«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, Тәуелсіздікті мәңгіге ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық», деп еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттығымызды алған жылдары.
Шынында, Мемлекет басшысының сол өткен ғасырдың 90-жылдары аласапыранда жоғарыдағыдай мәңгілікті көтеріп, 22 жылдан кейін ұлттық идеяға айналдыруы үлкен көрегендік. Мен бұл ойды Президенттің «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек», деген жаңа Жолдауындағы сөздерін оқыған соң алға тартып отырмын. Елдігімізді алған ширек ғасырға таяу уақыт ішінде, Отанымыздың іргесін бекітіп, төрткүл дүниеге таныту оңай болған жоқ. Соның бірі жаңа елдің, жаңарған қоғамның жергілікті мемлекеттік органын құрып, қалыптастыру жайы. Біз аумалы-төкпелі заманда, ескі мен жаңаның тартысып, қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс деген тұста, осының бәрін көзімізбен көріп, қолдан өткіздік. Ең бастысы, ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздікті Президенттің дара да дана саясатымен және іскерлігімен, көрегендігімен орнықтырып, бүгінгі биік дәрежеге жеттік.
Иә, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойған «Қазақстан Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан бастау алған елдің өсіп, өркендеуінің жылдарына куә болған елдегі адамдардың бірімін. Мықты, мығым деп келген коммунистік партия құлдырап барып құрдымға кетті. Ауданымызда тәуелсіздіктен кейін елдігіміздің ұлы өзгерістері басталды. Ол күн санап, ай санап, жыл санап ілгерілей берді. Яғни тәуелсіздікті ой елегінен өткізсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы, сарабдал саясатының жеңімпаздығына көз жеткіземіз.
Н.Назарбаевтың бастамасымен, халықтың қолдауымен Ата Заң қабылданып, мемлекетіміз орныға бастады. Сол жылдары жергілікті мемлекеттік органдар құрылымына маңызды өзгерістер енгізілді. «Жергілікті билік және атқарушы органдар туралы» Заң қабылданды. Онда жергілікті өкілетті органдар: мәслихат, жергілікті атқарушы органдар әкімшілік болып жұмыс жүргізетіні нақтыланды.
Сол жаңа мемлекеттік құрылымдардың тәжірибесі онша көп емес еді. Бірақ, тәуелсіздікті баянды етуге деген талпыныс әр адамның бойында ерекше болды. Меншікті мемлекет иелігінен алу, жекешелендіру үдерістері өтіп жатты. Руханият саласында да сілкініс көрініс тауып, тарихымызды түгендеу, тілімізді, дініміз бен ділімізді қайта оралту міндеттері күн тәртібіне шықты.
1994 жылдың наурыз айында елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы сайлаулар басталды. Бұл ел өміріндегі елеуі оқиға еді. Сөйтіп, тәуелсіз ел азаматтарын мәслихатқа сайлайтын күнге де қолымыз жетті. Ауданымызда бірінші болып тағайындалған әкім Смади Абдиевтің ұсынысымен 25 сайлау округінің біріне депутаттыққа кандидат болып тіркелдім. Сайлаушылар қолдады. Ауданымызда бірінші шақырылған бірінші сессияда 25 депутат мені Еңбекшіқазақ аудандық мәслихаты депутаттар жиналысының хатшылығына сайлады. Ұйымдастыру жұмыстарын уақыт талабына сай жүргіздік. Қарап отырсам, содан бері 20 жыл уақыт өте шығыпты.
Алғашқы жылдары депутаттар өз міндеттерін жете түсіне бермеді. Мәслихаттар мен әкімшіліктер «Жергілікті мемлекеттік басқару органдары» деген жалпы атауға біріктірілгенімен, ұйымдастырушылық жағынан жергілікті органдар бір-бірінен бөлінген, әрқайсысының өкілеттігі, мәселелер аясы мен өз құзыреті бар екеніне депутаттар да жете мән бере қоймады. Бұрынғы сарынға түсіп кеткен кездер де аз болмады. Біз осы мәселені тиянақтау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясына және ел заңдарына, Президент өкімдеріне, Парламент пен Үкіметтің актілеріне, мәслихат регламентіне баса назар аудардық. Соның нәтижесінде аудандық мәслихатқа төрт жыл сайын сайланған депутаттар өз міндеттерін ойдағыдай орындап, сайлаушылар көңілінен шықты. Олардың сол кездегі Елбасының сара саясатын жұртқа жеткізіп, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы еңбегін қазір кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып жүрміз.
1999 жылы елімізде «Отан» халықтық-демократиялық партиясының құрылуы ауыл халқы үшін де үлкен саяси бетбұрысты оқиға болды. Аудандық партия ұйымының бірінші төрағасы болып мен сайланған едім. Енді мәслихаттар заң шеңберінде жергілікті халықтың еркіндігі мен ерікті іс-әрекет етуін қамтитын функцияларға ие болды.
