20 Ақпан, 2014

Шымкенттен шыққан керуен

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеден одағына мүше елдер байланысын нығайта түсті «Уақыт – төреші» деген рас екен. Кеден одағын құру үш елдің экономикасы үшін барынша тиімді шешім болғанын уақыт дәлелдеп отыр. Ол үш елдің ішкі нарығында, сонымен бірге, сыртқы әлеммен де сауда айналымының елеулі түрде өсуіне, Еуразия кеңістігінде әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарғаны анық. Жалпы, қазіргі уақытта жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарымен күресіп, ілгері жылжу мақсатымен бүкіл әлем экономикалық одақтарға бірігіп жатқан шақта, шет қалып, жалғыз ғана даму аса қиынға соғары анық. Москва керуен 1 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оң­түс­тік­ке келген сапарында: «Қазір Кеден одағының арқасында Оңтүстік Қазақ­стан облысы ауылшаруашылық тауарларын Ресейге саудалап жатыр. Бұл үлкен мүмкіндік», деп облыстың бұл тұр­ғыда атқарып жатқан істеріне оң баға­сын берген-ді. Шынында, Кеден ода­­ғының аясында өткен жылдың қыр­күйек айында Мәскеу қаласында «І Оң­т­үстік Қазақстан облысы тауарлары жәр­мең­кесі» өтіп, өңірдің 30-дан астам ірі тауар өндірушілері өз өнімдерін баршаға паш етті. Ресейдің бас мегаполисінің тұр­ғын­дары Оңтүстіктің азық-түліктері мен өнімдеріне үлкен ықыласы мен ри­за­шылығын білдірді. Мәскеу облысы мен қаласы, Оңтүстік Қазақстан облы­сы үшжақты серіктестікті нығайту мақ­сатында мұндай жәрмеңкелерді жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдады. Аталған жоба қазақстандық тауар өнді­ру­шілердің өнімінің Мәскеу нарығына дел­далсыз шығуына ықпал етеді. Сондай-ақ, Кеден одағына мүше елдермен аймақ­аралық ынтымақтастықты дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында оңтүстікқазақстандық делегация Мәскеу, Қазан және Екатерин­бург қалаларында екіжақты бизнес құ­ры­лымының қатысуымен дөңгелек үстел, екіжақты кездесулер өткізіп, осы қалалардағы индустриялық нысандарды аралап, тәжірибе алмасты. «Шынын айту керек, бұрын-соңды Мәскеу төрінде Қазақстан мұндай жәрмеңке өткізбеген еді. Ал Белоруссия мұндай мүмкіндікті кеңінен пайдалануда екен. Бұл жәрмеңке жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін Кеден одағы нарығына, оның ішінде Мәскеуге шығаруына, әрі кәсібін дамыту үшін маңызды экономикалық қадам болғаны анық», дейді бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов. Дастарқаны дәмге, даласы еңбек пен әнге толы берекелі Оңтүстік халқы 2013 жылды үлкен табыс­пен аяқтады. Яғни 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында көкөніс, бақша, картоп өнімдерінен 2,2 млн. тонна өнім жиналып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 250,0 мың тоннаға, ал 1991 жылмен салыстырғанда 6 есеге артып отыр. Кеңес дәуірі кезінде жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көлемі 26 мың гектар болса, бүгінгі күні 30,0 мың гектарды құрап, 163,0 мың тонна өнім жиналды. 2012-2013 жылдары өнімділігі жоғары 250 гектар аласа бойлы, 2100 гектар жартылай аласа бойлы, бір жылда өнім беретін интенсивті алма баулары отырғызылып, мол өнім алынуда. Айта кететін жағдай, интенсивті алма бау­ларынан табыс мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бүгінгі күнге табысы ең көп болып отырған бақшадан 10 есеге артық алынады. Міне, осылайша облыстың ауыл­шаруашылық тауар өндірушілері алған мол өнімдерін Астана, Алматы қалаларына, республиканың солтүстік өңірлеріне және Ресей, Еуропа, ТМД елдеріне жөнелтіп, халықтың ризашылықтарына бөленуде. Өткен жылдың қаңтар-қазан айларында жалпы көлемі 240,3 млн. АҚШ долларын құрайтын ауылшаруашылық өнімдері экспортталып, арғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға артты. Әрине, Шымкенттен шыққан бір керуенмен Кеден одағының тынысы кеңейіп, үш ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келісіміз дамып кетті, бәрі шешілді деп айтуға болмайды. Бұл керуен арқылы Оңтүстіктің басқа елдерге сауда-саттық жасауына даңғыл жол ашы­л­ды, экономикалық тұрғыдан сәтті қа­дам жасалды. Әйтсе де, тек ауыл­шаруа­шылық өнімдерін саудалауды ғана қана­ғат тұтпай, Одаққа біріккен елдердің кәсіпкер­ле­рі өзара бас қосып, кәсіпорын ашуға ұмтылулары қажет. Бұл үрдіс бірлескен кәсіпорындардың көбеюіне ықпал етеді. Және елде тұралап қалған жеңіл өнеркәсіп саласына жан бітіруі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Кеден одағы ұсынатын жаңа мүмкіндіктер энергетика, мұнай-химия, көлік және логистика, ауыл шаруа­шылығы, коммуникация, фармацевтика бағытында бірлескен өндіріс орындарын ашуға септігін тигізе бастады. Яғни, бұл байланыстың болашағы зор деген сөз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.