Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев сырқаттанушылық көрсеткішінің екі есеге жуық төмендегенін айтады.
– Орташа алғанда, біз күніне 350-ге дейін індет жұқтыру оқиғасын анықтаймыз. Осыған байланысты бізде төсек қорының жүктемесі азайды. Барлығы 4 264 төсек орналастырылған еді, қазір біз оның 1 433-ін жинап тастадық. Соның нәтижесінде бес ковидтік госпиталь жабылды. Олар Қарағанды облысының тұрғындарына көпбейінді көмек көрсету үшін қайтарылды. КВИ төсектерінің жүктемесі 29 пайызды құрайды, – деп мәлімдеді ол.
Қазіргі уақытта облыстағы госпитальдардың жан сақтау бөлімшелерінде 80 науқас ем алып жатыр. Олардың басым бөлігі ұзақ уақыт өзін-өзі емдеймін деп ауруын асқындырып, өкпенің зақымдануының жоғары пайызымен инфекциялық ауруханаларға түскендер. Ал өкпені жасанды желдету аппараттарына 9 адам қосылған.
Дегенмен, індеттің төмендегеніне қарамастан, Қарағанды облысы әлі де «қызыл аймақта». Мамандар босаңсуға ерте екенін айтады.
Облыстың бас дәрігері тұрғындарды өзін өзі емдеймін деп ауруды асқындырып алмауға шақырды. Сонымен қатар ол барлық шектеу шараларын сақтауға және өздері мен жақындарына жанашыр болудың қазіргі кезде маңызды екенін еске салды.
Соңғы тәуліктегі түскен мәліметке сай, облыста коронавирус инфекциясын 340 тұрғынның жұқтырғаны анықталды. Ал сауығып шыққандардың саны 354 адамды құрады.
Қарағанды облысы