01 Ақпан, 2014

Шахтерлерді сабырға шақырды

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

КСРО кезінде Шығыс Қа­­зақстан мыс-химия комби­натының атағы дүрілдеп тұрған. Сонау 70-жылдардың басында облыс­тық газеттің экономика бөлі­мінде қызмет жасап жүрген кез­де аталмыш кәсіпорынның Николаев кен байыту фабрикасы республикалық екпінді құрылыс болып жарияланып, апта сайын ғимараттан жедел репортаж жазушы едік. Шынында да, мыс пен мырышқа, түсті металдарға бай кәсіпорынның келешегі кемел болатын. Еліміз нарыққа көшкен кезде шикізат қоры аса бай өндірісті инвесторлар сатып алған. Николаев байыту фабрикасынан кейін Артемьев кеніші 2005 жылы пайдалануға берілді.

Осыдан екі күн бұрын Арте­мьев кенішінде еңбек етіп жатқан 108 шахтер жер бетіне көтерілмей, өз наразылықтарын басшыларға жеткізді. Суыт хабарды ести салысымен облыс әкімі Б.Сапарбаев қатты аяз бен боран-шашынға қарамастан Шемонаиха ауданына жедел жетті. Жанында облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатов, кәсіподақ мүшелері бар. Іле-шала «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай келіп жетті. Барлығының басы қосылған соң 500 метр тереңдікке түсті.

Шахтерлер «Қазақмыс» басшысын салқын қарсы алды. Наразылық білдіруші топ пен «Қазақмыс» басшысы, облыс әкімі дөңгелек үстел басында ашық әңгімені бастады. Бердібек Мәшбекұлы оларды сабырға шақырып, мән-жайдан толық хабардар етуді сұрады.

– Кәсіпорынның қуаты жыл сайын артып келеді. Бір жылда 1,5 миллион тонна мыс-мырыш, қорғасын кені бар полиметалл шикізатын өндіреді екенбіз. Ал шахтерлер еңбегінің өте ауыр екенін білесіздер. Жалақы мардымсыз, еңбек шарттары орындала бермейді, қайғылы жағдайға жол беріп алғандардың көтерме сыйлығын алып тас­тайды. Вахталық әдіспен еңбек ететіндердің жолына қаржы бермейді. Сондықтан біз Елбасы Жолдауында айтылғандай, әлеуметтік жағдайдың реттелуін, жалақының көбеюін, өндірістік жарақат алған кезде түрлі өтемдердің төленуін талап етеміз, – деді он жылдан бері жеті қабат жердің астында еңбек етіп келе жатқан проходшы Сейітбаттал Дәлелханұлы.

Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы шахтерлер талабы орынды екенін, «Қазақмыс» басшыларымен бірге кеңесіп, кеншілер еңбегінің ескерілетінін, талапты орындау үшін уақыт керек екенін, ал қазір жер бетіне көтерілуін сұрады. Сонымен, екі комиссия құрылды. Оған наразы топ өкілдері, құқық қорғау органдары, атқарушы билік және ақпарат құралдары өкілдері кірді. Комиссия 15 ақпанға дейін тексеруді аяқтамақ.

Сонымен, шахтерлер наразы­лы­ғын тоқтатып, үйлеріне тарады. Кеншілердің барлығы өңір басшысы Б.Сапарбаевтың дұрыс шешім қабылдағанына ризашылықтарын білдірді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха ауданы.

Соңғы жаңалықтар

Оралда халықаралық конференция өтті

Университет • Бүгін, 18:01