Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2021

Уақыт жаратқан ұлы жыр

381 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Нені сүйдім, неден күйдім,

Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай...»

Абай

Уақыт жаратқан ұлы жыр

Уақыт – ұлы сыншы.

Уақыт – беймәлім замандардан, тұ­маны мен күмәні қалың көне ғасырлардан бері жұмыр жерді сауалдар қорығына қамап келе жатқан Құдіретті Ұғым!

 «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», деп ұлы ғаламға жар салған Абай зама­нында да, «Құдай өлді!» деп өздерін құдай санағандардың тұсында да күн тәр­тібінен түспеген осы бір қатал, қатыгез ұғым жұмырбасты пендеге даму мен өркендеудің ақылға ырық бермес қос мыңжылдық тоғысында тағы да аса күрделі сұрақтарды көлденең тартып отыр.

Уақытты жеңу үшін ұмтылған­дардың жаңа майданы басталды...

Ұлттың рухани кеңістігінде ұлт ойы мен санасына шабуыл жасаудың айла-тәсілі көбейіп, шынайы құндылықтар мен анайы құндылықтарды айыру қиын­­даған осындай күрделі кезеңде ұлт­тың ұлы ақыны – Мұқағали Мақа­таев­тың 90 жылдығы республика көлемінде ке­ңі­нен аталып жатыр. Осы күндерде ақын­ның туған жері – Алматы обылысы Райымбек ауданында – қасиетті Хан Тәңірі бөктерінде мерейтойлық іс-шаралар өтуде.

Бұл, біріншіден, ұлттың алпыс екі тамырын кезген сөз өнеріне деген құрметтің қоз астында жасырынған қызыл шоқтай өшпес рухын аңғартса, екіншіден, «қатал», «қатыгез» мінезді уақыттың шынайы халықтық сипатқа ие болып, ұлт биігіне көтерілген, адам­заттық кеңістікке шыққан ұлы жырды мойындауын, ұлы жырды жаратқан ұлы ақынды тануын аңғартады.

Айналып келгенде, уақыттың ұлы жырды мойындауы да, ұлы тұлғасын тануы да – ұлттың, ұлт руханиятының жеңісі екені даусыз.

 

* * *

Ақын есімін айтқанда, тіл ұшына, әуелі, Жиырмасыншы ғасыр деген сөз оралады. Ай емес, жыл емес, адамзат дамуының тұтас бір ғасыры! Өзінің қанатты болмысымен, кең бітімді кескінімен жүрек төріне жайғасып, айдынды көліне жарыса қонған аққудай, айбынды көгін шарлап ұшып, қалқыған ақиық қырандай елестейді...

«Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасыр­ды!» деген ақынның ақ жүрек, адал аманаты еске түседі.

Жанын, жүрегін тербетіп, көкірегін жарып шыққан әр өлеңін біртұтас Өмір атты алып дастанның бөлшек-бөлегіндей көретін ақын: «Мені өз өлеңдерімнен бөле-жара қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар. Ол кейде шаттанған, кейде түңілген жанымның үніндей...» деп жазады күнделігінде. (14 ақпан, 1976 жыл; орыс тілінен аударған Бексұлтан Нұржеке). Шынында да, бажайлап, барлап, ақын дүниелерін жүйелі түрде оқыған ойлы оқырманның осынау күнделік бетіне түскен қысқа жазбалар мен ақын өлеңдерінің, толғауларының, дастандарының арасында концепциялық жанды байланыстың барын байқамауы мүмкін емес.

Айналып келгенде, мына жарық жалғанның қызығы мен қуанышын, азабы мен мехнатын қырық бес жыл, небәрі 45 көктем, 45 жаз, 45 күз, 45 қыс көрген ақынның көзмайын тауысып, ұлан-асыр мұра қалдырғанына әрі сүйсінесің, әрі таңдана таңырқайсың!

«...Мен іздеген нұр-бақыт, ұстатпаса,

зуласын.

Тек жүрегім бір уақыт,

Жүксіз қарап тұрмасын.

