Аймақтар • 20 Қазан, 2021

Ірі инвесторлар ілкімді іс бастауында

204 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде ауқымды жобаларын іске асыруға ниетті және жүзеге асыра бастаған ірі инвес­торлармен кездесті.

Ірі инвесторлар ілкімді іс бастауында

Кездесу барысында аймақ басшы­сы жаңбырлатып суару жүйесі құ­рыл­ғыларын өндіретін Valley Kusto GB BV компаниясының, жылу оқ­шау­ла­ғыш құрылыс материал­да­рын шы­ға­руға маманданған «Техно­НИКОЛЬ» ком­паниясының, ұсақ мал етін өңдейтін «Бауманн» неміс ком­па­ниясының Zhetysu Koy ЖШС өкіл­дерімен жобаны іске асыру мәселесін егжей-тегжейлі талқылап, істі одан әрі ілгерілетуге қа­тысты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Кездесуге Премьер-Министрдің ке­ңесшісі Гүлбану Пазылхаирова қа­тысты. Облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу сулы өлке болғанымен ылғал сақтау технологиясының шаруашылық пен өндіріске аса қажет екенін айтты. Сондықтан жобаны жан-жақты қолдауға, мемлекет тарапынан көрсе­тілуге тиіс жәрдемді жасауға әзір екендігін білдірді.

Valley Kusto GB BV компа­ния­сының жобасы жайлы «Valmont Industries» компаниясының ТМД ел­дері бойынша бас директоры Кевин Миш қысқаша айтып берді. Ол ком­панияның Қазақстанға зауыт салуға мүдделі екенін жеткізді.

– Біз бүгінге дейін елдегі нарықты жан-жақты зерттедік. Қазір біздің команда осы зауыт жобасының даму жос­парын әзірлеп жатыр. Зауытты қай индустриалды аймаққа орналастыр­ған тиімді болатыны әзірге қарастыры­лу­да. Жақын арада бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан қаржылық, лицензиялық мәселелер­ді шешу жағынан қолдау көрсетіліп отыр, – деп атап өткен К.Миш облыс басшысының жылы қабылдауы мен қолдауына ниетіне ризашылығын жеткізді. Сол сияқты компания өз ма­ман­дарының біліктілігі жоғары бол­ғанын қалайтындықтан, жергілікті азаматтарды оқытып, үйретіп, жұмысқа қабылдайтын болады.

Өз кезегінде өңір басшысы Алматы облысының ерекшелігіне тоқта­лып, рес­публика көлеміндегі ауыл шаруа­шылығы өндірісінің 18-20 пайызы Жетісу өңіріне тиесілі екенін айтты. Ирригациялық желілер бұл өңірде 17 мың шақырымға созылып жатқанын тілге тиек етті.

– Мәселен, қант қызылшасы биыл 16 мың га жерге себілсе, алдағы уақыт­та Президенттің тапсырмасымен оны 52 мың гектарға жеткізіп, 2 млн тонна қант қызылшасын өндіру межеленіп отыр. Осы және басқа да дақылдарды өсіруде су қорын үнемді пайдаланып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Сонда су үнемдеп қана қоймай, өнімділік көлемін 3-4 есе көтере аламыз, – деді облыс әкімі.

Сол сияқты өңірдің Қытаймен шек­тесіп жатқаны да логистикалық жа­ғынан мол мүмкіндік беретінін еске салды. Және зауытқа қажетті бар­лық газ, су, электр, жол секілді инфра­құрылымдарды нысанға дейін облыс тартып беретінін айтты. Сонымен жақын арада қос тарап жобаны жан-жақты талқылап, егжей-тегжейін нақтылауға кіріспек.

Мұнан кейін облыс басшысы ре­сей­лік «ТехноНИКОЛЬ» компания­сының өкілдерімен бірнеше мәселені талқылады. «ТехноНИКОЛЬ-Орта­лық Азия» ЖШС бас дирекоры Нияз Сулейманов жобаны іске асыру ба­рысындағы шешімін күткен мәселелер жайлы баяндады. Жылу оқшаулайтын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт жобасына 43 млрд теңге инвестиция салынып отыр, мұнда 200 жұмыс орны құрылады. Талғар ауда­нындағы «Қайрат» индустриалды айма­ғында орналасатын жобаның іске асы­рылуы барысында инвестор «Жетісу» ӘКК-мен тығыз байланыс орнату тілегін жеткізді. Мемлекеттік сарап­­тамадан өткізу мерзімінің жылдам жүруі де жо­баны іске асыруда маңызды. Сон­дық­тан оған да мән берілмек. Өнер­кәсіп газ көлемін көп тұты­натын­дықтан, газ ауқымын мол алуға, электр желі­сіне рұқсат қағаздарын реттеуге де жер­гілікті әкімдіктің қолдауы қажет.

Өз кезегінде облыс әкімі А.Баталов зауыттың айналасын абаттандыру, көгал­дандыру ісін назардан тыс қал­дырмау керектігін айтты. Сонымен қа­тар облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа алдағы аптада су, газ, электр, байланыс, темір жол сияқты ма­ңызды салалардағы монополистерді жинап жиын өткізуді және оларды «бір терезе» қағидаты бойынша инвес­тордың барлық мәселелерін шешіп беруге жұмылдыруды тапсырды.

Келесі кезекте облыс әкімімен кездесуге «Бауманн» компаниясының Zhetysu Koy жобасына қатысты инвес­торлар келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жо­баны іске асыруға барлық мүм­кін­дік жасалуда. Зауыттың орналасатын же­ріне қатысты туындаған кейбір мәсе­лелер осы арада бірден шешімін тапты. Іле ауданы аумағында орналасатын, ұсақ мал етін өңдейтін, жаңа технологиямен жұмыс істейтін бұл теңдессіз кәсіпорынның облыс, тіпті ел экономикасы үшін маңызы ерекше болмақ.

Сол сияқты Ескелді ауданынан «Дүй­­сенбинов» және «Нам» шаруа қо­­жа­­­лықтарының жетекшілері Айдын Дүй­сенбинов пен Николай Гер­ман екі жоба ұсынып, мемлекет тара­пы­нан қолдау болса, бірі 200 бас­қа ар­налған ірі тауарлы сүт фер­ма­сын, екін­шісі маусымаралық мер­зімде кө­кө­ністерді сақтайтын жаңа тех­ноло­гияны қолдана отырып, қойма ашуға ниетті екендерін айтты. Бұл істе олар «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының қолдауына жүгін­бек.

Осы жиында А.Баталов 2014 жылы облыста сүт өндіру небары 14-15 па­йыз шамасында болғанын, қазір осындай шаруашылықтарды қолдау арқылы оның көлемі 30 пайызға жеткенін атап өтті. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын ырықтандыруға және өнім тапшылығын болдырмауға ықпал ете­тін заманауи қойма салу ісі де қолдауға тұрарлық екенін жеткізді. Панфилов ауданында жүгеріге арнап екі қырман салып, өнімнің төбесі жабық орында сақталуына мүмкіндік жасалғаны қазір шаруашылыққа өзінің оң әсерін тигізгенін еске салды.