Сексен жылдық тарихы бар бұл зауыт бүгінде заман талабына сай өндірісі толықтай автоматтандырылған, жоғары технологияларға арқа сүйеген «ақылды» кәсіпорынға айналған. Заманауи машина жасаудың болашағына бағыт алған зауыттағы негізгі және қосалқы жабдықтарының түгелдей жаңартылғанын айта кету керек. Қол еңбегін цифрлы бағдарламамен басқарылатын станоктар алмастырды. Жалпы, кәсіпорынды жаңғырту үдерісі шамамен үш жылға созылыпты. Осы уақыт аралығында зауыт өзінің жұмысын тоқтатпаған.
Бірден айта кету керек, аталған кәсіпорын конвейерлік және сорғы жабдықтарын, жүк көтеру механизмдерін, байыту фабрикаларына арналған машиналар мен қосалқы бөлшектерді, тау-кен шахталары жабдықтары мен темір жол көлігін шығаруға маманданған. Мұнда кішкентай шайбадан бастап вагонетка, шанақ, экскаватор шөміші, гидроцилиндр және басқа да күрделі бөлшектерге дейін өндіріске қажетті өнімнің барлығы шығарылады.
Қарағанды құю-машина жасау зауытының бас механигі Юрий Литвиненконың айтуынша, жоғары өнімділікті, жан-жақтылық пен дәлдікті қамтамасыз ету мақсатында барлығы 248 бірлік жабдық сатып алынған екен. Бұрыннан жұмыс істеп келген дәстүрлі қондырғыларды заманауи цифрлы бағдарламалық басқару машиналары (ЦББ) алмастырған. Чехия, Италия, Жапония, Аустрия және Франция сияқты өндірісі дамыған елдерде жасалған бұл жабдықтардың 76-сы бар зауытта. Олардың кейбірінің баламасы біздің елімізде жоқ дегенді айтады зауыттың бас механигі.
– ЦББ машиналары өнімділікті орташа есеппен үш есеге дейін арттырады. Мысалы, бізде кәдімгі Геллер арасымен салыстырғанда өнімділігі 12 есе көп таспалы станоктар жұмыс істейді. Қажетті өлшемдер орнатылады, бланкілер автоматты түрде қозғалады – адам еңбегі мен күш-қуаты соншалықты қажет те емес. Яғни үдерістің күрделілігі мүлдем басқа. Дәлдік те өте жоғары, – дейді Юрий Литвиненко.
Мұндағы машиналардың технологиялық тұрғыдағы мүмкіндігі өте жоғары. Мысалы, Чехияда өндірілген WRD-150Q көлденең жону машинасы сырт өлшемі тоғыз метр және салмағы төрт білік бойынша 20 тонна болатын үлкен бөлшектерді орындарынан ауыстырмай-ақ өңдеуге мүмкіндік береді.
Бұрын цехтағы өңдеу үдерісінің машақаты көп болатын. Көптеген машинаны іске қосуға тура келуші еді. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша: бәрін бір ғана жабдық атқарады. Мұның өзі жұмысты жеңілдетіп, ең бастысы еңбек қауіпсіздігін арттыра түсті.
Бір ғана мысалдың ретімен зауыттың мол мүмкіндігі мен әлеуетін аңдауға болады. Мысалы, кәсіпорындағы заманауи жабдық вагоншаны басынан бастап соңына дейін толығымен жасап шығаруға мүмкіндік береді.
Зауыттағы дәнекерлеу роботының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Берілген бағдарлама бойынша робот дәнекерлеуші аса күрделі деген жұмыстың кез келгенін автоматты түрде орындайды. Тіпті зергерлік дәлдікті қажет ететін ең ұсақ жұмыстарды да асқан шеберлікпен атқарып шығады. Бұл машина жұмысының нәтижесінде еңбек өнімділігі ондаған есе артады екен. Осы үдерісті бір ғана оператор басқару пультінде отырып қадағалайды. Роботтарға түскі үзіліс пен темекі шегудің қажеті жоқ, сондықтан олар бірнеше сағат бойы үзіліссіз жұмыс істей береді. Ал дәнекерлеуші манипулятор «қол» болса, өзінің шаруасын жоғары дәлдікпен және аса сапалы етіп орындайды.
Кәсіпорын жабдықтарында лазерлік және плазмалық металл кесу машиналарының да жұмысы аса тиімді және олардың өнімділігі де өте жоғары деңгейде. Мысалы, оның біреуі жұқа материалды 20 мм-ге дейін жоғары дәлдікпен кессе, екіншісі 200 мм-ге дейінгі қалың материалды кесу жұмыстарын сапалы орындайды.
– Мысалы, плазмалы қиғыш беріктігі аса жоғары Hardox маркалы болаттан көп күш жұмсамай-ақ қысқа ғана уақыт ішінде қажетті дайындамаларды жасап шығаруға мүмкіндік береді. Егер бұл жұмыстарды қолмен немесе керосинді қиыштың көмегімен істесе, бұл үдеріс он есе көп күш пен ұзақ уақытты қажет етер еді, – дейді зауыттың бас механигі Ю.Литвиненко.
Сондай-ақ зауыттағы сапаны бақылау жүйесінің де жаңғыртылғанын айта кеткен жөн. Кәсіпорын зертхана мен ТББ үшін барлық құрал-өлшеу аспаптарымен және басқа да заманауи құралдармен жабдықталған.
Бүгінде зауытта 800-ге тарта жұмысшы адал еңбекпен нәпақасын тауып жүр. Мұндағы өндірісті жаңғырту үдерісі жұмысшылардан біліктілікті талап етеді. Яғни зауыт қызметкерлері біліктілікті жетілдіріп, арнайы курстардан өтіп отырады. Мәселен, ЦББ машиналарын басқару үшін жоғары білімі бар операторлар қажет. Конструкторлық-технологиялық басқармасындағы 50 қызметкердің де біліктілік деңгейі жоғары: олардың жобалық құжаттаманы басынан бастап сапалы және қысқа мерзімде әзірлеп шығуға қабілеті жетеді.
Осыдан үш жыл бұрын кәсіпорында «1C: Кәсіпорын 8. Қазақстан үшін кәсіпорынды ERP басқару 2» бағдарламалық өнімінің базасында автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу» жобасы іске асырыла бастаған болатын. ERP класының өндірісін басқарудың бірыңғай есепке алу-талдау жүйесін енгізу шығыстар мен кірістер бөлігінде бизнестің ашықтығын арттыруға, активтердің болуы мен қозғалысы бойынша, шығындар көлемі, іске қосылған персонал, материалдық ресурстар турасында жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта зауытта темір жол көлігіне арнап шығарылған өнімдердің 50-ге жуық түрі сынақтан өтуде. Бұдан бөлек, кәсіпорын Maker брендімен өз өнімін ТМД елдеріне экспорттайды. Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды құю-машина жасау зауытын тек ішкі қажеттіліктерге ғана емес, сонымен бірге жаңа нарықтарды игеруге бағытталған мүлдем жаңа ауқымдағы кәсіпорын деп сенімді түрде айтуға болады.