Жүрек болып туғасын...»,

– деген мінезді жырлардың иесі 1972 жылдың 2 сәуірі күнгі күнделігіне жазған мына жазбаларға еріксіз назар аударасың. «...Бүгін (дәл қазір, 2 сәуір, түнгі он екі­лерде) тырналар ұшып өтті. Столға отыр­ғаным сол еді, тырнаның дауысын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып...» ұшып кетті...

Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем...

Апырмай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен», – дейді... Аруақты ұлы жыр жаратушылардың рухтарына сыйынып отырып, ақын өзіне өзі қамшы басқандай болады.

Мақатаевтың қырықтан асар-аспас жаста өз ортасын ғана емес, қазақтың күллі жырсүйер қауымын аузына қара­тып, ұлттық жырдың олимпіне қалай кө­терілгені есімізде... Жырды ерте бастап жазғанымен, әдеби ортаға, Алматыға келуі кештеу болған ақынның қысқа мер­зім ішінде есесі кеткен жылдардың не­­сібесін қайтару үшін аянбай еңбек еткен. Ел аузында аңыздай болып тара­ған «Қарлығашым келдің бе?» жыр жинағы Мұқағалидың осыған дейінгі әралуан мінбелер мен жыр кештеріндегі үлкенді-кішілі аудиторияларды баураған, тыңдаушыларын дуылдатқан абыройын ресми түрде бекітті. Жалын жүрек жастар мен студенттер қауымының кумирі болып келген арқалы ақын бірте-бірте Алаш жұртының сүйіктісіне айналды.

Бала шағын өрті мен өртеңі қатар өрілген жиырмасыншы ғасырдың ұлы соғысы жұтқан ақын Қазақ өлеңіне дәуірлік жыр болып енген «Отыз бесінші көктемінде» былай жырлайды.

«...Бәрі есімде – далам да, тұрағым да,

Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба...

Балалық шақ жарбиып жүретұғын

Өгіз жеккен соқаның құлағында.

 

Шаруаның баласы болғасын ба,

Шаруамен айналдым он жасымда.

Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Айырбастап күлшемді қорғасынға.

 

Әжем есімде.

Әрнеге қозбайтұғын,

Әріден көп әңгіме қозғайтұғын.

Темір керней есімде...

Боран үрсе,

Азалы үнін аңыратып боздайтұғын..».

Бас-аяғы он екі шумақтан тұратын айтулы жырдың өне бойынан ақынның ғана емес, балалық шағы мен бозбала күндері отызыншы, қырқыншы жылдардың қой­нау-қолтығында өсіп жетіліп, ат жалын тартып мінген буынның өмір шындығын көруге болады. Осыдан тұп-тура елу бес жыл бұрын жазылған, тұтас бір буынның өмірбаяндық қысқа да нұсқа ұлттық пас­портындай елестер жыр – бүгінде қатар­ы қатты сирегендер мен жүрегін уа­қыт түйрегендер жайлы жазылған ұлы туынды! Әр жолдың астарынан көзі­нен қуаныш пен қайғының бұршағы атқақ­таған ақынның жан-дүниесі сөйлеп тұр. Уақыт сөйлеп тұр.

«Су сұраса, сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау,

қайран жеңгем!

Қарғаның валетіндей едірейіп,

Қасыңа мына біреу қайдан келген?

 

...Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай?

Сыйласып отырар ек біз құдадай.

Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,

Қайран жеңгем, шырқыңды бұзды

қалай?!

 

...Талайлардан кетуші ең аттап өтіп,

Талайларды жүруші ең таптап өтіп...

 

...Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,

Баяғы жастығыңды майданда өлген?..».

Жырдан тұмса тағдырдың тұмадай тұнық самалы аңқып тұр. Ауылды – қалаға, қаланы – далаға, даланы ғаламға жалғаған «жүректен шығып жүрекке жетер» (М.Әуезов) кең тынысты, кемел мінезді суреткерлік тереңдікті көреміз. Дәуір тынысын, адамның жан-дүниесін кең, терең көркем сөйлету – Мұқағали поэзиясының алтын арқауы...

