Тарихи-мәдени және туристік орындарды насихаттау мақсатындағы экспедиция талабына 13 мыңнан астам тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, құжатталған Маңғыстау өңірі сұранып-ақ тұр. Қазіргі таңда өңірде арнайы мемлекеттік қорғауға алынған 440-тан астам ескерткіштің 21-і республикалық маңызға ие.
Экспедиция өткізу үшін неліктен Маңғыстау ауданы таңдалды?
Жергілікті халық арасында бағзыдан «қарашаңырақ» деп қастерленетін, өлке тарихына қатысты небір шерлі шежіренің, тағылымды тарихтың, тәлімді ұстанымдардың, дулы оқиғалардың алтын бесігі – Маңғыстау ауданы – бүгінде 36 мыңнан астам тұрғынның құтты мекені.
Аудан аумағында 9 республикалық, 68 жергілікті тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Табиғаттың өзі мүсіндеген айрықша таулар мен шартастарды, өзге де көрікті орындарды қоспағанда, ерте темір дәуіріндегі Екі патшалық қорғаны (Қыземшек), X-ХVІІІ ғасырлардан Нұрқара қошқартасы. Аманқажы, Қаратам (Қазақбай), Қалнияз, Ауызорпа, Бердалы, Құлмамбет, Қарақұдық, Есалы қойылымдары, Дауысты, Шұбартай күмбезтамдары, Айрақты тауындағы XVII-XIX ғасырлардағы жартастағы бейнелер, Бәйте ғибадатханасы, ХІV ғасырдағы Маната керуен сарайы, орта ғасырлардың сарқыты Айғырлының бекінісі, 4 үңгірі мен ғибадатханалары, ортағасырлардың еншісіндегі Аққорған бекінісі, ерте темір дәуіріндегі Ақүйік қорғаны – өткен күннің өрнекті белгісі, бүгінгінің қастерлі нысандары. Сол себепті Маңғыстау облысы әкімдігімен келісе отырып, бас басылымның іс-шарасын өткізу үшін Маңғыстау ауданына тоқталған едік. Шежірелі өткенімен, тартымды бүгінімен қызықтырған өңірге қадам басқан экспедиция мүшелерін Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов қабылдады.
Өзі басқарып отырған ауданның тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғай келе – Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы мен ауданның ауыл әкімдері тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі 2016-2020 жылдар аралығындағы міндеттемеге отырды. Осы бағытта жыл сайын тұрғындарды, мектеп оқушыларын, мекеме қызметкерлерін, студенттерді ұйымдастырып, өз аумақтарындағы қауымдарға сенбілік тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Биыл мамыр айында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі қауымдардың шырақшыларымен кездесіп, қауым басының бастапқы қалпын сақтап тұруын қадағалауды және бүлінбеуін тапсырды.
