Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Кіші Талдыкөлдің сулы-батпақты жері зиянды заттардан тазартылып, суы сақталатын болады. Қазіргі уақытта экологтар нысанның суы өте лас, маңайы серуендеуге арналмаған деп пікір білдіріп отыр. Мұнда қоқыстың жиналуы, осыған дейінгі қалдықтардың шіріп кетуі нәтижесінде маңайынан жағымсыз иіс шығып, жәндіктердің (маса, кене) ошағына айналды. Тиісінше жақын маңда тұратын тұрғындарға ыңғайсыздық тудырады.
Кіші Талдыкөлдің сақталатын аумағы кемінде 20 гектар болмақ. Осылайша, су түбін тереңдету жұмыстары лай және басқа да зиянды шөгінділерден тазартуға, орташа тереңдікті арттыруға, су балансын сақтауға және т.б. мүмкіндік береді.
«Кіші Талдыкөл суы құрғатылмайды, тиісінше жойылмайды. Қайта батпақты тұсындағы зиянды қалдықтар тазартылып, аумағы абаттандырылады, түбі тереңдетіледі. Осылайша жұрт серуендейтін тартымды орындардың біріне айналады. Бұл ауданда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынады: мектеп, аурухана, балабақша және т.б. Себебі елорда қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес дамып келеді. Тағы да қайталап айтайын, Кіші Талдыкөл жойылмайды», деп нақтылады қаланың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев. БҰҰ стандартына сәйкес қала аумағында ластанған су айдыны болмауы керек. Бұл адам денсаулығына зиян.
Қала ішінде лас су айдыны болмауы керек
Кіші Талдыкөл суының химиялық құрамын зерттеу үшін шөгінділерге сынама жүргізілді. Нәтижесінде, адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін көптеген химиялық зат бар екені анықталды. Құрғақ қалдық 6,3 есе, темір мөлшері 6,2 есе, хлоридтер құрамы 9,5 есе, сульфаттар 12 есе, аммиак 5 есе артық. Сонымен қатар Сығанақ көшесі маңындағы аммиактың мөлшері 2,5 мг құрады, бұл ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрация) 1,5 есе асады. Сондай-ақ зерттеу нәтижесі бойынша су сапасы шаруашылық, ауыз су, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
«Кіші Талдыкөл алғашқыда батпақ жер болған. Оның үстіне Целиноград тұсында бұл жерге кәріз қалдықтары төгілген. Өткен ғасырдың 90-жылдары жергілікті халық Кіші Талдыкөлдің суынан балық аулап, оны жемей, базарға апарып сатқан. Суының лас екенін біліп, балығын жемеген. Қаланың ішінде иісі жағымсыз, былғанған көл болмауы керек. Бұл БҰҰ-ның экостандартымен белгіленген», дейді эколог Бақытгүл Турамиева.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолға алып отырған шаруаны эколог мамандар қолдап отыр. Олардың айтуынша, Кіші Талдыкөлді дәл осы күйде қалдырса буланып, бірер жылда суы құрғап қалады.
«Эколог маман болған соң оның суын сақтап қана қоймай жұртқа қолайлы орын болғанын қалаймыз. Кіші Талдыкөлдің аясы жыл өткен сайын тарылып, суы таязданып барады. Былтыр тереңдігі 70 см болған су биыл небәрі 20 см. Бір жылда суының тереңдігі 50 см-ге азайды. Суы буланып, құрғап барады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бұл проблемаға бей-жай қарамай, кәріз қалдығы төгілген лас суды тазартып, маңайын жұрт серуендейтін орындардың біріне айналдырмақ. Бұл экологтар жұмысының кішкентай да болсын жемісі.
Кіші Талдыкөлдің көркем кейпі бірер жылда жойылып кетуі мүмкін, оның қайнар көзі, басқа өзен-көлдермен еш байланысы жоқ. Осы қалпында тұра берсе санаулы жылда жойылып кетуі ықтимал. Суы құрғаған соң онсыз да кәріз қалдықтары төгілген орын борсып, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Ең алдымен Кіші Талдыкөлдің маңайындағы тұрғындарға қауіп тудырады. Балалар ауырып, түрлі инфекциялар тарауы мүмкін», дейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.