«Қарлығашым келдің бе?» жинағының қолдан-қолға көше бастаған 1968 жылдың бір оқиғасы менің жадымды жаңғыртып отыр. Арада аттай арқырап елу үш жыл өткенімен, бәрі – қаз-қалпы көз алдымда. Бұрынғы Коммунистік – осы күнгі Абылайхан даңғылының бойымен екі-үш студент КазГУ-дің бас ғимаратына ма, әлде Бас Поштаға ма, бара жаттық. Алдымыздан Жамбыл көшесінің бұрышынан Мұхаң жолықты. Әуелі: «Әй, Нұрлан!» деген дауысы саңқ етті. «Аға, амансыз ба?!». «Ағаң аман... Мә, мына газеттерді ұс­та!», деді де мені жетелей жөнелді. Өңінде – қуаныш, жүзінде – нұр. «Айт ана достарыңа: «Мақатаев ертіп кетті, деп...» жадырай күлді. «Кеттік үйге! Сенің бүгінгі «Лениншіл жас­ты» оқымағаның көрініп тұр. Мақатаев туралы мынандай (бас бармағын шошайтып) мақала бар! Әбіштің мақаласы!» «Құтты болсын!..» «Үйге жетейік. Тездетіп... Жаңа осыдан бір сағаттай бұрын маған Зейнолла мен Асқар келді... Екеуінің қолында – екі газет. Сүйінші сұрап, есімді шығарды бәтшағарлар... Жарайды... Сүйіншілерің мойнымда! Әкелейін...» дедім де, жолдан – киоскіден мына бір бума газетті сатып алдым. «Бұрылмай, құтханаңа тарт!» деген Зейнолланың тапсырмасын орындап, үйге келе жатқан бетім» деп ішек-сілесі қата күлді.

«Екі інімді алдап кеттім, Лашын...», деп Интернационал көшесі, 129-үйдің бірінші қабатындағы пәтерінің босағасын аттады. «Сүйінші! Бәйбіше!», деп менің қолымдағы бір бума газетті Лашын тәте­міздің қолына ұстатты... Шәй ішілді, ет желінді...

Есімде қалған тағы бір сәт. Мұхаң мені төрінде айқұш-ұйқыш екі құрақ көрпе жатқан ортадағы үлкен бөлмеге алып келді. Үлкен құс жастықты ұмар-жұмар бүктеп, қолтығына басты да, аяғын кең көсіліп жата кетті. Сөйтті де маған бұрылды. «Ал бала, оқы дауыстап андағы мақаланы!» деді. Мұқаң үнсіз жатып, мен дауыстап оқыған Әбіш Кекілбаевтың «Жүректен жүрекке» деген мақаласын бастан-аяқ бір дыбыс шығармай ұйып тыңдады. «Не деген ақыл! Не деген интеллект! Ертеңгі күннің Әуезові!..» деді әлдеқайда көзін қадап. «Біздің жұртқа не деуге болады! Сөйткен Әбішті көрмейсің бе, сыйғызбай, әскерге жіберіп жатыр...» деген кейісті дауысы құлағымда қалыпты. Басылған мөрдей болып, тағы бір жадымда қалған сәт. «Өлеңді көп жазу керек. Ізденіп жазу керек!» дегені маған тура, барлай қарап. «Сенің осы... Орысшаң қалай?» деді. «Жаман емес...» Мұқаң бұрышта еденнен бастап қаз-қатар өрлей тізілген кітаптарды иегімен нұсқады. «Ана – жоғарыдан төмен санағандағы бесінші кітапты көрдің бе?». «Иә». «Анна Каренина». «Иә». «Толстой. Лев Николаевич. Ұлы шал. Жазғандары жаныма майдай жағады». «Ал!» деді. Алдым. «Пәленшешінші бетті аш» деді. Аштым. Көзіме асты сызылған сөйлемдер түсті. Не туралы екені, қай бет екені есімде жоқ. Мұқаң жастықтан басын көтеріп, жайланып малдас құрып отырды.

«Сызылған сөйлемдерді оқы!» деді жымиып. Оқыдым.

«Жарайды... Орысшаңның жобасы келеді екен. Енді, мені тыңда... Сен кітаптан қадағалап отыр. Мен Лев Николаевич болып оқиын әлгі сөйлемдерді» деді.

Мұқаң Толстой ақсақалдың салалас, сабақтас сөйлемдерін нәшіне келтіріп, әуезімен, сазымен әлгі үзіндіні жатқа оқып шықты. Қайран қалдым. Сүйсіндім... Ол кезде аса мән бермеп едім. Кейін сол сәт есіме түскен сайын, Мұқаңның әңгіме арасында айтқан екі сөзі әлі күнге жадымда тұр. «Жоқшылық қой... Бар болса, мына кітаптарға бір шкаф сатып алып берер едім» дегені. «Нарынқолдан көшкенде, қимай алып келіп едім... Енді... Ара-тұра қиналғанда Лашынның сол кітаптарды «Букинстке» жасырынып апарып, сатқан да кезі бар... Жасыратыны жоқ, кітап сатып күн көрдік... Таңғаламын. Осы құрып кеткір жоқшылық баяғыда-а Гогольдің өкшесінен қалмапты деуші еді... Білгіштер... «Искусство требует жертву» деген сөз бекер емес. Қасымның қыр соңынан қалмаған қу жоқшылық мені де шыр айналдыруын қояр емес. Бүгін... Әбіштің мақаласын оқып, әдебиет үшін тегін тер төгіп жүрмегеніме тағы бір мәрте көзім жетті...» деп салалы саусақтарымен ұзын шашын қос қолдап, артына қайырды.

Сол күні Мұқаң Мағжан Жұмабаев туралы қайыра-қайыра оралып соғып, ақынның қасіретті тағдыры жайлы көп әңгіме айтты. Жазу столының суырмасынан бір қызыл мұқабалы блокнот алып: «Міне, Мағжанның жырлары. Ерінбесең, көшіріп ал!» деді де ішінен екі-үш өлеңін оқыды. Ақынның металы таза дауысы құлағымда тұр. «Тере де жүріп шөмшегін, көкке сауып емшегін... Құлыным қайда? дер ме екен?..». Екінші өлең: «Тәңірім бе? Әлде байғыз ба? Тәңірім болсаң, кел бермен! Қолымды көкке жайғызба!». Екі үзіндінің екеуі де жүрек пен санаға қона кетті. «Мағжан – казахский Блок! Они оба поэты от Бога!» деді. Сол сәт Мұқаң жалы күдірейіп, жанары от шаша қараған көк бөрідей көрініп еді маған.

«Қане, өлең оқы! Өз өлеңіңді!» деді алпамсадай денесімен бұрылып. «Өлең оқығанда қысылмау керек!» деді бұйрық райлы дауыспен.

Мен:

«Атағы жоқ Есениндер жын қысқан,

Жаңғырады жатақхана өлеңі.

Менің жиырма жасым мұң құшқан,

Түн ортасы... Көше бойлап келеді...»,

– дейтін және «Мен бақытын қызған­баймын басқаның...» дейтін екі өлеңімді оқыдым.

«Көңіл күй суреті! Осындай жырларды жаза бер! Тоқтама!» деді. Деді де стол үс­тінде жатқан жыр дәптерін қолына алды.

«Ал енді Мақатаевты тыңда!» – деді. Деді де студенттер қауымына кең таныс атақты өлеңін оқыды. Осы жолдарды жазып отырып, құлағыма Мұқаңның өз дауысы келгендей болды.

«Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,

Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!

Рақмет!

Жассың ғой жалыны мол,

Жалыны мол және де қуаты көп...

 

Ойлы жас!

Өлең – менің бар тынысым,

Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін.

Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,

Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.

 

Оңашада ойларын тыным еткен.

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,

Ақындар бар ішінен тынып өткен.

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

 

Бізді олардың балама біріне де,

Ұлыға да санама, іріге де.

Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,

Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..

 

Ойлы жас!

Өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай.

Айтып өткен ақында арман бар ма

Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

(10.12.1966 ж.)

Өлең оқып отырғанда ағамыздың өңі буырқанып, көңілі алабұртқандай күйге түсті.

