Ясауи хикметтері ағылшын тілінде жарық көрді
Кездейсоқ кездесіп жататын оқиғалар шыныменен кездейсоқтық па? Ойлап қарасақ кездейсоқтықтың өзі кейде заңдылық секілді болып та көрінеді. Сонымен, халқымыз үшін бір елеулі оқиғаға айналған сәтті кездейсоқтық 2011 жылы Саматбек Бөкебай атты азаматқа кездесіпті. Сол сәтті күні сәулетші Бөкебай Саматбек кездейсоқ бір кісілер әңгімесінің куәсі болып қалады. Иманжүзді, еуропа нәсілді бір әйел мен ер адам Астана қаласында, қасында қазақстандық азаматтар бар, сөйлесіп отырады. Әңгіме барысында өзіне қойған сұраққа әлгі әйел: «Мен сіздің бұл өтінішіңізді орындай алмаймын. Өйткені, мен мұсылмандықты қабылдаған, адал ойлап, адал сөйлеуге ант еткен адаммын. Ізгі істер істеуге, қайырым көмек көрсетуге бейім тұрамын. Мен сопылық жолға түскен мұсылманмын», деп жауап қатады. Шетелдік әйелдің бұл сөзі Саматбектің өмірге деген көзқарасына, тіршілігіне сәйкес болып шығады.Бұл азаматшаның орыс ұлтының өкілі емес екенін байқаған Саматбек сәті түскен шақта тіл қатады. Ол өзінің ағасы Әнуарбектің Қожа Ахмет бабаның хикметтерін көне түркі тілінде түсіну үшін ұзақ жылдар сол тілді үйренгенін әңгімелеп береді. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» атты еңбегін түп нұсқадан қазақ тіліне, сосын орыс тіліне аударғанын сөз етеді.
Бұлар ағылшын елінің Астанаға уақытша іссапарымен келіп жүрген азаматтары екен. Олар қазір мұсылман елі ретінде қазақ жұртын аралап жүргенін, енді Түркістан қаласына соғып еліне қайтқысы келетінін айтады.
Әңгімелесе келе бұлардың Қожа Ахмет еңбектерімен көп таныстығы жоқ екенін байқаған Саматбек оларға өзінің Түркістандағы ағасы Әнуарбекпен дидарласуды ұсынады.
Ағылшын азаматтары Түркістанға соғып, Бөкебай Әнуарбекпен танысып, Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің орысша нұсқасын алып еліне кетеді. Бір-екі айдан соң Вирве ханым Саматбекке телефон соғып рахметін айтады. Олар күйеуі екеуі (Трапман Джонотан) Қожа Ахмет хикметтерін ежіктей оқып, терең мағыналарына ой жүгірткенін айтып, сыр бөліседі. Бұл хабарды естіп бәріміз қуандық. Үлкен қуаныш алда екен. Көп ұзамай Вирве ханым тағы телефон соғып, егер Әнуарбек рұқсат етсе бұлар Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін ағылшын тіліне аударуға бел байлағандарын айтады. Трапман Вирве хикметтерді сөзбе-сөз аудару мүмкіндігі барын, ал күйеуі Трапман Джонотан оның аудармасын әдеби тілге бейімдейтінін жеткізеді. Саматбек ағасы Әнуарбектің өмірден өтіп кеткенін, бірақ бұл ұсынысқа қуана келісетінін, ағылшын тіліне аудару, кітап етіп басып шығару шығындарын өз мойнына алатынына сендіреді. Саматбек мырза «Диуани хикметтің» қазақ, орыс тіліндегі аудармасын «Сарыарқа» баспа үйінен 1000 дана таралыммен 2009, 2010 жылдары бастырып шығарған болатын. Біз Саматбек Бөкебай жөнінде де бір ауыз жылы сөз жалғаған орынды болар деп ойладық. Саматбек мырза кәсіби сәулетші ретінде жиырма жылдай Түркістан қаласының, Атырау облысының бас сәулетшісі жұмыстарын атқарып, кейін Астанада «ҚазАрхСтрой» атты ЖШС-ін құрды. Бұл серіктестік Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументі, «Астана Жұлдызы», Заң университеті, Бас прокуратураның ғимараты, шағын аудандар мен жеке тұрғын үйлер секілді сәулет туындыларымен танымал. Саматбек азамат ретінде көптеген қайырымдылық, ізгілік істердің басы-қасында жүр. Түркістан қаласының бас сәулетшісі қызметінде болған тұста бұрынғы Ленинград қаласындағы Эрмитаж мұражайынан қасиетті Тайқазанды алып келуге көп еңбек етті. Ақселеу Сейдімбек марқұмның аруағына арналған кеш ұйымдастырып, біраз естелік бұйымдар жасауға септігі тиді. Қойшығара Салғараұлының «Мүде хан» атты еңбегін баспадан шығарып, «Ортағасырлық түріктер» атты тарихи еңбегін түрік тіліне аудартып береді. Осыған бәрекелді деп жүргенде Саматбектің кездейсоқ кездесуі халқымызға, әлем халқына, мұсылман әлеміне: «Divine Wisdom. Divine Hikmet of Hoja Ahmed Yassawi» деген атпен Лондонда баба хикметтері ағылшын тілінде жарыққа шығып үлкен тарту болып отыр. Бұған қосар азғантай қосымшамыз бар. Марқұм Әнуарбек қажы көзі тірісінде бізге өзі аударған «Диуани хикметтің» қазақша нұсқасын ұсынып, пікірімізді білгісі келген еді. «Мен, Құл Қожа Ахмет Ясауи – алпыс үште кірдім жерге...» деген атпен жазылған мақаламызды Саматбек мырза ағылшындарға хикметпен қоса жіберген екен. Олар мақаланы ағылшын тіліне аударып, сөз етіп отырған кітап соңына беріпті. Жақын арада «Диуани хикмет» атты ағылшын тіліндегі кітаптың тұсаукесері Лондонда өтпек. Біздің де сол шараға шақырылып қаламыз ба деген үмітіміз бар. Аудармашылар Астанадағы елшіліктері арқылы «Divine Wisdom. Divine Hikmet of Hoja Ahmed Yassawi» кітабының бір данасын Нұрсұлтан Әбішұлына жолдағанын айтады. Олар енді «Диуани хикмет» кітабының тұсаукесерін Лондон қаласындағы Қазақ елі елшілігінде өткізуге әзірленіп жатқан көрінеді. Содан кейін бұл игі істі Астанадағы Ұлыбритания елшілігінде жалғастыруды мақсат етеді. Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.