05 Мамыр, 2010

АПТА АЙШЫҚТАРЫ

532 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ҚАРТ МАЙДАНГЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жеңістің 65 жылды­ғына байланысты Астана мен Мәскеу қалаларында өтетін салтанатты шеруге қатысу құрметіне ие болған бір топ қарт майдангерді қабылдады. – Елбасы Н.Назарбаев соғыс және тыл ардагерлеріне қамқорлық жасауды үнемі назарда ұстап келеді. Сондықтан әр ардагерге республикалық бюджеттен 65 мың теңгеден бөлініп отыр. Бұған облыстық бюджеттен 14 мың теңге қосылады. Ауданнан да қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек 27 соғыс ардагері Жеңіс күні қарсаңында Тараз қаласында пайдалануға берілген жаңа пәтерлердің кілтіне ие болады, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, әкім ардагерлердің Астана мен Мәскеуге барып-келуінің мұқият ұйымдастырылып, олардың үстіндегі киім үлгілерінің де бірыңғай болуын қадағалауды құнттауды тапсырды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. КӨҢІЛДІҢ ХОШЫ БОЛҒАН КЕЗДЕСУЛЕР Жеңістің 65 жылдығына орай күн құрғатпай өтіп жатқан түрлі шаралардың арасында Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған кітап онкүндігі акциясы жұртшылықтың назарын ерекше аударды. Апта басында өткен “Біз Жеңіске бірге жеттік” кітап көрмесінен бастап, акция шеңберіндегі шаралардың барлығы да соғыс тақырыбына арналды. Әсіресе, кітапханадағы соғыс ардагерлерімен болған кездесулер, “Б.Мо­мышұлы–аты аңызға айналған адам”, “Соғыс жылдары әндерінің кеші” атты кештердің әрқайсысы бірнеше сағатқа созылды. Кітап оқымайды, компьютерге тәуелді, батыстың жеңіл музыкасына әуес деген бүгінгі жастар өкілдері аға ұрпақ әңгімесін жылап отырып тың­дады. Әңгіме ұрпақ арасындағы байланысты үзбеу екенін осы кештер тағы да ескерткендей болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ. БІЗ – ЖЕҢІС МҰРАГЕРЛЕРІМІЗ Облыста Жеңістің 65 жылдығына орай ардагерлер мен олардың ұйымына қосымша қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы жүріп жатыр. Отан үшін от кешкен майдангерлерге Үкімет, облыс, аудан тарапынан бөлек сый тарту – азаматтықтың, ерліктің құнын білдіру, өскелең ұрпаққа тәрбие. Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов демеушілер есебінен ардагерлерге бір-бір тұлпар мінгізсе, қайырымдылық акциясында Мақтаарал ауданы алда келеді. Ал, “Нұр Отан” ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібековтің бастамасымен мерекеге орай соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізілуде. Қазығұрт ауданында үйі жоқ бір майдангерге үй салып беріліп жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан  облысы. СЫР АРДАГЕРЛЕРІ ЕЛОРДАДА БОЛДЫ Сыр аймағында тұратын соғыс, тыл, еңбек ардагерлерінің алғашқы тобы Астана қаласына саяхатта болып қайтты. Олардың барлық саны 300 болса, әрбір топ 50 адамнан 6 рет сапарға шықпақ. Елордаға сапарлап қайтқан алғашқы топтың құрамында 25 қызылордалық, 25 қармақшылық ардагер бар. Сапар алдында ардагерлерді облыс әкімі Б.Қуандықов қабылдап, оларға жолдамалар табыстап, сәт сапар тіледі. Сыр өңірінен барған қонақтар “Абай” қонақ үйіне орналасты­рылып, елордамыздың тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасады. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА “Нұр Отан” ХДП ғасыр жобасы болып отырған “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің Қазақстан аумағынан өтетін бөлігінің құрылысына партиялық бақылау ұйымдастыруды қолға алды. Осы мәселеге байланысты партияның облыстық филиалында өткен жиын­да Парламент Сенатының депутаты Еділбай Иманқұлов облыста жоба­ның жүзеге асырылу барысы жайында объективті ақпарат­тарды дайындау үшін партияның филиалы жанынан аумақтық комис­сия, құры­лыс объектілерінде партиялық бақылау топтары құрылғанын мәлімдеді. Автомобиль жолдары комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы Бағлан Баймағамбетов аталған халықаралық көлік дәлізінің 621 шақы­рымы Ақтөбе облысы аумағына кіретінін айта келіп, осы кезге дейін атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, қазір осы жоба бойынша 480 адам еңбек етеді, ал жұмыс қызған кезде олардың саны 1 мыңға жетеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. НЕМІС ТІЛІНДЕГІ КІТАПТАР КЕЛДІ Биыл Қазақстанда Германия жылы болып жарияланғаны мәлім. Осыған орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында неміс тіліндегі жаңа кітаптар мен компакт-дискілердің таныстырылымы болды. Аталмыш кітаптар Германиядан неміс елшілігі арқылы әкелінген. Рәсімге жиналғандар кітапхана қорындағы сирек кездесетін шетел әдебиеттерімен де танысты. Аталмыш қордың бас кітапханашысы Райса Әбуғалиеваның айтуынша, қорда мыңға жуық аса құнды кітаптар сақталып отыр, таяуда олардың электронды нұсқасы жасалмақ. Сонымен қатар, кітапханада шетел әдебиеті үшін арнайы бөлім ашылған. Таныстырылым кезінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің студенттері неміс ақындарының өлеңдерін оқып, ән шырқады. “ЖаикТрубТех” ЖШС директоры Холгер Нумрих Оралда арнайы клуб ашу­ды жоспарлап жүргенін, осы жерде неміс тілін оқып-үйренуге бола­тынын атап өтіп, Германиядан тапсы­рыс бойынша келе­тін жа­ңа кітаптарды кітапханаға тарту ететінін жеткізді. Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ. КІШКЕНЕ НҰРИСЛАМДЫ ЯЛТА КҮТЕДІ Бес жасар бұл балдырғанның есімі қазір аймаққа мәлім болып тұр. Атының алысқа аян болуы өнерінің арқасы. Жаңаарқа ауданының орталығындағы “Ер Төстік” балалар бақшасының тәрбиеленушісі жақында Астанада өткен “Ақ көгершін” ІV халықаралық байқауға қатысқан болатын. 5-тен 12 жасқа дейінгі жеткіншектер арасындағы номинация бойынша жеңімпаз атанған бүлдіршін. “Болашақ жұлдыздар” атты аудандық, облыстық, одан қала берді халықаралық деңгейдегі байқауда сахналық сүйкімділігімен, жас шамасына қарамай тапқырлығымен, бүр жара бастаған талантымен баураған бала енді Ялтада өтетін “Жұлдызды Аю-тау” байқауына шақырылып отыр. Осындай құрметке қуанышты Нұрислам Тылтыш бұл күнде оған дайындық үстінде. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы.