Өнер • 21 Қыркүйек, 2021

Жыршылық өнер – жан азығы

1219 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тау суының тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіңе қондырған өнерге деген іңкәрлікті тілмен айтып жеткізу қиын-ақ. Ал өнердің өресін кеңіткен бабалар үнін тыңдағанда, сол кеудеңді бірде шаттық кернеп, бірде мұң ториды. Замана зары, өмір шындығы, ел ерлігі деген ізгі қасиеттердің бәрін кеудесі кенді кешегілер әнмен мұра еткен-ау. Сол үшін де Мұқағали ақын айтқандай: «Бабаларым, рахмет сендерге!» деп тебірене түсесің. Бұлай тебіренуге кәсіби жыршы, термеші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен себеп болды. Рухани шөліркеген ұлтты әнмен сусындатқан өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Жүрекжарды лебізі мен ән тағдырына деген алаңдаушылығын тыңдадық. Әншінің орамды ойларын, пайым-парасатынан өрілген өрелі сөздерін осы орайда зерделі оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

Жыршылық өнер – жан азығы

– Күнсұлу, дәстүрлі әндерді заманға сай эстрадалық бағытта орындап жүрген өнерпаздар кө­беюде. Бұл халық әндеріне де қа­тысты. Заман талабына сай әре­кет етеміз деп саф өнердің сал­мағын түсіріп алмаймыз ба?

– Базар жыраудың «әр заман­ның өзіне лайық сазы болады» деген сөзін тірілткім келеді. Дәстүр жаңарып жаңашаланып отыруы керек деп ойлаймын. Әр заманның өзіне сай сазы және сол уақыт шең­берінде өнер тудырушы, сондай-ақ сол өнердің тыңдарманы болады. Жаңа сипатқа ие болу арқылы да ол өз маңызын одан әрі тереңдете түседі. Әрине бұл жерде негізгі тү­бірін түбегейлі өзгерту деген сөз емес. Қайта сол түбірін сақтай отыра импровизаторлық сипат беріп, әнді түрлендірсе ешқандай айыбы жоқ. Қазіргі заман талабына сай әр шығарманы өңдеп, түр мен түсін жоғалтпай ел ішінде жаңаша деммен насихаттап отырса, ол дү­ние өзгеше қырынан танылады. Жаңа­рады һәм жасарады дегендей. Жыр термелерді қазіргі заманға лайықтап эстрадалық нұсқада орын­дау арқылы да бұл өнерді дамы­тамыз, жаңа тыңдарманын қа­лыптастырамыз. Бірақ жоғарыда айт­қанымдай негізін сақтай отыра дамыту бұл үрдістің негізгі қағи­дасы болу керек. Оның үстіне қай­мағы кетпеген дәстүрді дамытып отырған барлық орындаушы өнер­паз қазіргі заманға лайықталған өнер иелері.

– Сонда, сіздің ойыңызша на­ғыз жыршы деген кім?

– Нағыз жырау, нағыз жыршы, ол – бойына бір емес бірнеше өнер­ді қондырған талант. Ол – ақын, ол – саз тудырушы, ол – айтыс­кер, ол – шешен, ол – ділмар, ол – әңгі­меші, ол – әнші, ол – күйші, ол – дом­бырашы, ол – кемеңгер ойдың иесі. Мұның барлығы жыраудың синкреттілік қырын көрсетеді. Және оны дамытқан, оны түрлендірген, жаңаша сипат берген орындаушы. Нағыз жырау ата аманатын абыройлы арқалап, асқан жауапкершілікпен қарайтын нағыз рухани жауынгер. Сондай-ақ ежелден келе жатқан есті қағида бойынша, нағыз жырау – жыр қоры толық қалыптасқан орындаушы. «Таңды таңға ұрып жырлау» деген дәстүр бар. Қазір де жоқ емес. Нағыз жыршы осы негізді жадында жаңғыртқан адам. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «новаторлық» қасиетті осы ақын жырауларға тәндестіруі, сондай-ақ жер бетіндегі барлық поэзияны ақын-жыраулар поэзиясына алмастырмаймын деген қанатты сөзі бар. Бұл өнерді тудырған және насихаттап жүрген өнер иелеріне берілген ең шенді баға деп ойлаймын.

