Тарих • 28 Қыркүйек, 2021

Қажымұқанның талантты шәкірті

1139 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Арқаның қос өзені Есіл мен Нұраның бойында көптеген хас батыр, сондай-ақ жаурыны жерге тимеген айтулы балуандар дүниеге келген. Солардың арасынан біз Қанжығалы қарт Бөгенбай баһадүрді, Иманжүсіпті, Қажымұқан мен Балуан Шолақты бәрінен де ерекше атар едік.

Қажымұқанның талантты шәкірті

Ұлы Отан соғысында екі мәрте батыр атағын алған Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа ту тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов Есіл-Нұра бойының ардақтылары.

Қайдар Оспанов Ақмолаға іргелес жат­қан Астрахан ауданының тумасы. Бұл кісі­нің тағдыры аумалы-төкпелі заманмен тұстас келгесін көпшіліктің ойында болғанымен, тарихта таңбаланбай қалды.

Өлкетанушы-жазушы, марқұм Сейіт­жан Садауов өзінің «Қайдар балуан» туралы жазған кітабында «... Әттең заманы оны танымады, құрметтемеді. Бұл өмірден ол қасіретпен өтті» деуі біздің пікіріміздің айқын дәлелі іспетті.

Қажымұқанның талантты шәкірті ­Қай­дар балуанды Ақмола өңірінің тумалары жақсы біледі. Күні бүгінге дейін жыр ғып айтқан кісілерді көзіміз көрді. Оның арғы тегі Орта жүздің белді руы Қып­шақ, оның ішінде Алтыбас елі. Атақты Бұл­ғақ батырдың ұрпақтары.

Қайдар Оспанов туралы қазақтың белгілі елтанушы қаламгерлері Жайық Бектұров, Баянғали Әлімжанов тың мәлі­меттер қалдырғаны белгілі. Қажы­мұқ­ан­мен ол 24 жасында кездесіпті. 1919 жы­лы Қызылжардан Ақмолаға келе жатқан бетінде Қажымұқан Есенбай қажы­ның ауылына түстеніп, қол-аяғы балғадай сом денелі Қайдарға көзі түседі. Сол та­­ныс­­тықтың арқасында ол атақты ба­­луа­­нға еріп, солтүстік өңірдің, сон­дай-ақ оған шекаралас жатқан Ресей­дің Сі­бір қалаларында өнер көрсетеді.

Мысалы, 1934 жылдың күз айында Қа­жы­мұқанның қасына ерген 11 балуанның бірі ретінде Қызылжар қаласында едәуір уақыт ойын көрсетіпті. Сонда дүйім жұрт­қа аты белгілі Мишоборов, Ян-Цы­ган, Лаврентьев, Август секілді алып ба­луан­дар цирк өнерін, сондай-ақ француз күресінен жекпе-жектер жасап, оған күреске ебі бар әлді қазақ жастарын тартып отырған.

Ақмолалық Қайдар Оспанов Қажы­мұ­қан атамыздың мейлінше талантты із­басары болғанын сонда қазақ жұрты бай­қағанға ұқсайды. Онкүндік айқаста Қайдар Оспановқа бірде-бір балуан тең келмеген. Олардың ішінде грузин, поляк, қырғыз тағы басқа ұлттардың ұландары болған.

Бозкілемге шыққан 8 балуанды ба­сым­дықпен жеңгені үшін Қайдарға І дәреже­лі жүлде беріледі. Бірақ ақша салынған конвертті сол кезде қазақтың мәрт жігіті Қызылжар қаласындағы жетім балалар үйіне бергізіпті.

Бұдан кейін Қажымұқан оны 1926-1927 жылдары Ташкентте өткен ойын-сауыққа алып барады. Қайдар – шетелдік балуан­дар тәрізді көрермендерін қызықтырып, беті­не түрлі маска тартқан сирек қазақтар­дың бірі. Ол цирк өнерін қысқа уақыт ішін­д­е жетік меңгере білген.

Тура Қажымұқандай үстінен көлік жүр­гізіп, кеудесіне темір төс қойғызып, сом балғамен тас жарғызған.

Жүген көрмеген арқандаулы екі асау ат екі жаққа тартқанда оның тастү­йін жұдырығын жаза алмай қарғып бұлқын­ғандарына жұрт аң-таң болатын-ды.

