«Қазіргі уақытта дін саласындағы мемлекеттік саясат Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында, сондай-ақ, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айқындалған шеңберде қалыптасуда. Бұл стратегиялық құжаттарда еліміздің дін саласындағы қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер де ескерілген».
Кеше «ҚазМедиа» орталығында өткен дәстүрлі брифингте Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов осылай деді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған Стратегия шеңберінде агенттік алдында, мемлекет пен қоғамның алдында тұрған бүгінгі басты мақсат – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының ауқымды жоспарына сай келетін және қоғамның зайырлылығын ескеретін жоғары руханиятты орта қалыптастыру.
Агенттік төрағасы 2010 жылы құрылған күнінен бері Дін істері агенттігі бұл бағытта бірқатар ауқымды жұмыстың басын қайырғанын, бұл ретте басшылыққа алынған басты бағдар – діни ахуалды зерделеу мен бақылау, діни бірлестіктермен өзара ықпалдастық орнату болғандығын атап өтті. «Егер 2013 жылы атқарылған жұмыстар жайына тоқталатын болсам, біріншіден, діни ахуалды талдау және бақылауда ұстау қызметінің шеңберінде елімізде діни жағдайдың тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Бұл мәселе бойынша, діни ахуалды зерттейтін арнайы сарапшылар кеңесі құрылды. Былтырғы жылы біз бірқатар әлеуметтік сауалдама жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша, оған қатысқан азаматтардың 90 пайызға жуығы елдегі діни ахуалды «қалыпты» деп бағалады. Ал дінаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатқа азаматтардың 86 пайызы қолдау көрсетіп отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Біздің ойымызша, мұндай көрсеткіштер дін саласында мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың пәрменділігін көрсетеді», деді М.Әзілханов.
Дін істері агенттігінің төрағасы дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша жоспарлы, ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Олардың дені дінаралық келісімді ары қарай нығайтуды мақсат тұтыпты. «Ел ішінде ағарту-түсіндіру жұмыстары бойынша 500-ден астам ақпараттық топтың жұмыстары ұйымдастырылды. Ал тұрғындардың діни сауатын арттыру, халықтың рухани құндылықтарын насихаттау және діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстар 1 млн. 300 мыңнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар, БАҚ-та 7 мыңнан астам ақпараттар мен жарияланымдар жарық көрді. Өңірлерде өзекті мәселелерге арналған 9 республикалық конференция өткізілді. Олар «Таблиғи жамағат», «Жастар және дін», «Дін және патриотизм», «Ислам және жиһадизм», «Ислам терроризмге қарсы» деген тақырыптарда ұйымдастырылды. Конференциялардың нәтижесінде арнайы үндеулер қабылданды. Олардың басты мақсаты – діни радикализм мен экстремизмді айыптау, мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған шараларына қолдау көрсету», деп түйді бұл жөнінде Дін істері агенттігінің төрағасы.
Брифинг барысында М.Әзілханов, сондай-ақ, елімізде 3 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Дінтанушылар конгресінің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, бұл басқосу сарапшылардың үнқатысу алаңына айналған. «Былтыр қараша айында «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі» деген тақырып қаралды. Сонымен қатар, Дін істері агенттігі үкіметтік емес ұйымдармен де өзара тығыз қарым-қатынаста. Мәселен, біз ҮЕҰ-мен арнайы кеңес құрдық. Солармен бірлесіп, өткен жылдың соңында «Дін және азаматтық қоғам» деген тақырыпта конференция ұйымдастырдық», деді ол.
Дін істері агенттігінің төрағасы Қазақстанның дін саласындағы заңнамасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету де агенттік назарында тұрғанын жеткізді. «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» Заңның орны ерекше. Жалпылама алғанда, діни бірлестіктер мен діни субъектілердің жұмыстарына қатысты барлық ережелер тәртіпке келтірілді. Дін істері агенттігі діни сараптама жұмыстарын өткізуді жалғастырып келеді. Соңғы 3 жылда 24 мыңға жуық діни әдебиетке сараптама жасалды. Ал былтырғы жылы 2 мыңнан астам ақпараттық материалдар сүзгіден өтіп, сарапшылар олардың ішіндегі 125 ақпараттың мазмұнында деструктивті идеялардың бар екенін анықтады. Бұған қоса, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 235 арнайы стационарлық орындар белгіленді», деді агенттік төрағасы.
Тіркеуден өтпеген діни бірлестіктердің жұмысына тосқауыл қойылыпты. Діни субъектілердің арасында бірқатар заң бұзушылықтар орын алғаны да аталды. Біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», деді ол бұл ретте. М.Әзілханов, сондай-ақ, Дін істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өзара келісімге қол жеткізгенін, бұл құжатта екі тараптың барлық қарым-қатынас бағыттары бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Дін істері агенттігінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі діни экстремизмнің алдын алу болғандықтан, қазіргі таңда бұл бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқанын, ондағы іс-шаралар шоғырының бір бөлігі агенттікке тікелей тиесілі екенін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».