Бүгінгі таңда облыс, қала орталықтарынан шалғай қоныс теуіп отырған ауыл тұрғындары да жыл өткен сайын қуаныш құшағына кенелуде. Әсіресе, елді мекен тұрғындарының сымсыз телефон желісімен қалааралық, оны айтасыз халықаралық байланыстарға шығуы осы ойымызға айқын айғақ болса керек. Жақында ғана Сыр еліндегі осындай бір ауыл тұрғындарының қуанышты күніне куә болдық.
CDMA-450 стандартының сымсыз байланыс желісінің серпінді жобасы Үкімет басшысының ауылдық елді мекендерді телефондандыру тапсырмасына сәйкес және “30 корпоративтік көшбасшылар” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. 2008 жылдан бастап республика бойынша жоба шеңберіндегі 399 базалық станцияның қондырғысы арқылы 220 мыңнан аса телефон нөмірі қосылған. Қазіргі станциялар шамамен 1800 ауылдық елді мекендерін байланыспен қамтиды.
Қызылорда облысында жоба шеңберінде 36 базалық станса қондырылып, шалғай елді мекендерде шамамен 17 мың нөмір қосылған. Осындай сипатта қазіргі кезде CDMA-450 абоненттік радиоқосылу желісімен 263 ауылдық елді мекеннің 215-і қамтылған, яғни Сыр елінің ауылдық жерлерінің 80 пайызы қамтылған.
Қызылорда облысында “CDMA-450 технологиясын пайдаланумен ауылдық телекоммуникация байланысын жаңарту және дамыту” жобасының бірінші кезеңі аяқталды. “Қазақтелеком” АҚ филиалы Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясының тарапынан 29 сәуірде аталмыш технология бойынша телефондандырылған Шиелі ауданындағы Қосүйеңкі ауылында баспасөз-туры өткізілді.
Магистралдық коммуникациялардан қашықта орналасқан Қосүйеңкі ауылының тұрғындар саны 180 адамды құрайды. Осы уақытқа дейін бұл жерде тек қана жергілікті әкімшілік немесе мүмкіндігінше әлеуметтік нысандар телефондандырылған. 2008 жылы CDMA-450 желісінің даму жобасы бойынша Шиелі ауданында биіктігі 50 метрлік антенна-діңгектік құрылғысымен базалық станция орнатылуы Қосүйеңкі ауылының тұрғындарына телефон байланысына қосылуға мүмкіншілік берді.
Бүгінгі таңда Қосүйеңкі ауылы қалааралық және халықаралық байланысқа қосылуға, сонымен бірге 128 кБит/с жылдамдығымен CDMA-1х технологиясы бойынша ғаламтор желісіне қосылуға рұқсаты бар 18 телефонмен қамтылған.
Ұсынылып отырған WLL CDMA технологиясы шығыны мен жобаны жүзеге асыру мерзімдері жағынан да, сонымен қатар берілген технологияның келешек пайдалану тұғырынан қарағанда өте ыңғайлы, ұтымды болып табылады.
Баспасөз – туры соңынан осы салтанатты шараға қатысқан бір топ лауазымды тұлғалармен әңгімелескен едік.
Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры С.Балтабайұлы:
– Бүгінгі таңда облыс бойынша 80 пайыз ауылдық елді мекендері CDMA-450 стандарты бойынша сымсыз байланыспен қамтылған. Осы жобаны жүзеге асыру байланыс қызметіне сұраныстарды қанағаттандыруға және ауылдық жерлерде телефонды орнату кезегін жоюға, қашықта орналасқан шағын елді мекендерді байланыспен қамтуға ықпал етеді.
Еске салсақ, Қазақтелекомның жігерлігінің арқасында, біздің облыс ең бірінші болып ауылдық желісінің 100 пайыз сандандыру деңгейіне жетті. Сонымен бірге, біздің облыс WLL CDMA желісін тарату жобасын бірінші болып аяқтайды деген ойға сенімдіміз.
“Нұр Отан” ХДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Н.Құдайбергенов:
– Негізгі инфрақұрылымнан қашықта орналасқан ауылдардың әлеуметтік даму шартының бірі – телекоммуникациямен қамтылуы. Ауылдарды аудан орталықтарымен байланыстыратын әуе желісі және радиоұзартқыштар сенімсіз болды. Өйткені ауа-райының қолайсыз кезінде шет жерде орналасқан аймақтармен байланыс біраз уақытқа дейін болмай қалатын.
Егер осы жобаның шеңберінде жақын арадағы бірнеше жылдың ішінде ауылдық жерлерді ғаламторға және телефонияға еркін қосу мақсаты орын-далса, бұл үлкен іс болып табылады.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Қостанай облысының базалық стансасында ЕV-DO жабдығына қанатқақты сынақ өткізу жоспарланған. Бұл жабдық клиенттерге ғаламтор жүйесіне қосылуға мүмкіндік береді. Желінің жұмыс істеп тұрған аймақтарында (2012 ж. дейін) кезең бойынша мәліметтер беру жабдығымен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2011 жылдан бастап жаңадан қондырылған бекеттер абоненттерді дауыспен және мәліметтерді беру қызметімен қамтамасыз етеді.
Сонымен Сыр аймағы тұрғындары толығымен сымсыз байланыстарға шығуда. Алла жазса, алдағы жылдары ғаламторға де шықпақ.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.