Өмірде де, жаратылыста да адам ойы мен санасы шегіне жете бермес жұм­бақ көп... Мұқағали феномені туралы ойла­ғанда осындай бір ойға бата­мын. Маған кейде ақын өз заманынан кеш туған нағыз хас батырлар кейпінде елестейді. Ал жарайды... Мұқа­ғали Ма­қатаев баяғы, бағзы замандарда, өз дәуірінен сәл бұрынырақ – екі-үш ғасыр ерте туса қайтер еді?! Бәл­кім, ер­те­гідегі апайтөс алыптарша немесе «жа­ғаға қолдың тигенін, жал­ғыздық сенен көремін», деп басын тауға да, тасқа да ұрып, бір қолымен ақ семсерін қысып, уыстап, екінші қолымен жүрек атты жыр-қауырсынын желге төсеп, Ақтамбердішілеп атқа қо­нар ма еді? Қайтер еді? Осындай бір сұрақ туды іштей... Жауабы да кешікпей, әзір тұр­ды. Қонар еді, әрине!.. Сөз жоқ, Ұлы Жаратушыға сиынып, ата-баба­сының аруағын шақырып, атой сап май­дан алаңында жүрер еді... Әйтпесе... Мы­нандай өлең жазылар ма еді?!

«Я, Аллам!

Жаратушы Жалғыз Ием,

Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!

Хал сұрар, жай түсінер бір пенде жоқ,

Жүрек – жүн, ойым – опат,

жанды – жүйем,

Я, Аллам!

Жарылқай гөр, Жалғыз Ием!».

Осы өлеңді оқыған сайын менің есіме сол күнгі қайталанбас сәт-сағаттар түседі.

Мұқаңның әдебиет туралы ойлары мен толғамдары мені қатты қызықтырып еді. Білімінің тереңдігіне, көп оқып, көп ізденетін қасиетіне іштей сүйсініп ем. Жарасып өрбіген әңгіменің бір тұсында: «Сен осы қай курста оқисың?» деді. «Төртінші курстамын». «Қалада қалу ойыңда бар ма?» Жауап күтпей, ойын жалғады. «Қалу керек! Ауылға кетсең, байланып қаласың. Оралу қиын болады. Әдеби ортадан алыстама. Әдеби орта – қайнаған қара қазан. Пісесің. Қалыптасасың. Сенің өлеңдерің маған ұнайды. Дегенмен... Жалпы поэзияға тұздық керегін ұмытпа! Тұздық!» деп еді сөз арасында. «Өтірік өлеңнен аулақ бол! Ең жаман нәрсе – жасандылық! Бүгінгі қазақ өлеңінің соры – жасандылық! Халық – таразы, уақыт – сыншы. Уақыт сүзгісінен өту үшін, ең бастысы, халық көңілінен шығар сөзді таба біл! Сонда ғана жасанды жырдың жолы кесіледі. Қайғырсаң да, қуансаң да жасандылыққа жолама!», дегені есімде.

Ана ғасырдан талып-талып жеткен ақынның осынау аруақты дауысы құлағыма бүгін айтылғандай естіледі...

 

* * *

Иә...

Қатал, қатыгез уақыт бар есті өмірін жырға есі кете арнаған Ақынның мына фәни-жалғандағы бірінші өміріне тар­шылық көрсеткенімен, екінші өмі­рінің – шын өмірінің қызығы мен қуа­нышын Алла тағала мол ғып бұйырт­қан екен. Өзі өмір сүрген дәуірін бар күнгей-көлеңкесімен ағыл-тегіл өлең ғып өрген жыр-жүрек өз ертеңін өзі бол­жағандай...

«Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

 

Жазылар естеліктер нешелеген,

Көрерміз оның бәрін пешенеден.

Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –

Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

 

...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,

Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер!?»,

– деп өзі айтқандай, өзгерген дәуір, өзгерген өмір, өзгерген адамдар ақын туралы білетінін бұрқыратып жазып жатқалы да, міне 45 жыл болды.

Мұқағали өмірден озғалы да 45 жыл өтіпті...

Бес жылы кем жарты ғасыр!

Тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып бара жатқан өрті мен дерті қалың дәуірдің рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір қазаққа қадірі асқан ұлы есімді еске алған сайын, туған халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып Жырдың ұлан-ғайыр кеңістігі сана төрінде жаңғырары даусыз. Мақатаев есімі бүгін де жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы баламасына айналды. Халқымыздың өміртану болмысымен біте қайнасып кетті. Қазақ даласының қай қиырына барсаңыз да ақын Жыры алдан шығады.

Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, көңіл ауанын тап басып айту да дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен армансыз ақын кемде-кем...

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

(Жалғасы бар)