Жармыш ауылының аумағындағы «Ақтам» қауымының (Әділ ата) түнеуханасын ұрпақтары шатырын өзгертіп, сырлап, әктеп, жаңартса, Өтес ауылы аумағындағы республикалық дәрежедегі «Сисем ата» түнеуханасын ауыл әкімдері, ауыл тұрғындары өз күштерімен кеңейтіп, зиярат етіп келушілерге жағдай жасап қойды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үш бағытта «Ақмыш» демалыс орнына, «Масат ата» қауымына және «Сисем ата» қауымына туристік маршруттар сызылып, іс-шарамызға енгіздік. Ақмыш, Самал, Ағашты, бұрынғы Онды лагерін туризмді дамыту бағытында кәсіпкер ел азаматтары күтімге алып, қоршап, абаттандырып, қайта жаңғыртып, туристердің көп баратын жеріне айналдырса дейміз. Сондай-ақ Тобықтыдағы «Бекет ата жерасты мешіті» ғимараты қазіргі кезде жүздеген адамға қызмет көрсете алады. Мешіт жанындағы түнеуханаға аудан әкімі бастап, мекеме қызметкерлері шарбақтарын сырлап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Мешітке реставрация жасалынды. Жыл сайын аудан әкімі қызметкерлерінің, мектеп директорларының, жастардың осы мешітке барып, тазалық жұмыстарын жүргізуі дәстүрге айналып келеді. Туризмді дамыту үшін тарихи-мәдени нысандарды лайықты инфрақұрылыммен қамту маңызды. Осы бағытта Самал, Шерқала, Айрақты демалыс орындары мен Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің кіреберіс жолдарын орташа жөндеу, «Көгез» этноауылының су, газ мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Туристерге қолайлы қызмет көрсету орталығын құру – бұл кезек күттірмейтін қажеттілік, облыстың беделі және аймақтағы ішкі туризмді дамытуға тағы бір қадам, – деді аудан әкімі Тілек Жеткізгенұлы. Журналистер мен блогерлерден құралған топқа Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Е.Махмутов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Молдашева, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, журналистика саласының ардагері Ұ.Күбірбай, шежіреші, бірнеше кітаптың авторы, «Маңғыстау аудандық азаматтық бастамашылығы» ҚБ төрағасы С.Әнес және аудан өнерпаздары қосылып, үлкен жолға бет алдық.
«Шерқала – таудың бөркі еді...»
Экскурсия жүргізушісі айтары көп маман, маңғыстаулықтарға есімі жақсы таныс, «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің қызметкері Құралай Ізімбергенова Ақтаудан шыққан соң-ақ сөз тізгінін өзіне алып, жол бойы Маңғыстаудың табиғаты, ескерткіштер мен олардың тарихы, аңыздар мен деректер туралы шежірелі баянын үзген жоқ. «Атамекен» экспедициясының алғашқы ат басын тіреген орны Шетпе ауылынан солтүстік-батысқа қарай 17 шақырым қашықтықта орналасқан Шерқала тауы болды. Ежелгі жер сілкіністері нәтижесінде пайда болған биіктігі 308 метр төрткүл ақ бор тау Шерқаланың жақын маңайында шар тәрізді тастар мен тұтас гранитті сомтастар көптеп ұшырасады.
– Кейбір аңыздар бойынша бұрынырақта Шерқаланың төбесінде кішкене қалашық болған. Халық сол жерде өмір сүріп, дұшпандардың шабуылынан қорғанған екен. Таудың солтүстік бөлігі үздіксіз соққан желдің әсерінен мүжіліп, өзгеріске ұшыраған. Осы желдің әсерінен оның жан-жағынан пайда болған жеке түзілістерді де байқауға болады. Ал оңтүстік бөлігі мен шығыс жағы тік жарлы. Жоғарғы жағы тегіс, адамның жүріп-тұруына ыңғайлы. Таудың етегінде төбесіне апаратын үңгір бар, – дейді Қ.Ізімбергенова. Тау баурайында аудан өнерпаздары ән мен жырды әуелетті.
