Қоғам • 16 Қыркүйек, 2021

22 адамнан тұратын отбасы санақтан өтті

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында Абдазимов­тар отбасы халық санағынан онлайн ­ре­жімде өтті. Бұл отбасы 22 адамнан тұрады.

22 адамнан тұратын отбасы санақтан өтті

«Менің жеті балам бар – төрт ұл, үш қыз. Қазір үйде барлығы – 22 адам. Біз барлық 22 адамға санақтан онлайн өттік және барша отандастарымды санақтан онлайн өту­ге шақырамыз», деді отағасы Абдулаким Абдазимов.

Ақсақалмен бір үйде оның ұлдары жұ­байларымен бірге және 12 немересі тұрады. Қыздары тұрмысқа шығып, бөлек тұрады, олар да санақтан әкелері сияқты онлайн-форматта өткен.

Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 2 465 217 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 2 123 896-сі sanaq.gov.kz сайтында, 244 097 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 97 224 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

13 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда. Мұнда 252 149 тұрғын са­нақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 224 842 адам Ал­маты қаласында тіркелген. Үздік үштікті Қызыл­орда облысы түйіндеді. Мұнда 204 546 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншіледі. Бұл өңірлерде сәйкесінше 56 926 және 53 781 адам санақтан өтті.

Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қы­зыл­орда облысы алда тұр. Мұнда аза­мат­тардың 24,9%-ы сауалдарға жауап берген (1 та­мыздағы жағдай бойынша өңір­де 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 19,8%-ы бүгінге дейін санақтан онлайн режімде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауал­дарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!