«Адам – білмегеннің жауы» дегендей, ислам діні туралы толық көзқарасы қалыптаспаған, мешіт жұмысынан хабарсыз кейбір аға-інілеріміз бен әпке-қарындастарымыз қасиетті дініміз жайлы жағымсыз пікірін ашық айтып, өзгелердің көкейіне күмән ұялатуда.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен әлеуметтік желі қолданушылары ислам туралы, сонымен қатар еліміздегі күллі исі мұсылман қауымның қарашаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жайлы теріс ақпарат тарату арқылы өз ары мен намысын, діни сенімі мен асыл дінін қорлап жатқанын түсінсе екен дейміз.
Осы ретте, 2006 жылы елімізде өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қарата айтылған Елбасының мына сөзі еріксіз еске түседі: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қасиетті сезімдерін қорлауды ұшындыра түссе, онда бұл журналистердің ерте ме, кеш пе өз нанымдарының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағиданы, өкінішке қарай, журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».
Шариғатымыз әр мұсылманнан дұрыс сөйлеуді немесе үндемеуді талап етеді. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», деп ескерткен.
Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бір өлеңінде:
«Қадірлісі – тіліне
ұят сіңгендер,
Жүрек сөзін
жүрегімен білгендер.
Тура сөзге келгенде
тіл тартпағын,
Қыңыр сөзді жасыр,
текке лақпағын»,
деп жырлайды.
Қазір ақпараттың заманы. Біз күніне қаншама ақпарат аламыз. Алайда сол ақпараттарды ой сүзгісінен өткізе бермейміз. Тіпті көрмеген немесе дәлелденбеген ақпаратты біреуге жібере саламыз. Бұл ісімізге қатысты Құранның айтар үкімі бар: «Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят).
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде орын алып жатқан тағы бір жағымсыз жайттың бірі – күмәнді нәрсені шын етіп көрсетіп, оқырманның ойын одан сайын күдікке итермелеу. Ислам діні жала жабылған адам туралы жаман ой ойлаудан сақтануға шақырады. Өзгенің сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлдебіреу хақында жаман ой ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға жабылған жаладан кейінгі түскен аятта: «Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала», деген болсаңдар еді» («Нұр» сүресі, 12-аят), делінеді.
Ізгі ғұламаның бірі: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң, «Әй, менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің?», деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», деген екен. Жаратушы жаббар иеміз Құранда күллі адамзат баласын жаман ойдан сақтандырып, былай деген: «Әй, мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені күмәнның кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді».
Ақпарат құралдарында жазылған мақалалардың мазмұнына қарасақ, кей автор қазіргі имамдардың біліміне күмән келтіреді. Аллаға шүкір, дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесі жылдан-жылға шыңдалып келеді. Имамдарымыз Мысыр, Түркия елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтауда. Олардың қатарында мен де бармын. Рас, діни салаға әлі де жоғары білімді ғалымдар мен тәжірибелі дін қызметкерлері қажет. Бұл мәселе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының стратегиялық жоспарына сәйкес кезең-кезеңмен өз шешімін тауып келеді.
Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы