Осы жылдың 11 қыркүйегіндегі жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін Қор компанияларында еңбек ететін 203 853 қызметкер алған. Бұл – барлық жұмысшылардың 74,5 пайызы. 182 272 қызметкер толық егілді – 66,6 пайыз.
Қордың корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Манкеевтің айтуынша, егілу тек ерікті түрде жүргізілуде. Заң шеңберінде жұмысшының толық келісімі алынған соң ғана екпе салынады.
– «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялар көптеген салада қызмет етеді. Олардың тұрақты әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі ел экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан жұмыскерлердің коронавирус инфекциясына қарсы егілуі олардың денсаулығын сақтауға және еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыруға ықпалын тигізеді, – деді М.Манкеев.
Басқарушы директордың айтуынша, Қорға қарасты компанияларда вакциналау дұрыс жолға қойылған. Өндірістік нысандарға арнайы жылжымалы топтар да барып, егу шараларын жүргізеді. Әрбір жұмыскерге елімізде мақұлданған вакцина түрлері ұсынылады. Сонымен қатар Қорда COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі Жедел штаб құрылғанын атап өткен жөн. Онда пандемияға қарсы жаңа шаралар әзірленіп, вакцина салуды ынталандыру тетіктері ұсынылған.
– Ел билігінің вакцина егу қажеттілігі туралы тапсырмасына сәйкес, 270 мыңнан астам қызметкері бар «Самұрық-Қазына» Қоры ұжымдық иммунитет қалыптастыруға белсенді атсалысты. Әлеуметтік желілер, салалық бұқаралық ақпарат құралдары мен бейнероликтер арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. #менекпеалдым #явакцинировался челленджі ұйымдастырылды. Қорға қарасты компаниялардың басшылығы алғашқылардың санатында екпе алып, өзгелерге үлгі көрсетті, – деді М.Манкеев.
Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында халыққа егу препараттарын қолжетімді ету үшін Қор Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген Hayat Vax вакцинасының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Оны осы жылдың мамыр айында «СҚ-Фармация» компаниясы жеткізіп, Денсаулық сақтау министрлігінің желісі бойынша таратты.
Қор компанияларында қызметкерлерді коронавирусқа қарсы егілуге ынталандыру үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, кезектен тыс ақылы демалыс күндерін беру, вакцина салғызған қызметкерлер арасында ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынған. Вакцина салғызғандар санын ұлғайту мақсатында қосымша шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның ішінде психологтермен, қоғам белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен кездесулер, ланч-бокстар ұйымдастыру жоспарланған.
Айта кетейік, Қордың ресми сайтында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында вакцина салғызған қызметкерлер санын көрсететін арнайы есеп кестесі жұмыс істейді
«Самұрық-Қазына» вакциналауға қатысты жаңа құралдарды да енгізуде. Мәселен, ендігі жерде вокзалдар мен пойыздарда екпе алу пункттерінің жұмысын ұйымдастыру қарастырылып отыр.