– Бүгінде жыршылық өнеріміз тереңнен зерттеліп жатыр ма? Осы салаға мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау көрсетілуде?

– Жыршылық өнер қазіргі уақыт­та көбіне тек кәсіби орындаушы­­лық бағытта дамып келе жатыр. Ал ғы­лыми даму кезеңі тоқтап тұр. Оған бірнеше себеп бар. Ең әуел­гісі, жыршы-жырауларды оқы­та­тын жоғары оқу орындарын­да мем­лекеттік гранттар өте аз. Да­ла­дан келіп қалаға оқитын бола­шақ жыр­шыға мемлекет ең әуелі осы мә­селе тұрғысынан көмек беруі қа­жет. Бакалавр дәрежесінен бас­тап докторлық дәрежеге дейінгі кезеңде осы мәселе ең өзектісі деп білемін. Кәсіби жыршы оқып, да­муы, кемелденуі үшін оған ең әуелі жағдай жасалғаны дұрыс. Қа­зақ­та «кәсібің – нәсібің» деген сөз бар. Сананы тұрмыс билеп тұрған уақытта өнер де, ғылым да екінші орынға шығады. Ақылы негіздегі оқуды оқуға екінің-бірінің шамасы жетпейді. Ал оқиын десе қазіргі жоғары білім жүйесінің талабы зор. Оның үстіне мыңның біріне ғана бұйыратын мемлекеттік тегін оқу мүмкіндігінің аз болғаны көңілге көлеңке түсіреді. Сондықтан магист­­ратура, докторантураға жас та­лапкерлердің беттей қоюы екіта­лай. Ғылым дамуы үшін сол сала­ның айна­ласындағы азды-көпті, үлкенді-кі­шілі мәселелерге мән бер­ген дұ­рыс. Осы орайда тағы бір мә­селеге тоқ­талғым келеді. Қазіргі уақытта жо­ғары оқу орнын бітіріп, дипломы бар дәстүрлі өнер иелері жұмыс таппай бос жүріп қалатыны қынжылтады. Жастарға қатысты айтып отырмын. Оқу бітірген кәсіби жас орындаушылардың бар­лығы филармония, ор­талық концерт залдарында, өнер университеттерінде жұмыс істей алмайды. Біразының осы себептермен жұмыс бағытын ауыстырып, бұл саладан ажырап кетіп жатқандарын көреміз. Өте өкінішті. Өнерге обал. Сондықтан да қазіргі уақытта жас­тарды көбірек жұмыспен қамтып, қамқорлық көрсетіп, оқыған кәсі­бінен нан табуға жол жасау керек секілді. Жоғары оқу орындарында, әлгі аталған өнер ұжымдары тыңнан түрен салған қайратты жас буын өкілдерімен толықтырылып отыруы қажет.

– Жаһандық індет экономикадан бөлек, мәдениетімізге де ке­сі­рін тигізгендей. Пандемия өнер сала­сына қаншалықты әсер етті? Кө­рермендермен байланысты жо­ғалтып алған жоқсыздар ма?

– Қазақ – әрбір істен қайыр кү­тетін халық. Қандай қиындық туса да, ел өз сабырлығымен, салмақты қалпымен біраз ауыртпашылықты жеңіп келе жатыр. Жаһанды дүр сілкіндірген індет еліміздің тек эко­номика, мәдениет саласын ғана емес, сондай-ақ ішкі рухани қуатын да біраз сарқыды. Жігерін жасытты. Қаншама асыл ұлы мен қызынан айырылды. Десе де өмірдің бір тол­қында тұрмайтындығын ескерсек, ел болып бұл басқа түскен үлкен сынақтан там-тұмдап халық өз өзін қанаттандырып, қиындықты жеңуде. Екі жылдық пандемия ке­зінде, езілген жұрттың еңсесін кө­теріп, көңілге өнер дейтін үлкен қару­мен дем берген де осы өнердің өз адамдары болды. Оның ішінде ұлт­тық өнердің майталмандары, ха­лықтық өнермен барынша ел ең­сесін көтеруге үлес қосты. Екін­ші дүниежүзілік соғыста да қан май­дан­ның ортасында жүріп, елдің ер­ле­рін қайраттандырып, жігерін жа­­сы­т­паған қазақтың біртуары Роза Бағланова апамыздың ке­зін­­дегі Нартай бригадасының ер­­лік ісі елдің есінде. Бұл өнер дей­тін алпауыт күштің алмайтын қа­ма­лы жоқ. Сол секілді халық ін­дет­пен жаппай жасықтанып, көңі­лі жа­бырқаған уақытта өнер иелері ба­рынша елге медет болды. Жы­рау­­лар жырын үзбеді, әншілер әнін үз­­беді. Осы орайда айта кететін бір жайт, Сыр өңірінің жыршы, жы­рау­лары әлеуметтік желілер ар­қы­лы халық­пен байланыс орнатуы. Ап­талап, айлап тікелей эфирде жеке­лей орындаушылар халықты жырмен сусындатты. Шөлдеген көңілдің рухани сусынын қандырды. Оның ішінде жас жыршылардың еңбегі зор.