Бәрімізге мәлім, 2001 жылы қаңтарда ел Парламенті «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң қабылдады. Елбасымыздың бастамасымен заңнан кейін мәслихаттарға қосымша өкілеттіктер берілді. Бұл беделді өсіріп, абыройды арттырды.
Ауданымызда 111 аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының 777 мүшесі бар. 2014 жылдың наурыз-сәуір айларында комиссия мүшелеріне сайлау мерзімі аяқталуына байланысты сайлау өткізуге дайындық жүргізілуде. 2013 жылғы желтоқсанда Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен мәслихаттардың регламентін бекітуі атқарушы органдармен тығыз байланыстырып, ортақ іске бір кісідей жұмылуға мүмкіндік берді.
Осы арада қазіргі аудандық мәслихат депутаттарының құрамына тоқтала кетсем деймін. 23 депутаттың 8-і әйел, барлығы 6 ұлт өкілдерінен тұрады. 14-і – кәсіпкер, ұжым басшылары, 3-уі – мектеп директорлары, 4-уі – медицина мекемесінің басшылары, 9-ы – «Ауданымыздың құрметті азаматтары». Алғашқы күні әр депутатқа куәлік, төсбелгілерін тапсыру әдемі үрдіске айналған. Депутаттар үш тұрақты комиссияға бөлініп, оның басшы органдары сайланады. Жұмыс барысы сол комиссиялардың ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отырады.
Депутаттардың негізгі жұмысы мәслихат сессиясы арқылы жүргізілетін болғандықтан кезекті, кезектен тыс сессиялардың заңға сәйкес өтуіне ерекше мән беріледі. Сондықтан да жергілікті Мемлекеттік басқару туралы заңда аудандық сессиядан себепсіз үш рет қалған депутат өкілеттігінен айырылатыны белгілі. Бүгінгі таңға дейін 5-шақырылым депутаттары 25 сессия өткізіп, 121 мәселе қарады. Мәселелердің барлығы дерлік әділет басқармасында тіркеліп, Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның сараптамасынан өткізілді. Мәслихаттағы тұрақты комиссиялар есепті кезеңде 30-дан аса отырыс жасап, онда аудан тұрғындарының экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағдайларын жақсартуға байланысты басты жұмыстарға жете көңіл бөлді.
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының ауданның экономикалық дамуы, саламатты өмір салтына орай, туризм және спорт мәселелері, әскерге шақырылатын жастармен жұмыс ұйымдастыру, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның талаптарын орындау, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету, ана мен балаға жағдай жасап, өлім деңгейін төмендетіп, әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары тізбесін айқындау қағидалары әркез назарда.
Баршамызға белгілі еліміздегі қоғамдық өмірді демократияландырудың аса маңызды мәселелерінің бірі жергілікті деңгейдегі басқарудың тиімді жүйесін құру болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жергілікті өзін-өзі басқару – Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының түпкілікті негіздерінің бірі», деді. Оның одан арғы ұтымды қалыптасуы орайындағы таяудағы және ұзақ мерзімді міндеттері Мемлекет басшысының 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында айқындалған.
Баршаға белгілі, 2013 жылдың тамызында Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет биліктің жергілікті органдары басшыларының сайлауы өткізілді. Бұл ел өміріндегі басты қоғамдық саяси оқиғаға айналды. Бұл шараны аудандық мәслихаттың депутаттары өз сайлаушылары алдындағы үлкен жауапкершілігі мол іс ретінде қабылдап, ойдағыдай өткізді. Сайлау қорытындылары ашық та мөлдірлігімен заман қалап отырған демократиялық іс-тәжірибе қағидаларына толық сәйкес келетіндігін көрсетті. Аудандық мәслихат депутаттары 78 кандидаттың 26-сын 4 жылға қалалық, ауылдық округтердің әкімі етіп сайлады.
Өзім бірінші шақырылымынан бері хатшы болып келе жатқан аудандық мәслихат алдында тұрған басты міндет Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді сайлаушыларға жеткізе отырып, оның орындалуына ұйытқылық жасау. Ағымдағы жылғы 14 наурызда мәслихаттардың құрылып, жұмыс істей бастағанына 20 жыл толады. Бұл Отанымыздың бүгінгідей абыройлы биікке жету жолында жергілікті органның бір белесі десек, жөн болар. Атаулы күнді депутаттар мәслихат жұмысын одан әрі жетілдірудегі ізденістерімен қарсы алу ниетінде. Және Елбасы жүктеген Қазақстанның өркениетті 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі бірегей бастамасына өз үлестерін қосатынына сеніміміз мол.
Әділбай ТАЛҚАМБАЕВ,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының хатшысы.
Алматы облысы.