Одан соң экспедиция мүшелері Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан 20 шақырым қашықтықтағы Ақмыш сайына келді. Ақмыш бағының бір жарым ғасырлық тарихы бар. Көнекөздердің айтуынша, алғашында Таусар деген кісі Астраханнан 220 дана ағаш әкеліп еккен. Төңкерістен кейін казактардың атақты атаманы В.Толстов Ақмышта уақытша орда құрғаны белгілі. Он шақты жыл өткен соң мұнда мектеп-интернаты мен колхоздың орталық тұрағы ашылды. Кеңестік кезеңде қазірге дейін көз тартып, туристер қызығатын жаңадан ағаштар отырғызылды. Сайға кіреберісте жолаушылардың көзіне құмыра ұстаған Ақбөбек қыздың мүсіні орнатылған. Ақмыш сайы әдемі табиғатымен көз тартады. Бұрындары мұнда ғұмыры ұзақ талдар өсетін, бірақ олар жоғалып кеткен. Олардың орнына жергілікті Тұқымбай Түйебаев ақсақал егін еккен. Шағын тау бұлақтарынан толатын арналар, бірде өзенге айналады, бірде көктемгі құрғақшылықтан тартылып кетеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Ақмыш бағы әртүрлі себепке байланысты жұтаң тартып тұр екен. Бұл мәселені аудан әкімдігі өкілдері назарда ұстап, мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ежелден Ұлы Жібек жолының бойында дамыған, маңызды дала жолдарында және автотрассаға жақын орналасқан Ақмыш сайы бүгінде жергілікті тұрғындар мен саяхатшылардың жиі келетін демалыс орны ретінде қызмет етеді. Ақмыш сайы ортағасырлық Қызылқала қалашығы аумағында орналасқан, археологиялық ескерткіштің реликт мәдени ландшафты болып табылатын ажырамас бөлігі саналады, жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
– 2019 жылы ескерткіш аймағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа қоршау орнатылды, серуендеу жолдары мен демалатын сәкі жасалды, қоқыс салатын жәшіктер мен мангал қойылып, дәретхана салынды, тас төселген алаңдар, жылғалардан өтетін жаяу жүргіншілер көпірі, бассейн, сай аумағын көгалдандыру мақсатында 300 дана жеміс ағашы мен 50-дей жергілікті тұқымдас ағаш-бұтақ егілді. Қазіргі таңда, тарихи-табиғи ескерткішті күтіп-ұстау, ағаштарды күнделікті суару, жиналған қоқыстарды уақытында тазалап тұру, келушілердің тәртібін қадағалау, нысан аймағындағы абаттандыру элементтерін (темір қоршауы, ақпараттық тақтайшалары, қоқыс жәшіктері мен контейнерлері, демалатын орындықтар, т.б.) қорғау-сақтау міндеттері Шайыр ауылының әкімдігіне жүктелген, – дейді Маңғыстау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанбибі Молдашева. Экспедиция мүшелері Ақмышта ауыл жастары мен еріктілердің сенбілік жұмыстарына қолұшын берді.
X-XIII ғасырларға еншіленетін 50 гектар жерді алып жатқан Қызылқала – Маңғыстау мақтанышы. Мамандардың айтуынша, Қызылқала ірі сауда-қолөнер қаласы болған. Алғашқыда ескерткіштің қабырғалары ғана бекітілген керуен сарайы болған, кейіннен сыртын таспен қаптап, 13 қарауыл мұнаралы мықты қамалға айналдырылған. Бекіністі айнала қоршай саудагерлер мен кәсіпкерлердің қаласы орналасқан. Қыш-шөлмек ыдыстардың, күйдірілген кірпіштер мен темірден, мыстан, құнды металдардан жасалған бұйымдардың, тас диірмендердің сынықтары, орақтың табылуы бұл жерде өндіріс орындары болғандығын және ежелгі диқаншылық кәсіп игерілгендігін айғақтайды. Мұнда табылған жеке артефактарды зерттеу нәтижесі – бұл қалаға ирандық ыдыстардың, мысырлық және қытайлық моншақтардың, балтық янтарьлары сияқты тауарлардың әкелінгенін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде қалашық алаңы қыш ыдыстар мен сынған қызыл кірпіштен тұрғандықтан Қызылқала деп атайды. XIII ғасырдың екінші жартысында моңғол шапқыншылығынан Хорезм мемлекетінің күйреуінен кейін, теңіз деңгейі өзгеріп сауда трассаларының бағыты ауысуына байланысты экономикалық мағынасы жоғалып, қала өмірі тоқтаған. Қызылқала ортағасырлық қалашығына 2004 жылдан бері археологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Қызылқала қалашығы «Жібек жолы: Еділ-Каспий маңы аралық коридор» сериялық трансұлттық аталымы аясында ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. 2021 жылы тамыз айынан бастап осы қалашыққа Алматы қаласының Rutrum ЖШС қазба жұмыстарын жүргізуде.