– Күнсұлу, естуімізше елорда төрінде «Сүлейлердің ізімен» атты концерт беруге дайындалып жатыр екенсіздер. Сол келелі кеш жай­лы аз-кем мағлұмат бе­ріп кетсе­ңіз? Дәстүрлі әндерді жыр­сүйер қа­уым да сағынған болар...

– Онлайннан офлайн жүздесу­ге мүмкіндік туып жатқаны қуанта­ды. Халық пен өнерпаздың арасы ажы­рамас біртұтас қасиет қой. Халық пен өнердің арасы ал­шақ­тамаса дейміз. Осы орайда жал­пақ жұртқа жария ететін бір үлкен жа­ңалығымыз бар. «Сырдың елі – жыр­дың елі» деген қанатты сөз бар. Сүлейлер мұрасын арқалап, ата мұрасын абыройлы алып жүрген Сыр өңірінің жас буын жыршы, термешілері «Қазақкон­церт» мем­ле­кеттік концерттік ұйымы­мен бір­лесіп «Сүлейлердің ізімен» атты ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дық ме­рей­тойына орай үлкен жыр кешін ұсын­бақ. Қазақ ақын-жыраулар шы­ғар­машылығы насихатталатын бұл жыр кешінің жөні бөлек. Атадан балаға мирас ақ өнердің ақберен бүгінгі буын толқынының астанаға алып келе жатқан сәлемі, сыр сү­лейлерінің абыройлы сөзі, жыр аманаты. Жыр-керуен көшін жалғап келе жатқан жас жыршылардың еге­мендіктің еңселі тойына тартатын жыр тарту кеші қыркүйектің 26-шы жұлдызында сағат 17.00-де «Қазақстан» Орталық концерт залын­да өтеді. Жиырмаға тарта жас жампоз жыршылар өнер көрсететін керуен көштің басында ұстаз, жы­рау, Мәдениет қайраткері Рус­лан Ахметов ағамыз да бар. Сыр өңі­рінен бөлек, Арқа, Жетісу, Батыс жыр мектептерінің бүгінгі толқын жас жыршылары да өнер көрсетеді. Өнерге жүрегімен берілген жас өрен жүйрік жыршылардың еш­қандай үкіметтің қолдауынсыз ерік­ті бастамасымен қолға алынып отырған бұл секілді атаулы жоба осыған дейін Алматы, Ақ­тау, Павлодар өңірінде ұйым­дас­ты­рылды. «Қазақконцерт» ұйы­мы­ның 61-ші маусымашар кон­­цер­ті, бұйырса, осы аталған жыр ке­­­ші­мен басталғалы отыр. Жас­тар­­дың талабына қолдау білдіріп, үл­кен мүмкіндік жасап отырған «Қа­зақ­­концерт» ұйымына, басшысы Жеңіс Сейдолла, сондай-ақ «Ха­лық қазынасы» өнер бөлімінің жетек­шісі, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали аға­ларымызға алғысымыз шексіз. Бұйырса барша елордалық жыр­сүйер көрерменді мерекелік жыр кешімізде асыға күтетін боламыз.

– Ендеше, жыр кешінде жо­лыққанша! Пайымды пікіріңізге рахмет.

Р

 

Әңгімелескен

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qаzaqstan»