакциналау басталған ақпан айын­да өңірде 100 егу пункті бол­ған, қазіргі кезде олардың саны – 148. М.Пашимовтің айтуына қа­рағанда, бүгінде облыс елімізде вак­циналау көрсеткіші бойынша 1-орында. Өңірде 10 қыркүйектегі мәлімет бойынша, індетке қарсы егуге жататын 937 мың адамның 816 мыңы, яғни 84,4%-ы 1-компонент алған. Ал 2-компонентпен 629 102 адам егілді. Пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңда 13 420 болып отыр. Оның 94,7%-ы, яғни 12 515 науқас жазылып шыққан. Қайтыс болғандар саны – 70. Бүгінде 718 адам ем қабылдауда, оның 151-і коронавирустан, 567-сі пневмониядан емделуде. Коронавирус инфекциясының түрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсектік орын санын 5700-ге дейін ұлғайтуға мүм­кіндік бар. Сонымен қатар бас­қарма басшысы былтыр жалпы транс­ферт есебінен 2,5 млрд қаржы бө­лі­ніп, 205 дана медициналық техника сатып алынғанын айтып өтті. Биыл анестезиология және реанимация бөлімшелерін жарақтандыру мақсатында 394 бірлік және ана мен бала бөліміне 91 бірлік медициналық техника сатып алынған. Былтыр облыс бюджетінен қалалар мен ауыл­дық жерлердегі денсаулық сақтау ны­сан­да­рын күрделі жөндеуге 809,5 млн теңге бөлінген.

Өңірде жыл басынан 9 қыркүйекке дейін коронавирус инфекциясының – 9 745, ал вирусты пневмонияның 5 881 жағдайы тіркелген. Коронавирус инфекциясының 6 526 ошағы анық­та­лып, қарым-қатынаста болған 23 801 адам медициналық бақылауға алынған. Індет жұқтырудың жоға­ры деңгейі басқа айлармен салыс­тыр­ғанда шілде (2 868), тамыз (3 047) айларында көбірек орын алды. Дегенмен облыста соңғы екі аптада коронавирус инфекциясына шалдығу көрсеткіші 437-ге, 36%, вирусты пневмония 43%-ға төмендеген.

Брифингте, сондай-ақ Түркістан облы­сының санитариялық-эпиде­мио­логиялық бақылау депар­та­мен­т­і­нің басшысы Нұрбек Нышанов өңірде әзірге ешқандай мектеп карантинге алынбағанын айтты.

«Облыс бойынша 1-9 қыркүйек аралығында мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырудың 68 жағдайы, мектеп-интернат ұжымының арасында – 2, мұғалімдер арасында – 16, балабақша тәрбиеленушілерінің – 2, балабақша тәрбиешілерінің арасында – 2, колледж студенттерінің ішінде – 2, ЖОО-да және басқа қыз­мет­керлердің арасында 10 жағдай тір­келді», деді бас санитар.

Дегенмен аталған жағдайлардың мектеп процесіне ешқандай қатысы жоқ. Яғни ауру жұқтыру процесі оқуға дейін болған. Карантин әзірге ешқандай мектепке қойылмаған. Тек бір мектептің 4 сыныбын онлайн оқыту туралы қаулы қабылданыпты. Өңірде жалпы 131 мобильді топ карантин режімі талаптарының сақталуы бойынша мониторинг жүргізеді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 4 199 хаттама толтырылып, 4 017 жеке тұлғаға, 148 жеке кәсіпкерге, 7 заңды тұлғаға, 27 лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 238 млн теңге айыппұл салынған. Карантин талаптарын бұзушылықтардың ішінде басым бөлігі – тыйым салынған мерекелік іс-шаралар. Жыл басынан бері 821 той анықталған. «Өкінішке қарай, облыс­та кейбір мейрамханаларда бірнеше рет той өткізу фактілері анықталды. Мәселен, бір тойханада 2 реттен 9 ретке дейін той ұйымдастыруға жол берілген», деді Н.Нышанов. Бүгінде өңірде 8 468 нысан Ashyq бағдарламасын енгізген. Оның 28-і көшбасшы мәртебесіне ие. Қосымша 8488 кәсіпкерден бағдарламаға қатысуға өтініш берілген.