Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен сенбілікте 620 килограмм қоқыс жиналды. Аталған экологиялық бастамаға 70-ке жуық адам қатысты. Олардың арасында Нұр-Cұлтан қаласының әкімдігі, ЕО елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, эко-еріктілер, журналистер мен Қазақстан астанасының жанашыр тұрғындары болды. Шыны және пластикалық қалдықтар Clean City NC компаниясының көмегімен әрі қарай өңдеуге жөнелтілді.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас ұйымның қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұстанымын баяндап берді.
«ЕО су айдындарындағы ластануды, соның ішінде пластикті азайту және алдын алу жөніндегі жаһандық қозғалыстың бастамашысы болды. Бүгін #EUBeachCleanup науқаны аясында біз Нұр-Сұлтандағы Есіл өзенін тазалауға аз да болса маңызды үлес қостық. Науқанның мақсаты – қоғамның назарын осы мәселеге аударып, адамдарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақыру. ЕО көптеген өңірлік жобалар мен бағдарламалар шеңберінде өз көмегі мен тәжірибесін ұсына отырып, Қазақстанның «жасыл экономика» моделіне көшуін қолдауды жалғастыра бермек», деді Кестутис Янкаускас.
ЕО жыл сайын қыркүйек айында бүкіл әлем бойынша мұхиттардың ластануы мәселесін көтеріп, белсенділік танытып, осы мәселеге халықтың назарын баса аудару мақсатында арнайы науқан ұйымдастырады. Бұл қадам арқылы табиғатты және биоалуантүрлілікті қорғауға бағытталған тұрақты дамудың бірнеше мақсатына қол жеткізуге болады. Қазан айында өтетін БҰҰ конференциясына дайындық аясында биылғы науқан биологиялық әралуандыққа арналған.
Қазір таза ауыз су мәселесі планетаның халқы көп шоғырланған қалаларында өте маңызды болып отыр. Нидерланд Корольдігі NL Waterway Cleanup науқаны аясында осы мәселеге назар аударуға шақырады. Нұр-Сұлтандағы Нидерланд Корольдігінің уақытша сенімді өкілі Наут ван Вауденберг ірі қалалардағы ауыз су мәселесі күннен-күнге өзекті бола беретінін мәлімдеді.
«Болжамға сәйкес, 2050 жылы әлем халқының 68%-ы қалаларда тұратын болады. Бұл су мен қалдықтар мәселесін тез арада шешуді одан әрі өзекті етеді, өйткені қалалар таза сусыз тіршілік ете алмайды. Бұл Нидерланд елі үшін де өте маңызды мәселе. Біздің ел аумағының үштен бірі теңіз деңгейінен төмен болғандықтан, су – Голландия тарихы мен мәдениетінің маңызды бөлігі. Климаттың өзгеруі мен жылдам урбандалу бізге шешімі күттірмейтін жаңа қиындықтар мен жүгі ауыр міндеттерді жүктейді. Сондықтан Нидерланд Дүниежүзілік тазалық күнінде бірқатар шараны ұсынады. Сол себепті бүкіл әлемде NL Waterway Cleanups науқандарын ұйымдастырады. Бүгін Нұр-Сұлтанда әріптестерімізбен бірге Есіл өзенін тазартуға көңіл бөлдік. Осылайша, біз тұрақты қалалар үшін таза суды барлық жерде қол жетімді етуге шақырғымыз келеді», деді Нидерланд елінің Қазақстандағы өкілетті өкілі.
Бұл сенбілік Эстония бастамашы болған халықаралық экологиялық қозғалыс – Дүниежүзілік тазалық күні қарсаңында өтті.
«Дүниежүзілік тазалық күні – біздің заманымыздың ең ірі азаматтық қозғалыстарының бірі, ол бүкіл әлем бойынша 180 елдің азаматтарын жер шарын тазалау мақсатында біріктіреді. Бұл күні бүкіл әлемдегі белсенділер қоршаған ортаны ластанудан тазарту үшін жиналып, жағажайларды, өзендерді, ормандарды және көшелерді қоқыстан тазартады. Бұл әлемді өзгертуге бағытталған шағын ғана жоба Эстонияда 2008 жылы пайда болды, бес сағат ішінде бүкіл елді тазарту үшін 50 000 адам жиналған. 2019 жылы 21,2 миллион экобелсенді бүкіл әлемде 36 сағаттық тазарту толқынына қосылған еді. Ол Жаңа Зеландияда басталып, Гавайда аяқталып, бүкіл әлемді шарлады деуге болады», деді Эстонияның Қазақстандағы елшісі Тоомас Тирс.