Театр • 20 Қазан, 2021

Бас жүлде екеу болды

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында көрнекті театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Әшірбек Сығай атындағы республикалық театр фестивалінің қорытынды­сы шығарылды.

Бас жүлде екеу болды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған өнер байқауында түрлі жанр­дағы үздік қойылымдарын ұсынған 15 театр бақ сынаған болатын.

Ұйымдастырушылар Арқа төсінде алғаш өткен бұл өнер байқауында екі бірдей бас жүлдені тағайындады. Соны­мен, Әшірбек Сығай атындағы бірінші Гран-при жүлдесін Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы бойынша қойыл­ған спектакльмен көрерменнің және қазыл­ардың ықыласына бөленген Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекет­тік академиялық балалар мен жасөспірім­дер театры жеңіп алды.

Ал екінші Бас жүлде – Тәуелсіздік­тің 30 жылдығы атындағы Гран-при сый­лығы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қа­зақ драма театрына бұйырды. Өнер ұжымы бұл байқауда Ласло Дюрконың «Электра» трагедиясын көрерменнің назарына, қазы­лардың талқысына ұсынған болатын.

Бірінші жүлдеге «Ромео мен Джульет­та» қойылымы үшін Алматыдағы Мем­лек­еттік қуыршақ театры лайықты деп та­нылды. Жұмат Шанин атындағы Шым­кент қалалық театры QoraZ трагикомедиясы үшін екінші жүлдені жеңіп алса, үшінші орын «Ғажайып трагедиясы» пси­хологиялық драмасын сахналаған Семей қалалық «Дариға-ай!» жастар теат­рына берілді.

Фестивальдің «Үздік режиссері» ата­ғын «Найзағай» спектаклін сәтті шы­ғарған Дина Жұмабаева жеңіп алды. Ал осы спектакльдегі Тихон рөлі үшін «Үз­дік ер адам бейнесі» сыйлығы Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының әртісі Абзал Рәтбекке берілді.

Үздік әйел рөліне берілетін сыйлыққа С.Сейфуллин атындағы Қарағанды об­лыс­тық академиялық қазақ драма театры­ның өкілі Амира Омарова лайықты деп танылды. Актрисаға бұл сыйлық «Электра» трагедиясындағы Электра рө­лін сәтті сомдағаны үшін берілді.

Бикен Римова атындағы Талдықорған облыстық театрының «Қорғансыздың күні» спектаклі «Үздік сценография» жүл­десін алса, «Үздік актерлік ансамбль» сыйлығы «На встречу к мечте» спектаклі үшін К.Станиславский атындағы Қара­ғанды облыстық орыс драма театрына бұйырды.

Фестивальде Көкшетау орыс театры­ның актері Максим Михеев «Екінші пландағы үздік актер» атанса, «Екін­ші пландағы үздік актриса» жүлдесін Ә.Мәм­бетов атындағы мемлекеттік ­дра­ма және комедия театрының актриса­сы Ажар Шәкіржанова иемденді.

Сондай-ақ Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Еркежан Төлеубекке «Үздік эпизодтық рөл» сый­лығы, ал ерлер арасындағы дәл осындай жүлде І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актері Олжас Бекайдаровқа табыс етілді. Бұдан бөлек, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық театрына Әшірбек Сығайдың бір топ шәкірттері атынан тағайындалған жүлде берілді.

Арқа төсінде алты күнге созылған фес­тивальдің жабылу кешінде Қарағанды облысы әкімінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Рымбала Омарбекова байқауға қатысқан театр ұжымдарының барлығына өңір басшысы атынан «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табыс етті.