Лас суда қоқиқаз өмір сүре алмайды...
Өз кезегінде Кіші Талдыкөл маңайында тұратын тұрғындар да судың жағымсыз иісіне шағымданып отыр.
«Кіші Талдыкөлге балаларымды ертіп, қуана-қуана барар едім. Бірақ маңайы серуендеуге арналмаған. Есіл өзенінің жағалауы қандай әдемі. Демалып, жағасында жүрсең миың тынығып қалады. Кіші Талдыкөлдің де сондай болғанын қалар едім. Өкінішке қарай, кей тұстарына жақындап барудың өзі мұң. Иісі де жағымсыз. Былтыр әлдеқайда терең, әдемірек көрінетін еді. Биыл суы тартылып, реңі нашарлағаны байқалады. Шағалалар кей тұсты жүзудің орнына кешіп жүр. Осы қалпында тұра бермей адам қолы тисе, қаланың көрікті орындарының бірі айналар еді», деді қала тұрғыны Қарлығаш Жақсыбаева.
Мамандардың айтуынша, құстардың сирек түрі Кіші Талдыкөлде суының ластығына байланысты ұзақ өмір сүре алмайды.
«Кіші Талдыкөлге қоқиқаз құсы ұшып келді деген ақпарат жалған. Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан суреттерге мән беріп қарасақ, балапан құстар екенін байқауға болады. Бұл сөзімді жануарлар, құстар мәселесімен айналысатын мамандар да дәлелдейді. Сондықтан қоқиқаз өздігінен ұшып келеді деген ақылға қонымсыз. Балапандарды біреулер арнайы әкелген болуы мүмкін. Бұл орында қоқиқаздар ұзақ өмір сүре алмайды. Оған басты себеп – Кіші Талдыкөл суының өте лас болуы. Бұл су дәл осы күйде қоқиқаздарға арналмаған», деді эколог Бақытгүл Турамиева.
Кіші Талдыкөл мен Талдыкөл (үлкен) қосылмайды
Елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Кіші Талдыкөл мен Талдыкөл (үлкен) өзара қосылмайтынын хабарлады.
«Талдыкөл көлі (үлкен Талдыкөл) мен Кіші Талдыкөл бір-бірімен байланыспайды және жер үсті ағыны арқылы өзара қосылмайды, өйткені Талдыкөл көлінің бөгеттері оған кедергі келтіреді. Сол сияқты жер асты сулары арқылы да өзара қосылмайды. Өйткені бұл орындағы топырақ құрамы өзгеше, су өткізу көрсеткіші төмендеу. Сол себепті маңайына саябақ салынады, су тазартылып, сақталады, нәтижесінде жағымсыз иісі жоғалады», деді қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева.
Талдыкөлдің өзінде (үлкен Талдыкөл) экологиялық инфрақұрылымы болады. Талдыкөл көлінің жанында жалпы аумағы 5 700 га қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк салынады. «Астана бас жоспары» қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірлесіп, Лондон сулы-батпақты алқаптар орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы негізінде Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірге табиғи парктерді жобалау мен салудың халықаралық тәжірибесін зерттеді және құстар қоғамының жетекші мамандарымен кездесулер өткізді. Қалалық табиғи паркті құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі – мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы. Оның аумағында бақылау алаңдары, болашақ биологтер, ихтиологтер, орнитологтер, экологтер үшін білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Бұл тарихи маңызды орнитологиялық аумақ екендігі бекер емес. Маусымдық көші-қон кезінде көлдерде және оған жақын жерлерде құстардың 200-ге жуық түрін көруге болады. Осылайша, қала «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік алады.
Ауқымды көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласында бұдан бөлек, ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр.
«Елордамызды көгалдандыру жүріп жатыр. Қалада сенбіліктер мен дәстүрлі күзгі ағаш отырғызу кезеңі басталды. Осы күзде 500 мыңға жуық ағаш пен жасыл желек, оның ішінде елорданың жасыл белдеуінде де отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы көгалдандыруға ерекше көңіл бөледі, өйткені бұл ел мен қалаларды дамытудың ажырамас бөлігі. Осы жылдың өзінде елордада отырғызылған ағаштар мен жасыл желектердің жалпы саны 1 млн-нан асады», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.