«Көгез» этноауылы – туристік жоба
Маңғыстау өңірінде туризмді дамыту жұмыстары ауызға ілінісімен қанат қаққан алғашқы жобалардың бірі – «Көгез» этноауылы. Жан-жағынан Қаратау, Шерқала, Жалғантау, Айрақты-Шобалай таулы алқаптары қоршаған, бірнеше маршруттың түйіскен нүктесінде, табиғаттың шұрайлы жерінде орналасқан этноауыл 2016 жылы іскерлердің бастамасымен салынған, табиғат аясындағы заманауи жасақталған ауыл «Кемпинг» деп аталады. Көгез жеріндегі 6 гектар аумаққа бүгінде 20 мыңдай түп ағаш егіліп, жасыл-желекке оранған. Жүздеген жеміс ағашы отырғызылыпты. Түрлі гүл мен көкөніс егілген. Алдағы уақытта тағы бірнеше өсімдік түрі егілмекші. Этноауыл 2017 жылы алғашқы қонақтарын қабылдай бастады. Мұнда туристердің өздерін жайлауда отырғандай сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде демалып, таза ауада тамақтанады. Киіз үйлер әртүрлі жасақталған. Бірінде жерге, текеметтің үстіне жантайып жатуға болады. Ал екіншісінде биік төсектер қойылған. Мұнда қазақтың ұлттық тағамдарына басымдық беріледі.
– Біз ауылымызға келген туристерге қазақтың нағыз дәстүрін, өмір салтын көрсетуге тырысамыз. Мәселен, түйені, жылқыны қалай сауу керектігін, жылқы мен түйеге мінуді үйретеміз. Үлкен кісілермен балалар үшін арнайы жаттықтырушылар болады. Айналадағы тауларға жылқымен немесе жаяу, велосипедпен баруға болатындай жағдай жасап жатырмыз. Алға қойған жоспарымыз өте көп, – дейді «Көгез» этноауылы» жобасының авторы М.Ербозов.
Одан әрі айрықша Айрақты тауын тамашалап, тарихына қаныққан топ Маңғыстаудағы Батыс Қаратаудың ең биік нүктесінде орналасқан Отпан тау тарихи-мәдени кешеніне келді. Күллі қазақтың басын біріктіру, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ашылған кешен өз жұмысын осы бағытта жүргізіп келеді. Кешенде экспедиция мүшелерін өңірдің аузы дуалы, көнекөз азаматтары О.Көшбай, А.Еділхан, Д.Аралбай, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Г.Төлеуғалиева, «Отпан» МҚКК директоры Ж.Кетеева қарсы алып, «Адай ата-Отпан тау» кешенінің туристік әлеуеті және даму жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел басына жиылды. Кешен аясында жасалған жұмыстар тыңдалып, алда атқарылар жоспарлар талқыланды, сондай-ақ бүгінгі таңда кешен қызметіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Ескерткіштер ескірмеуге тиіс
Жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Egemen Qazaqstan» газеті ұйымдастырған экспедиция тарихи-мәдени нысандардың тарихымен бірге қазіргі ахуалын білуге мүмкіндік берді. Туристік тартымдылықты арттыру үшін нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру, бірқатарында ауыз су, тіпті әжетхана мәселелерін шешу де өзекті күйінде тұр екен. Мысалы, Шерқала тауына қарама-қарсы беттегі Темір Абдал мешіті мемлекет қорғауында делінгенмен, шарбақтары қирағандықтан ішіне мал паналайтын қораға айналып кеткендей әсер береді. Сондай-ақ «Отпан тау» кешенін туристік нысан ретінде қолдау жұмыстарының мардымсыздығы облыстағы туризм ісін дамытудағы белсенділікті емес, салғырттықты танытып тұрғандай. Ескерткіштермен тілдестірген ерекше сапардан түйгеніміз аз емес, жасалған және жасалып жатқан жұмыстармен бірге, «Осыны жасаса қалай болар еді?» деген тұстарымыз да жоқ емес.