Тағы бір өнері: жуан белтемірді мойнына оп-оңай орап, сондай шапшаңдықпен жазып жіберетіні – оның ерекше қара күш иесі болғанын айғақтап тұрғандай. Бұл Қажымұқан үйреткен цирктің жұрт қызығарлық ойыны кім көрінгеннің қо­лынан келмегені анық. Тура осы асыл ағасы сияқты ол бір кісіні иығына отыр­ғызып, ерлер толы арбаны жүгіре сүйрегені талай рет Қайдардың бағын аспандатып еді. Айта берсе, Ақмола өңірінен шыққан атпал азаматтың ел көңілін көтерген қы­зықты ойын тәсілдері аз болмаған.

20 мм ұзын шегелерді қалыңдығы 5 см тақтайға жалаңаш алақанымен бір ұр­ғаннан ар жағынан бір-ақ шығарған кісі.

Қайдар жуандығы саусақтай ұзын темір шегелерді жас қыздың шашындай жылдам өретінін көрген көздер аз таңданыста бол­мағанын біз де естігенбіз. Сол бұралған шегелерді біздің ағайындарымыз қалап сұрап алып, бертінге дейін сандық түбінде сақтады.

Кейбірін балуан атамыз жаңа босанған келіншектердің ер балаларына сыйға тарт­қан деседі.

Қайдар Оспанов ғұмырында қиын­шылықты көп көрген. Мысалы, әйелі Қа­диша масақ теріп кінәлі болып, Кеңес жүйе­сінің кәріне аяусыз ұшырайды. Сот­тан құт­қармақ болған Қайдардың со­ңына шам алып түскендер аз болмады.

Қажымұқанның мектебінен өткен кісі қазақ даласының астан-кестеңін шығарған қуғын-сүргіннің құрығын да көрген.

Бірде Көкше жағында, енді бірде Ақ­мола өңірінде өмір сүрсе де қу кедейшілік оның соңынан қалмады.

Қайдар тек қана қуаты бойынан асқан қара күштің иесі ғана емес, ол жаны нәзік ақын болған.

Сұрасаң әкем – Оспан,

атым – Қайдар,

Дұшпанға ерегескен көзім жайнар.

Ақырып арыстандай айға шаптым,

Ешнәрсе бөгет болмай, өзен-сайлар.

Алтыбас – руым,

нағашым – Қарамеңді,

Сайрандап араладым талай жерді.

Қайдары Ақмоланың мұнда

кел деп,

Шақырып исполкомы наград берді.

Нағашылары Арғын атаның Жеті Мо­мынына жататын Атығай елі. Бұл туралы Жайық Бектұров та өзінің зерттеулерінде келістіріп жазған.

Қайдардың үлкен ағасының аты Мұр­таза. Көпті көрген көреген көздердің айтуынша, ол ұсталықпен күн кешкен кісі екен. Темірден түйін түйген өнерпаздың ел арасында құрметі зор болған.

Ал Қайдардың кіші інісі Кенжетай Ұлы Отан соғысынан оралмапты.

Балуанның өзінен туған ұрпақтары Ақмола өңірінің әр жерінде, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Оның үлкен баласына Қажымұқан өзінің атын берген. Екінші ұлын қазақтың дарабоз оқымыстысы Шоқанның есімімен атаған.

Осы мақаланы әзірлеуде бізге атақты балуанның немересі Жасқайрат Қайдаров біраз көмек берді. Әсіресе батырдың су­ретін тапқаны үшін ол азаматқа шексіз риза­лығымызды айтамыз.

Ұрпақтарына ұлы адамдардың атын қойған Қайдар балуан 1950 жылы дү­ние­­ден өткен. Оның зираты Ақмола облысының бүгінгі Ақкөл ауданының еншісіндегі Мереке ауылының жанында тұр.

Жасынан серілік жолын ұстанған Ар­қаның абзал азаматы аңшылық пен құс­бегілікті де жетік меңгерген. Оның қару­лығына қазақпен қатар басқа ұлт­тар өкілдері де таңдай қағысқан. Батып қал­ған көлікті, саз-батпаққа белшесінен батып кеткен түйе мен жылқыны өзінің қа­ра күшімен алып шыққанын, білекті қазақ­тың осы бір алып азаматы жайлы әңгімені жұрт жиі аңыз қылып айтатын-ды.

Соғыстың қызған шағы 1943 жылы ол Ақмола қаласында бірнеше рет цирк ойынынан өнер көрсетіп, одан түскен қаржы­ны майданға жөнелтіп отырған. Бірақ Отан алдындағы міндетін адал орында­ған осы бір дарабоз азаматтың өмірінде қуаныштан гөрі қайғы-қасірет көп болған. Бірақ ол жасымады. Сондықтан Ақмола өңірінің ұландары, батырдың ағайындары мен ұрпақтары оның есімін ерекше қастер тұтады.

 

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі